Тұлға • Бүгін, 08:33

Өз өрнегін тапқан ақын

6 мин
оқу үшін

Ақылбек ақынды өзінің туып-өскен Тобыл-Торғай өңірі баяғыда мойындаған. Осыған дейін талай кітап шығарып, туындылары оқырман олжасына айналып, ақын шығармаларының баспасөз беттерінде сын садағына ілікпегенін де атап өту парыз.

Өз өрнегін тапқан ақын

Ақылбектің төтесінен қанжардай тіліп айтатын өлеңдері көп. Оған адами жаратылысы мен болмысы себеп те болған шығар дейміз. Арғы атасы Қобыландыдан дарып, бер жағындағы Қажы­мұқаннан жұққан болмысы өзіне тән қолтаң­басынан айқын аңғарылып тұрады. Мен өзімді оның алғашқы аяқ алысынан бастап, күні бүгінге дейінгі өміршең, өршіл өлеңдерін үнемі қадағалап оқып келе жатқан оқырманы есептеймін. Ақылбек ұзақ жыл оқырманын құр қалдырмай кітап үстіне кітап шығарып, кейінгі жылдарда соны бір жолға түскеніне куә болып жүрмін. Жақында ақынның «Үміт. Сенім. Арман» деп аталатын кітабын оқып, ақынның ілгері басқан қадамына куә болып, қуанып қалдым. Кітаптың «бісіміләсі» Ыстанбұлдың алтын бесігіне айналған «Айя-Софияға»ға арналған екен.

«Айя-София! Әлем саған тұр қарап,

Азан дауысы естіліп тұр мешіттен.

Жанарлардан мөлдір тамшы сырғанап,

Жүректері нұрға толды есіткен».

Ыстанбұлға жолы түсетіндердің қасиетті Айя-Софияға соқпай кетуі мүмкін емес. Біз де болғанбыз. Тәуелсіздік туы тігіле бастаған тұста Мағжанның ғасыр тойын қазақ елінен бұрын түрік елі атап өтті. Ол кезде аты елге мәлім зиялылардың көбінің көзі тірі болатын. Қадыр, Тұманбай, Темірхан, Исрайыл барлығымыз Ыстанбұлға барып, Айя-Софияны алғаш өз көзімізбен көріп, ішіне кіріп, аралап, талай жылғы тарихқа тамсанып қайтқанбыз. Жазушылардан Сәкен сері Жүнісов болғаны есімде қалыпты. Айтыс ақындарының да біразы болды. Солардың ішінде өзіміздің Әсия Беркенова да бар еді. Сол сапарда Айя-София­ның сыры мен сымбатына тамсанбағанымыз аз. Бірақ кейін Айя София туралы тұшымды жыр тудырған ақынды байқамадым. Енді, міне, соның орнын толтырғандай, Ақылбек жазған жыр көз қуанышымызға айналып, көңілге нұр құйды. Бас-аяғы бес-ақ шумақ. Мәселен, өзім жазсам да осындай бес шумақ болса да бедерлі ойларды тудыра алу қиын шығар. Айя-Софияның бүкіл болмысы, тұтас тарихы бес шумаққа сыйып тұр. Әр қаламгер тарихшының айлап, жылдап жазып жатқан дүниесін, тарихтың бір кірпіші сынды кіріктіріп, ұяға орналастырып, ғимарат қалағандай қылғанына сүйінбеске амалың қалмайды. Кәдуілгі ұстаның қолынан шыққан мінсіз туындыға тайталасар хақың жоқ.

Ақылбектің біраз өлеңін оқығанда жүйрік аттай қызықтырып ала жөнеледі. Әрі қарай нені айтар екен деп алаңдайсың.

«Қиғаш қас болып кеткен жапсырма қас,

Жасанды ұзын кірпік, боялған шаш.

Жігіттер, сондай қыздар кез болса егер

Жанына жоламай-ақ алыстан қаш!»

Мәскеуде оқып, еуропаша білім алған, әлем әдебиетінен жақсы хабардар Ақылбек, бәлкім, бұл өлеңді басқаша түйіндеуіне де болар еді. Әйтсе де көзін ашып қалам ұстағаннан бері санасына сіңген сөздерді ой елегінен өткізіп, нақыл сөзбен аяқтайды.

Ақылбектің жас кезінен жүрегінен шыққан, тұлпардай тыпырлаған қызулы, қуатты өлеңдері бірте-бірте байсалды, байыпты сарынға түсіп, оқырмандарын ойлантатын даналық болмысқа ие бола бастаған.

Біз талдап отырған осынау кітаптың өзінен де бүгінгі оқырманның талғамына сай талай татымды дүниелерді табуға болады. Маған оның, әсіресе, қысқа да нұсқа болатын жәудіреген жұмыр өлеңдері ұнады. Мәселен, осы кітаптың 34-ші бетіндегі үш шумақ өлеңге назар аударсақ:

«Құмартпаймын ешкімнің де даңқына,

Бағалаймын қасиетін тұлғаның.

Қызығамын Беларусьтің халқына,

Әзербайжан әскеріне ырзамын.

Жылу іздеп қатал қыс пен күзден де,

Ұлы дедік орыстарды дәріптеп.

Сол орыстар таңба салды біздерге,

Қойдай жуас, қоян жүрек халық деп.

Мінезіміз сырт көзге де тым ерсі,

Жау кеткен соң жүрдік қылыш сермелеп.

Иә, әруақ!

Желеп-жебеп жіберші!

Бабаға сай, ер болуға не бөгет?!».

Тура бүгінгі ұрпақтың жігерін жанитын, жүрегіне ұлағат ұялататын салауатты жыр. Бір кездегі мойынға салған бұғалыққа бағынбай буыр­қанған өлең. Ақын сабырға бой алдырады, жамағатқа жақсылық тілейді. Абай атамыздың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген тәмсілін ойына ұялатып, жүрек түкпіріне түйіп алғандай. Өмірде де, өлеңде де ерте есейген Ақылбек өзінің атына сай, ақылды туындыларын, жан сезімін жеткізуге бейім тұрады.

Міне, Ақылбек халқына ақыл айтатын жасқа жетті. Аталары ұлы Ыбырай да, Ахмет те, Міржақып та, Елдес те ұрпағына осындай ұланғайыр сөздерін айтып кеткен. Ақыл­бектің мына өлеңі нағыз аталар­дың уағызын жалғайтын, ұлылықтың ізгі жолы
емес пе:

«...Жылуын Күннің сезбеген

Жарығын Айдың күндейді.

Мейірін сезбей жақынның,

Жатсаң да құлап сен, мейлі,

Жүрегі құрғыр ақылдың

Айтуыменен жүрмейді».

Осылайша, жалғаса беретін Ақылбектің ақылды, нақылды сөздеріне еріксіз тәнті боласың. Өлең сөздерінің түбі, түбірі ата-баба сөздерімен тамырласып, тоқайласып жатса да ақын өзінің өрнегін тапқан. Мұнда тек Ақылбекке ғана тән, Ақылбекке ғана лайық ұлағатты ұғымдар бар. Бұл ақының білімділігі мен шеберлігін байқататын бұлтартпас дәлел екенін де айғақтай түскендей.

 

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,

Казақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар