Жетісу облысының тумасы Қуаныштың спортқа келу жолы өнегеге толы. Бала күнгі достарының пара-пауэрлифтингтен жеткен жетістіктері жас жігіттің де спортқа деген ынтасын оятқан. «Раушан Қойшыбаева секілді әлемді бағындырған танымал спортшылармен бірге жаттығу жасау маған үлкен күш-қуат берді», дейді кейіпкеріміз.
Ол алғашында пара-пауэрлифтингпен айналысып, кейін пара-үстел теннисі мен пара-қол күресінде бақ сынады. Тіпті небәрі екі жарым ай ішінде қол күресінен спорт шеберіне үміткер дәрежесін қорғап үлгерді. Алайда спорт мектебінің басшылығы оның қабілетін танып, боччамен айналысуға кеңес береді. Бес жылдық ізденістен кейін Қуаныш өз жолын осы спорттан тапты.
2023 жылы үш айлық дайындықтан соң облыстық чемпионатта жеңіске жетіп, ел біріншілігіне жолдама алды. Сол тұста елімізде бочча доптарының тапшылығына қарамастан, әкесі екеуі кәдімгі теннис доптарымен үй жағдайында тынымсыз жаттықты. Нәтижесінде, ел чемпионатында алтыннан алқа тағып, ұлттық құрама сапына енді. Осылайша, Қытайда өткен Пара Азия ойындарына жолдама алып, боччадан еліміздің тұңғыш спорт шебері атанды. Спорттағы бұл жетістік оған Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білім грантын иеленуге де септігін тигізді.
Қытайдағы Пара Азия ойындары жас спортшы үшін үлкен мектеп болды. Елімізде бұл спорттың дамығанына 1,5 жыл ғана болса, қарсыластардың 20 жылдық тәжірибесі бар еді. Десе де, бұл сындарлы кезең Қуанышты шыңдай түсті.
2024 жыл Қуаныш үшін тарихи табыс жылы ретінде есте қалды. Финляндияның Лахти қаласында өткен халықаралық турнирде ол ел тарихындағы алғашқы қола медальді иеленіп, артынша ұлттық құраманың капитаны атанды. Оның бастауымен құрама 2024–2025 жылдары әлемдік деңгейдегі 8-ге жуық жарыста ел намысын қорғады. 2024 жылы қарашада Бахрейнде командалық есепте күміс алса, 2025 жылдың сәуірінде осы елде өткен әлемдік «Challenger» турнирінде тарихи алтын медальді қанжығасына байлады. Жыл аяғында Дубайда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанып, нәтижесінде ұлттық құрама «Жыл спортшысы» мәртебесіне ие болды.
Бүгінде боччаның арқасында әлемнің 15-тен астам мемлекетін аралаған Қуаныш барлық жетістігінің артында әкесінің үлкен еңбегі жатқанын айтады: «Барлық жеңісім үшін әкеме алғыс айтамын. Ол – менің жеке жаттықтырушым, ең үлкен қолдаушым, басты демеушім», дейді.
Табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсеткен Қуаныш Асқарбековтің алдағы мақсаттары бұдан да биік. Бочча оған тек медальдар ғана емес, халықаралық аренада ел байрағын желбірету бақытын сыйлады.
Ақбота САБЫРХАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті