![Жандос Әубәкір: Мақсатымыз – жаңа буын абайтанушыларды қалыптастыру](/media/2025/01/29/abaytanushymen-sukhbat.-ghylym-1.jpg)
– «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институтының жұмысы туралы айтып өтсеңіз. Осыған дейін қандай жобалар іске асырылды? Негізгі мақсат-міндеттеріңіз не?
– 2019 жылы халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институты құрылды. Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген стратегиялық маңызы жоғары міндеттерді орындау – академияның негізгі бағыты. Ал «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары», «Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бағыттары бойынша ақынның тұлғасы мен мұрасын жаңа заман контекстінде зерттеу, Абайтанумен айналысатын ғылыми зерттеу орталықтарын академия төңірегіне топтастыру, Абайды – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға ретінде насихаттау, абайтанудың жаңа буын мамандарын қалыптастыру – басты мақсатымыз.
Қысқаша ғана атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, академия осыған дейін арнайы сериялармен 90 ғылыми-танымдық кітап дайындап, жарыққа шығарды. Бұл жалаң цифр емес. «Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы», «Абай шығармаларының тілі және қазіргі тіл білімінің өзекті мәселелері», «Абайдың шығармашылық мұрасының тарихи-этнографиялық контексі», «Абай мұрасы және қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары», «Абай шығармашылығы және қазіргі Қазақстанның мәдениетаралық ынтымақтастығы», «Абайдың қоғамдық-саяси көзқарастары және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы», «Абай мұрасы контексінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру», «Абай дүниетанымы және қазіргі қоғамдағы діннің рөлі», «Абай дүниетанымының этика-философиялық көзқарастары», «Абайдың «Толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңғырту», «Абайдың дүниетанымы және қазіргі өркениетті қоғам идеологиясы» т.б арнайы 15 бағыттан тұратын зерттеу еңбектердің барлығы да жаңашылдығымен, абайтанудың өзекті тақырыптарына арнайы жазылған даралығымен ерекшеленеді. Осы «Абай академиясы» жобасы бойынша жарық көрген еңбектердің авторлары – елімізге танымал белгілі абайтанушы, әдебиеттанушы ғалымдар. Абай мұрасына арналған осындай ауқымды жоба елімізде бұрын-соңды болмағандығының өзі академия жұмыстарының басты жаңалығын айқындай түседі. Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын елдік мұраттың темірқазығы ретінде таныту, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек ретінде насихаттау бағытында 30 әлеуметтік-танымдық кейс дайындалды. Сондай-ақ «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» бағытымен арнайы салалар бойынша еліміздің барлық 17 облысында және республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені әзірленді. Онда көрнекті абайтанушы ғалымдардың академиялық бейнедәрістер топтамасы, Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттайтын онлайн кітапхана, ақын қарасөздерінің аудиоқоры, «Толық адам» концепциясы бойынша Абай шығармаларының бейнеқоры, ғылыми-танымдық мақалалар топтамасы, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбындағы ақынның даналық сөздерінің жиынтығы әзірленді. Сонымен қатар шетелдерде Абай орталықтарын ашу ісінен де тысқары қалмадық. Олардың ашылуына септігімізді тигізіп, салтанатты жиындарға қатысып, академия кітаптарын түрлі мемлекетте насихаттап жүрміз. Болашақта да алыс-жақын шетелдердегі «Абай іскерлік-үйлерімен» қарым-қатынасымыз дами беретіндігі сөзсіз.
– Институт тарапынан ғалымдары мен зерттеушілері үшін қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
– «Абай академиясы» ҒЗИ 2020 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өз қаржыландыруымен зерттеу жұмыстарын жүзеге асырса, 2021-2024 жылдар аралығында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы негізінде арнайы жобаны орындады. Бұл қысқа мерзімдегі жеткен жетістіктеріміз – мемлекеттік дәрежедегі қолдаудың үлкен нәтижесі. Осы уақыт аралығында қаншама сүбелі зерттеу еңбектер жазылып, жарық көрді. Абайтану саласына жаңа зерттеушілер қосылды. Бұл абайтанудың жаңа бір кезеңінің нәтижелі де іргелі бастамасы болды. Болашақта да осындай қолдау жалғасын табарына сенеміз.
– Жандос аға, Абайтану – күрделі әрі терең ғылым. Хакім мұрасын зерделеуге не түрткі болды?
– Өзім Шыңғыстауда, Абай туған елде дүниеге келгендіктен ақын мұрасы маған өте ыстық. Көкбай атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдап, Семей қаласындағы қазіргі Шәкәрім атындағы университетке оқуға түстім. Сол жылдары Абай мұрасына қатысты әжем Шәрбан Ботағазықызынан жазып алған естелік-әңгімелерім облыстық газеттерде басылды. Студенттік шағымнан бастап, республикалық конференцияларда Абайдың ақын шәкірттері туралы баяндама жасап, ғылыми мақалаларым түрлі жинақтарға ене бастады. Сол уақытта ұстазым, белгілі ғалым Арап Еспенбетов Көкбай тақырыбын терең зерттеу қажеттігін ұсынды. 1999 жылы «Көкбай Жанатайұлының әдеби мұрасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. «Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін» басқарған кезеңде де хакім мұрасы – зерттеуіміздің негізгі нысанасы еді. 2021 жылдан басталған «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институтының директоры қызметім де тікелей Абайдың мұрасы бағытында. Яғни қазіргі таңда хакім өмірі мен шығармашылығын зерделеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Себебі ұлы ақынның өсиет-өнегесін насихаттау – қасиетті борышымыз.
– Осы орайда алғашқы абайтанушылардың бірі Қайым Мұхамедханұлынан бата алған сәтіңіз туралы баяндап беріңізші.
– Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында, абайтану саласында Мұхтар Әуезовтің адал шәкірті, ғалым, қаламгер Қайым Мұхамедханұлының орны айрықша екені баршаға аян. Семей мемлекеттік университетіне түскеннен бастап, осы ұлы ұстазбен бір дидарласып, ақыл-кеңесін тыңдап, батасын алсам ғой деп армандайтынмын. Ол кісі университетте дәріс беретін. Алайда біз оқуға түскен кездері Қайым ағаны Абайдың 150 жылдық мерейтойының дайындығына, яғни Абай шығармаларының екі томдық академиялық жинағын құрастыру ісіне және «Абай» энциклопедиясын шығарушылар алқасына кеңес беру, редакциялық басқару мақсатында арнайы Алматыға Ғылым академиясына шақырылған еді. Осылайша, біз Қайым ағаның дәрісін тыңдай алмадық. Жылдар жылжып өте берді. Университетті тәмамдап, аспирантураға түскен соң, Көкбай ақынның әдеби мұрасын зерттеуге кірістім. Архив деректерін жинақтау мақсатында Алматы қаласына ғылыми іс-сапармен келіп жүрдім. Ойымда Қайым ағаға жолығып қалар ма екенмін, Көкбай туралы жазғандарынан бөлек, өзге де естелік, тың мағлұматтары бар ма екен, сол жөнінде сөйлессем ғой деп жүрдім. Бір күні М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қолжазбалар қорында әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайды жолықтырдым. Ол кісіге ойымдағы арманымды да жеткіздім. Тұрсын аға ұсыныс, тілегімді қуана, оң қабылдап: «Көкбайды зерттейтін адам ең бірінші Қайымның ақыл-кеңесін алуы керек. Жассың. Мұхамедхановтың батасын алсаң, жолың да ашылады. Жүр, кеттік», деп Алматының жоғарғы жағындағы еңселі көпқабатты үйде тұратын Қайым ағаға ертіп барды. Ол кісі бізді қуана қабылдады. Тұрсын ағаны ерекше сағынып қалғанын байқадым. Абай, оның әдеби ортасы, Мұхтар Әуезов, өзге де ұлы ақынға қатысты зерттеуші ғалымдар жөнінде сүбелі әңгімелер айтылып, Тұрсын ағаға сырын ақтарды. Маған да біраз ақыл-кеңесін айтты. Көкбайдың шығармашылығын жеке диссертациялық жұмыс ретінде қарастырып жатқанымызға оң пейілін білдірді. Ең бастысы, Қайым ағаның ақ батасын алдым.
– Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай осы жылы қандай іс-шаралар атқарылмақ?
– «Абай академиясы» ақын мұрасын зерттеуді атаулы кезеңдерде ғана емес, күнделікті уақытта да назарынан тыс қалдырмайды. Әйтсе де, биылғы 180 жылдық мерейтой кезі ауқымды жұмыстардың атқарылуымен ерекшеленетіні сөзсіз. Ең негізгісі, осы жылы абайтанушы ғалымдар жөніндегі үлкен сараптамалық еңбекті дайындау үстіндеміз. Одан бөлек, еліміздегі және шетелдегі «Абай» орталықтарымен біріккен іс-шаралар ұйымдастырылады. Биыл әлемнің әр түкпіріндегі «Аbai uii» мәдени-іскерлік үйлерімен байланыс жандана түсіп, кешенді жобалар жоспарланып отыр. Белгілі қылқалам шеберлерінің Абайға, қазақ қоғамына қатысты суреттері қоса берілген «Абай даналығы» атты альбом-кітап енді тек қазақ тілінде ғана емес, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жарыққа шықпақ. Осы альбомның таныстырылымын бірнеше мемлекетте өткізбекпіз. Бұл – 180 жылдық мерейтой кезіндегі ізгі шаралардың бірі болары анық. Бұдан бөлек, «Abai TV» арнасымен өзара меморандумның негізінде Абайға қатысты тарихи жерлер туралы арнайы жобаны бірлесіп дайындап, «Абай академиясы» сериясымен шыққан ғылыми-танымдық еңбектер бойынша хакім мұрасын зерттеуші ғалымдардың дәрістерін ел назарына ұсынамыз. Мемлекет басшысы: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек», деп нақты тапсырма бергендіктен, 2025 жылы «Абай академиясы» «Толық адам» ілімін зерттеу бағытында ғана емес, жан-жақты насихаттау жұмыстарын да жандандыра түспек. Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасына талдау жүргізу арқылы заманауи мультимедиялық технологияларды қолдана отырып, «Толық адам» ғылыми-танымдық кешенін қалың жұртшылыққа таныстыру жоспарланып отыр. Халықаралық конференциялар, симпозиумдар мен дөңгелек үстелдер, тақырыптық семинарлар мен кездесулер өткізу де назардан тыс қалмақ емес. Абайды әділетті Қазақстанның бренді ретінде кеңінен таныстыру бағытында «Абай академиясы» өз жұмысын әрі де жан-жақты жалғастыра бермек. Бұл – біздің, бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бекзат ҚҰЛШАР,
«Egemen Qazaqstan»