Фото: Ерқанат Көпжасарұлының жеке мұрағатынан
Құжатты әзірлеу жұмысына ғылыми зерттеу институттары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, сарапшылар және Конституциялық комиссия мүшелері белсенді қатысты. Олар өз ұсыныстары мен пікірлерін енгізіп, жобаны жетілдіруге үлес қосты. Комиссия отырыстарында әрбір бап мұқият қаралып, жан-жақты талқыланды.
Кез келген Конституцияның басты мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Жаңа Ата заңда бұл қағида толық сақталып қана қоймай, заң мен тәртіп ұғымына айрықша мән берілді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілігі де нақты айқындалды. Әлеуметтік мемлекет ретінде биліктің негізгі міндеттері нақтыланып, мемлекеттік биліктің бір адамның қолына шоғырлануына жол бермейтін конституциялық кепілдіктер күшейтілді. Соның ішінде бір адамның Президент лауазымына бір реттен артық сайлануына тыйым салынды.
Заң мен тәртіп қағидатының Конституцияда ерекше орын алуы – маңызды жаңалықтардың бірі. Заң алдында барлық азаматтың тең болуы – әділетті қоғамның басты қағидаты. Ал әділеттілік заңның мүлтіксіз сақталуы, оның күнделікті өмірде нақты жүзеге асырылуы арқылы қамтамасыз етіледі.
Жаңа Конституцияда мемлекеттің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігі де айқын көрініс тапқан. Соның ішінде білім мен ғылымның конституциялық деңгейде бекітілуі – ең маңызды жаңалықтардың бірі. Себебі әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесінде «голланд синдромы» деген ұғым бар. Бұл – экономиканың табиғи ресурстарға шамадан тыс тәуелді болып қалуын білдіреді. Жаңа Конституция осы тәуелділіктен біртіндеп арылып, елдің дамуын білімге, ғылымға және инновацияға негіздеу бағытын айқындайды.
Бүгінде Қазақстан цифрландыру саласында ТМД кеңістігіндегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі саналады және әлемдегі цифрлық даму деңгейі жоғары алғашқы жиырма бес елдің қатарына кіреді. Жасанды интеллект бағытында да Орталық Азиядағы көшбасшы елдердің біріне айналып келеді. Алдағы уақытта елімізде ірі суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу жоспарланған. Сондықтан ғылым мен білімнің Конституцияда көрініс табуының басты мақсаты – болашақ ұрпақты табиғи байлыққа ғана сүйенетін емес, академиялық білімге, ғылымға және заманауи технологияларға негізделген қоғамда тәрбиелеу.
Жаңа Конституцияда экология мәселесіне де ерекше назар аударылған. Бүгінде әлемде климаттың өзгеруі, су тапшылығы, өзен-көлдер деңгейінің төмендеуі секілді экологиялық мәселелер барған сайын өзекті болып тұр. Осыған байланысты Ата заңда табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілік қағидаттары да көрініс тапты. Бұл – бүгін күшіне енген Конституцияның тек қазіргі кезеңнің ғана емес, болашақ ұрпақтың мүддесін көздейтін, мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына негіз болатын маңызды стратегиялық құжат екенін көрсетеді.
Ерқанат КӨПЖАСАРҰЛЫ,
журналист, Конституциялық комиссия мүшесі