Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ мемлекеттілігінің көпғасырлық тарихын кеңінен насихаттау, ғылыми тұрғыдан зерделеу және тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, сондай-ақ 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституцияның қабылдануына орай жүзеге асырылды.
Ата заңдағы басты жаңашылдықтың бірі – Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы туралы қағида. Салтанатты жиында Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат ауқымды экспозиция осы ұстанымның іс жүзіндегі көрінісі екенін айтты.
«Қазақстанның тарихи карталар галереясының, кәдесый және қолөнер аймақтарының салтанатты тұсаукесері жаңа Конституцияның күшіне енуімен тұспа-тұс келіп отыр, демек оның мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы ерекше. Бұл – жаңа Конституциядағы Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы туралы негізгі қағидалардың іс жүзіндегі алғашқы көрінісі. Мемлекет басшысы еліміздің тарихына терең әрі жауапкершілікпен қараудың маңызын үнемі атап өтеді. Президент ұлы дәуірлерге жүгіну бос пікірталастардың немесе тарихи үлгілерді механикалық түрде қайталаудың құралы емес, бүгінгі дамуға серпін беретін таным мен жасампаздықтың қайнар көзі болуға тиіс екенін бірнеше рет айтты. Тарих қоғамның өзін тереңірек тануына, ұлттық бірегейлікті нығайтуға, өткеннен тағылым алып, болашақтың сын-қатерлеріне сенімді жауап беруіне ықпал еткен жағдайда ғана шынайы құндылыққа ие болады», деді ол.

Қазақстанның тарихи карталар галереясының негізін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың іргелі ғылыми зерттеулері құрады. Бұған дейін ғалым Мемлекет басшысына «Тарих ағынындағы Қазақстанның үздіксіз мемлекеттілігі. XVI–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты еңбегін таныстырған еді. Онда Президент ғылыми еңбекті жоғары бағалап, оның нәтижелерін көпшілік арасында кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
«Президенттік орталық – мемлекет тарихы, конституциялық даму, саяси мәдениет пен ұлттық құндылықтар өзара сабақтасқан біртұтас кеңістік. Сондықтан дәл осы жерде еліміздің тарихи карталар галереясының орналасуы оны зияткерлік, білім, дипломатиялық және мемлекеттік алаңға айналдырады. Сондай-ақ бұл тарихты жүйелеуге, цифрландыруға, сақтауға, кеңінен танытуға бағытталған қадам. Галерея – елдің терең тарихи тамырын, кеңістіктік сабақтастығын және бай мемлекеттік дәстүрін айқын көрсететін көрнекі әрі құжаттық айғақ. Қуатты мемлекет өз тамырын біледі, жауапкершілігін терең сезінеді әрі болашаққа сеніммен қарайды», деді М.Сыдықназаров.
Галереяның бірегейлігі сол, мұнда XI-XIX ғасырлардағы белгілі араб, еуропалық және ресейлік саяхатшылар мен зерттеушілердің тарихи карталары топтастырылған. Көне жәдігерлер қазақ мемлекеттілігінің ғасырлар бойғы эволюциясын көрнекі түрде бейнелейді. Жоба мемлекеттілігіміздің ежелгі дәстүрлері мен қазіргі заман арасындағы ғылыми-білім көпіріне айналып, осы баға жетпес мұраны ғалымдар, жұртшылық және келешек ұрпақ үшін қолжетімді етуді мақсат етеді.

Іс-шара аясында бірегей қолөнер аймақтары да ашылды. Онда еліміздің жетекші шеберлері – танымал зергер Берік Әлібай мен әскери тарих саласының белгілі маманы, этнограф-қарутанушы Қалиолла Ахметжан қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің бірегей туындыларын ұсынды.
Қазақстанның тарихи карталар галереясының, кәдесый және қолөнер аймақтарының бір жоба аясында таныстырылуы ұлттық мемлекеттіліктің көпғасырлық тарихы мен халқымыздың өміршең мәдени мұрасының өзара ажырамас байланысын айшықтайды әрі оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Тұсаукесер рәсіміне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиялық қауымдастықтың танымал ғалымдары мен сарапшылары, дипломатиялық корпустың, мәдениет және білім салаларының өкілдері қатысты.