Суреттерді түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК
Жетісу облысының әкімдігі ерекше балаларды қолдау мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. Жыл сайын облыс бюджетінен қаражат бөлініп, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырады. Бұл – әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі ғана емес, әрбір баланың қоғамнан өз орнын табуына мүмкіндік беретін маңызды бас-тама. Биыл да осы игі дәстүр жалғасын тауып отыр. Табиғаты көркем, ауасы шипалы Алакөлдің жағасында орналасқан лагерь балаларға мейірім сыйлап келеді. Бұл жай ғана демалыс орны емес, денсаулықты нығайтып, өмірге деген сенімді арттыратын мекен. Мұнда олар жаңа достар тауып, жаңа мүмкіндікке ие болады. Толыққанды демалып қана қоймай, кешенді оңалту шараларынан өтеді. Денсаулықтарын жақсартып, шығармашылық қабілеттерін дамытады.
«Жансая» сауықтыру лагерінде тоғыз ауысым ұйымдастырылып, жаз бойы 288 адам демалады. Оның 144-і – ерекше қажеттілігі бар бала болса, қалғаны – олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері. Мұндай мүмкіндік балалардың ғана емес, ата-аналардың да алаңсыз тынығып, оңалтудың тиімді нәтижесін көруіне жағдай жасайды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, лагерьдің басты мақсаты – балалардың денсаулығын нығайтып, қоғам өміріне бейімдеу.

– Баланың күлкісі – өмірдің ең әсем әуені. Бұл мекеменің негізгі мүддесі сол. Балаларды әлеуметтендіру, шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашады. Мамандар әр баланың жасын, денсаулық жағдайын, даму ерекшеліктерін ескере отырып, жеке бағдарлама әзірлейді. Демалыс кезінде балалар су терапиясы, емдік дене шынықтыру, арт-терапия, музыка, ойын терапиясы сабақтарына қатысады. Сонымен қатар олардың жайлы демалуына барлық қажетті жағдай жасалған. Мұндай жұмыс балалардың денсаулығын жақсартып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне үлкен ықпал етеді, – дейді Е.Мизамбаев.
Расында да, табиғат аясындағы мұндай демалыстың пайдасы ерекше. Алакөлдің емдік қасиеті мол суы мен таза ауасы, арнайы мамандардың кешенді оңалту бағдарламасы балаларға оң әсерін тигізеді. Көңіл күйі көтеріліп, бойындағы сенімі нығаяды. Мұнда әр балаға жеке көңіл бөлініп, мүмкіндігіне қарай арнайы жаттығулар, емдік шаралар мен шығармашылық сабақтар өткізіледі. Бұл балалардың денсаулығын ғана емес, психологиялық жай-күйін жақсартып, өз қатарластарымен еркін араласуына мүмкіндік береді.
Осындай қамқорлықтың нәтижесін ата-аналар да ерекше сезінеді. Көксу ауданындағы «Үміт» орталығынан келген тәрбиеленушінің заңды өкілі Бақытгүл Тайтиева аталған лагерьдің балалар өміріндегі орны бөлек екенін жеткізді.
– Біздің Никита осы лагерьге биыл төртінші жыл қатарынан келіп отыр. Алакөлдің шипалы суынан жақсы ем алып жүрміз. Су терапиясы мен ойын терапиясының пайдасын жыл сайын көріп келеміз. Бұрын судан қорқатын еді, қазір бұл қорқынышын жеңіп келеді. Жалпы, балалардың өзіне деген сенімі артып, көңіл күйі жақсарады. Осындай мүмкіндікті жасап отырған облыс басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді ол.
Жетісу облысында ерекше балаларға көрсетілетін қолдау тек жазғы лагерьлермен ғана шектелмейді. Өңірде күндізгі болу орталықтары, оңалту мекемелері жүйелі жұмыс істеп, инклюзивті білім беру мен әлеуметтік бейімдеу бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Балалардың денсаулығын жақсарту, сапалы білім алуына жағдай жасау, шығармашылық қабілетін дамыту, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру – өңірдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

Жалпы, биыл өңірде шамамен 117 мың баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 106 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, 10 мыңнан астам бала қала сыртындағы сауықтыру орталықтарында жазғы демалысын өткізеді. Бұл – балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанының айқын дәлелі.
Бақытты балалық шақ – елдің жарқын болашағының кепілі. Ерекше қажеттілігі бар балаларға жасалған әрбір қамқорлық олардың өмірге деген құлшынысын арттырып қана қоймай, қоғамның мейірімді әрі жауапты екенін көрсетеді. Алакөл жағасындағы «Жансая» лагері жүздеген мүмкіндігі шектеулі баланың жазғы маусымын қуанышқа толтырып, ұмытылмас әсерге толы мерекеге айналдырып отыр.
Жетісу облысы