Бұл жағдай Томас Тухельдің командасын дүр сілкіндіргенімен, олар ұзақ уақыт бойы қарсы жақтың қақпа кілтін таба алмады. Маркус Рэшфорд, Джуд Беллингем, Харри Кейн сынды қарт құрлықтың ең белді клубтарында жасындай жарқылдап жүрген сұрмергендердің өздері қақпа кілтін таба алмады. Олардың тепкен доптары көбіне-көп қиыс кетсе, кейбір сәттерде Лионель Мпаси өзінің керемет сейвтерімен қауіптің бетін қайтарды. Осылайша, ағылшындар бір сағаттан аса уақыт бойы арамтер болды. Дегенмен тәжірибе мен шеберлік өз дегеніне жетті. Екінші кезең бел ортадан асқан тұста, 74-минутта Харри Кейн есепті теңестірсе, арада 11 минут өткенде дәл сол команда капитаны екінші голды қақпаға тоғытты – 2:1. Сөйтіп, бұл матчта сенсация болмады. Содан кейін-ақ конголықтар елге қайтуға қамданса, Англия 1/8 финалға жолдама алды. Бұл межеде ағылшындар Мексикамен күш сынасады.
Сиэтлдегі «Люмен Филд» стадионында өткен Бельгия мен Сенегал құрамалары арасындағы матч керемет камбэкпен аяқталды. Топтық турнирде бұл командалар мардымды ойын көрсете алмағаны белгілі. Бельгия өз тобында бірінші орын алғанымен, әлдері тек Жаңа Зеландияға (5:1) жетті. Мысыр (1:1), Иран құрамаларымен (0:0) тең ойнады. Сол секілді сенегалдықтар да өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Бастапқыда олар Франция (1:3) мен Норвегиядан (2:3) жеңілді. Есесіне соңғы кездесуде Ирактың (5:0) тас-талқанын шығарды. Осы ірі жеңістің арқасында плей-оффқа шықты. Сөйтіп, «арыстандар» мундиальдағы бір бәсеке барысында бес гол соққан Африканың тұңғыш командасы ретінде тарихта қалды.
Бірінші таймда қос команданың да есеп ашуға бірнеше мүмкіндігі болды. Соны Сенегал сәтті пайдаланды. 24-минутта сол қапталдан жүйткіп шыққан Садио Маненің әуелетіп берген добын Исмаил Сарр баспен соқты. Ол бағанаға тиіп кері қайтты. Сол мезетте дәл доптың жанынан табылған Хабиб Диарра мергендік танытты. Екінші кезең басталған бетте Сарр екінші голды қақпаға дарытты. Бірақ бельгиялықтар босаңсыған жоқ. Жарты сағаттан аса жанталасқан «Қызыл сойқандар» ақыры көздеген мақсаттарына қол жеткізді. 86-минутта Ромелу Лукаку, 89-минутта Юри Тилеманстың голдарынан кейін таразы басы теңессе, қосымша уақыттың соңғы секундтарында Сенегалдың қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Нүктеге келген Тилеманс мүлт кеткен жоқ – 3:2.
Санта-Кларадағы АҚШ құрамасына қарсы бәсекені Босния мен Герцеговина қарқынды бастады. Алғашқы минуттарда Эмердин Демирович пен Керим Алайбеговичтің қақырата тепкен соққыларын Мэтт Фрис кері қайтарды. Бірте-бірте алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алды. Бірінші таймның соңында Фоларин Балоган есеп ашты. Екінші кезеңнің ортасында сол Балоган алаңнан қуылғанда босниялықтарда жағдайды түзеуіне мүмкіндік туды. Бірақ олар одан ештеңе өндіре алмады. Керісінше, 82-минутта Малик Тилльман айып добын мүлтіксіз орындады – 2:0. 1/8 финалда АҚШ футболшылары Бельгиямен шеберлік байқасады.