Таным • Кеше

Сағыныш

1 мин
оқу үшін

Ауылға асығып келемін. Сағынышқа толған жүрегім еркінен тыс дүк-дүк балға ұрғандай соғады. Бір сәт көз алдыма марқұм анамның мені күтіп жол қарап жүретін бейнесі елестейді. Көрші Егінбай әкемнің немересін алдына алып, ыңылдап ән салып отыратыны да, құрдасым Арманның ақжарма күлкісі де есімнен кетпейді.

Сағыныш

Сурет: vk.com

Бәрі де күні кешегідей көкірегімде сайрап тұр. Көңіл құрғыр елжіре-е-еп-ақ кетеді. Ағамның ескі көлігіне мінген едім. Тасбақа секілді жүрісі өнбейді. Есігі шиқылдап, ілбіп келеді. Ұзыннан сұлаған қара жолдың шеті ұзақ. Құдды біздің ауыл алыстап кеткендей.

Шіліңгір шілде. Күн ыстық. Қазір ауылдағы балалар Қабырғаға шомылып жатқан шығар, ә! Әлде шөп шауып жүр ме екен? Ойыма балалық шағымнан үзік-үзік суреттер оралады. Ақбас атам, әжем, Ақатай... бәрі жиы­лып мені күтіп тұрғандай сезіледі. Алайда олардан мен жырақ, жо-жоо-жоқ, олар менен жырақтағалы қашан...

Ауылға да  кірдік. Көзіме бірден құлаған үйлер, олардың қаңырап қалған қабырғалары шалынды. Бейнебір соғыс болған жерден аумайды. Көліктен түсе ауылдас жігітке жолықтым. Құшақтасып жатырмыз…

– Астанада не жаңалық бар, демалыс па?

– Иә. Амандық. Бәрі жақсы.

– Өздерің қалай? Не істеп жүрсіңдер?

– Қолымыз бос. Кәсіп жоқ. Сенделіс...

Тағы бірдеңе айтқан секілді. Естімедім. Естігім де келмеді. Біртүрлі көңілім құлазып кетті.

Соңғы жаңалықтар