Тағзым • Бүгін, 08:48

Семізбұғыдағы Сәкен ізі

2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы өңірінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәкен Сейфуллинге арналған тас мүсін бой көтерді. Тұғырына «Сәкен тоғайы» деп жазылған ескерткіштің ерекшелігі – ақын өміріндегі тағдырлы оқиға өткен тарихи орында орнатылуы.

Семізбұғыдағы Сәкен ізі

Семізбұғының Сәкен Сейфул­лин өміріндегі орны ерекше. Атаман Анненковтың «азап вагонынан» қашып шыққан ақын ұзақ жолды жаяу жүріп өтіп, осы өңірге жетеді. Әбден қалжырап, жараланған ақынға Семізбұғы пана болады. Бұл ауыр сапар туралы Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Сүйтіп, бәрін қосқанда, уақыттың қиыншылықты кезінде жаяу сегіз жүз қырық төрт (844) шақырым жол жүріп Сарыадырдың басындағы Балабай ауылына келіп дем алдым», деп жазады.

Семізбұғы – Сәкен үшін қоламта үмітті қайта лапылдатқан мекен. Көліне шомылып, қазақы ем алып бойына қуат жинайды. «Ісінген дене қайтып, таралып, тарамыстанды» деген жолдар сол кезеңдегі тәннің ғана емес, рухтың да қайта серпілгенін аңғартады.

Семізбұғыға қатысты ел жадында сақталған деректердің бірі – романда аты аталмайтын Әбдрахман жайы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Сәкен Сейфуллин үш айдай осы өңірде сауығып, Қарағанды бағытына аттанарда оны шығарып салушылардың қатарында Балабай әулетінен тарайтын Әбдрахман да болған. Алайда бұл кейіпкердің есімі «Тар жол, тайғақ ке­шуде» кездеспейді. Оның себебі, Әбдрах­манның ұлы Жетпіс ақсақалдың айтуын­ша, Сәкен мен Әбдрахман бір бұ­лақ­тың суын ішіп, қандай заман туса да бір-бірінің атын атамауға серттескен екен.

Семізбұғы – Сәкен Сейфул­лин­нің ізі қалған қастерлі мекен. Бұл өңірдің әр тасында Сәкеннің ізі, көлінде көзінің нұры, тоғайында рухының табы бар.

 

Нұрай НҰРБОЛҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар