Қоғам • Бүгін, 08:45

Жұртшылық қолдаған игі бастамалар

10 мин
оқу үшін

Отбасы институтын нығайтып, азаматтық қоғамды дамытуға, саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелеуге тек мемлекет емес, әрбір азамат мүдделі болуы тиіс. Сонда ғана елдің бірлігі бекем, ертеңіміз баянды болмақ. Осы мақсатқа жұмылған «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамалары өміршең, қолға алған жобалары ауқымды екенін біз де аңғардық.

Жұртшылық қолдаған игі бастамалар

Ауқымды дейтініміз, осыдан бес жыл бұрын құрылған қоғамдық бірлестіктің бүгінде барлық дерлік өңірде бөлімшелері бар. Онда облыстағы әлеуметтік мәселелерден хабары бар, ел, ұлт тағдырына бейжай қарамайтын, жанашыр тұлғалар топтасқан. Ұйым осындай азаматтардың жетекшілігімен бүгінге дейін ағартушылық бағытты әлеуметтік жобалармен қатар алып келеді.  Мысалы, бүгінге дейін бірлестіктің жанашырлары 20-дан астам ірі әлеуметтік жобаны іске асырса, биыл тағы 10 жобаны үйлестіруге кіріскен. Ұйымның негізгі мақсатының бірі – қоғамдағы азаматтық жауапкершілікті нығайтумен байланысты болса, оның ішіне отбасындағы тәрбие, саналы азамат, жауапты тұлға тәрбиелеу ұстанымы бәрі-бәрі кіреді. Қоғамдық бірлестіктің қалай құрылғаны, нендей жұмыстарға бастамашы болғаны туралы ұйымның негізін қалаушы, қоғам қайраткері Нұркен Асановтан сұрадық.

– Қоғамдық бірлестіктің құрылуына еліміздегі ата-ана мен бала қарым-қатынасы түрткі болғанымен, отбасы тақырыбы біздің үлкен жұмыстың бір бағыты ғана. Мәселен, біз кейінгі жылдары қазақ азаматының тұжырымдамасын жазып шығуға жұмыстандық, түйткілдерді айналып өтпейміз. «Саналы қоғам – сапалы мемлекет» ұстанымын қолдаймыз. Қазақ азаматының тұжырымдамасын түгендеу дегенді жай ұран ретінде емес, іспен көрсетуге ниеттіміз. Әрине, қазақ азаматының үлгісін Мәшһүр Жүсіп, Абай Құнанбайұлы секілді ойшылдар, беріде Алаш зиялылары айқындап берді. Енді біз солардан қажетімізді алуға тиіспіз деп ойлаймын, – дейді Н. Асанов.

Бес жылда қоғамдық бірлестіктің мүшелері ата-аналарға ұстанымдарын жеткізіп, ақпарат ағынында, ағартушылық бағытта талай жұмыс үйлескен. Педагогика, психология, Алаш зиялылары туралы кесек-кесек дүниелерді топтастырып, 11 жинақ шығарған. Оны мектептерге, мұғалімдерге тегін таратыпты. Ұйымның өңірдегі бөлімшелері осындай жұмыстарды, қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыра жүріп, бірлестіктің бес бағыт бойынша тұжырымдамасын әзірлеуге үн қосқан.  Яғни, әр облыстағы әлеуметтік ахуалды, ата-аналардың, балалардың сұранысын зерделеген, сүзгіден өткізген. Осылайша, әр өңірдің бөлімше басшылары өз алдына бөлек тұжырымдама әзірлеген. Өйткені, бір облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ушығып тұрса, басқа аймақтарда әлімжеттік, қылмыс көбейген болуы мүмкін. Дәл сол секілді ауыл мен қалада айырмашылық болатыны түсінікті. Қоғамдық бірлестіктің өкілдері өңірлерде жанашыр азаматтардың көп екенін алға тартады. «Сенімен болашақ» ұйымының ұстанымын қолдап, қатарға қосылған азаматтардың саны – 160 мыңға таяғаны осыған дәлел болатындай.

– Қызылордада репродуктивті денсаулық мәселесіне қатысты ұйымдастырған жобамызға жүздеген жас қатысты. Өйткені, осы тақырыпты отбасында ашып айту мәселесі бізде әлі қиын. Іс-шарада гинеколог пен уролог мамандар жастарға кеңес берді. Сол секілді біздің қызметкерлеріміз балалар үйіне де барып тұрады. Біздің жанашырларымыз, филиалдың директорлары, психологтар балалармен алғаш жүздескенде жеткіншектердің ашылып сөйлеспегенін ескеріп, апта сайын қайырылатын болды. Балалармен тамақ әзірлеп, ойын ойнауды, іс-шараларға қатысып, табиғат аясына шығуды дағдыға айналдырды. Шүкір, елімізде жетім балалардың материалдық жағдайы жақсы деп айта аламыз. Оларға мейірім, жанашырлық жетпейді. Бірлестіктің мамандары ата-ананың орынын баса алмаса да балалардың жүрегіне жылу құйып, ізгіліктің дәнін себуге тырысып жүр, – дейді Нұркен Асанов жұмыстың бір бағытын баяндап.

Павлодар облысы Тереңкөл ауданына қарасты Қызылтаң деген шағын ауылдың саябағына ағаш егіп, абаттандыруға алғаш болып кіріскен де осы бірлестіктің белсенді азаматтары екен. Ізінше, шағын ғана топтың әрекетіне сүйсінген ауыл азаматтары сол саябақтың жоқ-жітігін түгендеуге өздері де білек сыбана кіріскен. Қазір осы секілді және өзге де игі бастамалар бірнеше өңірде жалғасып келеді.

Балалардың құқығын қорғау бағытындағы жауапты жұмыстың бірін «Сенімен Болашақ» РҚБ тәжірибелі психологтері өз құзырына алған. Олар Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ұсынысымен отбасылық дауларды зерделейді. Бірлестіктің психологтері сот отырыстарына биыл наурыз айынан қатыса бастаса, бүгінге дейін соттан келген 70-тен астам талап-арызды зерделеп, ұсынып үлгерген. Оның ішінде баланың тұрғылықты жерін анықтау, әкесімен немесе анасымен кездесу уақыты, ата-ана құқығынан айыру секілді өзге де істерді қараған. Тіпті, қоғамдық бірлестіктің бір психологы үнемі сол сот ғимаратында отырады екен. Осы тақырып жөнінде «Сенімен Болашақ» РҚБ «Саналы ата-ана академиясының»  психологі Камила Тоқжұмановадан егжей-тегжей сұрадық. Кейіпкеріміз ата-ана мен бала қарым-қатынасы жөнінде сарапшы екен.

– Бізге соттың хатшысы талап-арызды және оның анықтамасын жібереді. Онда іске қатысты нақты сұрақтарға өз тарапымыздан шешім ұсыну сұралады.  Яғни, біз сол сұрақтарға сәйкес зерттеуімізді жүргізіп, келесі сот отырысына дейін қорытындысын шығарамыз. Бізге келген 70 істің артында сол саннан да көп адамның тағдыры тұрған соң, нақты фактілерге, зерттеулерге сүйеніп шешім ұсынамыз. Одан әрі сот біздің ұсынымызды ескеріп, соңғы шешімді өзі шығарды. Ал біз зерттеу жүргізгенде ең әуелі баланың, ата-ананың, туыстардың құқықтары бар екенін де қаперде ұстаймыз, – дейді К. Тоқжұманова. 

Психолог маман құқық туралы айтақанда ажырасқан отбасындағы баламен аптасына немесе айына қауышып тұруға ата-ананың ғана емес, ата-әженің де құқығы бар екенін айтып қалды. Бірақ, осындай шешімдерді шығарарда ең бірінші баланың қалауы ескеріледі. Бұдан әрі біз психологтан баланың кіммен тұруға ниетті екенін қалай анықтайтынын сұрадық. Себебі бала екінші адамның нұсқауымен жалған пікір айтуы мүмкін. Сосын, тілі шықпаған, дамуында кедергі бар баланың құқығы қалай ескеріледі деген сауал алаңдатты. 

–Осындайда біз ерлі-зайыптыны, балаларды, қажет болса ата-әжесін шақырамыз. Сосын, әкесін, анасын, балалардың өзін кезекпен қабылдап, сөйлесеміз. Әуелі ерлі-зайыптылар не үшін ажырасты, бала қайда тұрып жатыр, оның материалдық жағдайын кім қамтамасыз етеді бәрін-бәрін сұрап аламыз. Одан әрі өзіміздің әдіспен баланың жасына қарай жеке-жеке пікірлесеміз. Егер бала кіші, ойын жеткізе алмаса немесе дамуында ақау болса олардан ойын ойнау арқылы ақпарат аламыз. Жасы үлкен балалардың қалауын нақты білу үшін проактивті әдіспен тест жүргіземіз. Бұның артықшылығы – бала жалған сөйлеп, айласын асыра алмайды. Себебі тест сұрақтарынан бөлек, сауалнама немесе сурет салу тағысын-тағы бірнеше бағытта зерттеулер жүргіземіз, – деп жауап берді Камила Тоқжұманова.

Кәсіби психологтердің артықшылығы, олар балаларды көңілге қаяу түсіретін ауыр сұрақтармен әурелемейді. «Анаң ұрды ма, әкең соқты ма» немесе «Анаңмен тұрасың ба, әлде әкеңмен бе» деп ауыр, төте сұрақтарды мүлде қоймайды. Барлық сұрақтың жауабын өте мұқият, баланың психологиясына әсер етпейтін ғылыми әдістермен біліп алады. Тіпті, кейбір балаларға ата-анасының ажырасып жатқаны туралы тіс жармайтын кездер де болады екен. Отбасындағы араздықтың соңы ажырасуға ұласып жататын сәттерде психологтар әркез баланың қалауын ескереді, баланың шешімін құптайды. Тақырыпқа індетіп үңіле берсек, жазғанымызды бір мақалаға сыйдыра алмасымыз анық. Бір артықшылығы дейміз бе, осындай сот отырыстары «Сенімен Болашақ» бірлестігі үшін жалпы елдегі, әлеуметтік жағдайдан, отбасылық мәселелерден хабар береді. Әрине, жекелеген тұлғалардың ісі жариялауға жатпайтын ақпарат екенін ескерсек, жалпы жағдай туралы хабардың өзі жұмыс бағытын айқындауға септігін тигізеді. Мысалы, қазір ажырасудан кейін балалардың әкесінің қолында қалатын жағдайлар жиілеген. Соттың шығарған тағы бір статистикасы, бүгінде ажырасудың бірден-бір себебі отбасындағы қаржылық қиындықтардан туындайды екен. Оның ішінде лудомания, нашақорлық, ішкілікке салыну, қаржылық сауатсыздық секілді себептер де бар. Сосын, ажырасуға дәм-тұзы жараспаған жастар ғана емес, көпбалалы, отасқандарына 20 жылдан асқан ерлі-зайыптылар да жиі келетін болған. Мұндайда «Сенімен болашақ» бірлестігінің психологтары қолдан келсе отбасыларды табыстыруға тырысады. Жалпы, ұйымның психологтары барлық өңірде сот істеріне араласпағанымен ата-аналармен, балалармен жиі жүздесіп, тіл табыстыруға көмегін аянып қалмайды. «Сенімен болашақ» РҚБ басшысы Нұркен Асановтың өзі де осымен тоқтап қалмай, бірлестіктің жобаларын толықтырып, тың бастамаларды қолға алатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар