Спорт • Бүгін, 09:05

Жарыс күнделігі

4 мин
оқу үшін

ФИДЕ-нің жаңартылған рейтингінде Бибісара Асаубаева бесінші сатыға орнықты. Сөйтіп, қазақтың аса дарынды шахматшысы өз мансабында алғаш рет әйелдердің ТОП-5-тігіне енді.

Жарыс күнделігі
  • Б.Асаубаеваның еншісінде 2538 ұпай бар. Бибісараның алдын тек Қытайдың төрт мықтысы – Хоу Ифань (2 596 ұпай), Лэй Тинцзе (2566), Цзюй Вэньцзюнь (2 560), Чжу Цзиньэр (2550) орап тұр. Сондай-ақ ресейлік Александра Горячкина (2536), украиналық Анна Музычук (2529), үндістандық Хампи Конеру (2524), қытайлық Тань Чжунъи (2517, швейцариялық Александра Костенюк (2508) үздік ондықтың қатарында.
  • Паттаяда (Таиланд) өтіп жатқан жас­тар арасындағы Азия чемпионатының (U20) алғашқы күнін біздің балуан­дар екі күміс, бір қола медальмен қорытындылады. Бастапқы бәсекелерде барлық қарсыласынан басым түскен Бақдәулет Тұрсынбек (77 кг) финалда өзбекстандық Оғабек Асқарәлиевке жол берді. Сол секілді Әлихан Тағаев (87 кг) шешуші сында қырғызстандық Мүсілім Мамыровтан ұтылды. Әмірмұхаммед Қабылов (55 кг) қола жүлдені қанжығасына байлады.
  • Бүгін Лонато-дель-Гардода (Италия) стенд атудан Әлем кубогі бас­талды. Апеннин түбегінде ел намысын Әсем Орынбай, Элеонора Ибрагимова, Даниил мен Марк Почиваловтар, Әлішер Айсалбаев, Айжан Досмағамбетова, Лидия Башарова, Ольга Хайлова, Богдан Конченко, Александр Мұхамедиев, Илья Пеньков, Зоя Пискун, Артемий Плиско, Анастасия Прилепина, Адель Садақбаева, Наргиза Сарманова, Артём Седельников, Лейла Шантекова, Данил Стрельцов, Ратмир Еникеев сынды мергендер қорғайды. Естеріңізге сала кетейік, осының алдындағы Алматыда ұйымдастырылған Әлем кубогінде Әсем Орынбай алтын медаль жеңіп алды.
  • Жартылай ауыр салмақта айқасатын 34 жастағы қазақтың танымал аралас жекпе-жек шебері Асылжан Бақытжанұлы (18-6-1) АСА 205 турнирінде ресейлік Виталий Бигдашпен (14-4) айқасады. Бұл бәсеке 17 шілдеде Алматыда өтеді. Бигдаш бізге жақсы таныс. 41 жастағы Дондағы Ростовтың тумасы 2015 жылы отандасымыз Игорь Свиридке сан соқтырып, ONE Championship промоушенінің чемпионы атанды. Есімдері жоғарыда аталған спортшылардың екеуі де соңғы жекпе-жектерінде жеңіске жетті. Асылжан Ресей спортшысы Максим Гришинді (34-12-2) ұтса, Василий бразилиялық Кайо Биттенкуртадан (18-10) басым түсті.
  • Щучьеде тас жолдағы велоспорттан ел чемпионаты аяқталды. Жекелеген жарыстың элиталық сайысында Евгений Федоров топ жарса, атақты Александр Винокуровтың ұлы – Николя күміспен күптелді. Антон Кузьмин қола медальға қол жеткізді. Әйелдер бәсекесінде бас жүлдені Рината Сұлтанова олжаласа, Ақпейіл Өсім мен Фаина Потапова екінші, үшінші орындарды иеленді. Топтық жарыста Н.Винокуров пен Р.Сұлтановаға тең келер ешкім табылмады. Командалық эстафетада Солтүстік Қазақстан облысының велошабандоздары алдарына жан салмады. Күміс, қола медальдар Астана қаласы мен Жетісу облысына бұйырды.
  • 11-12 шілде аралығында Тайпейде дзюдодан Азияның ашық кубогі өтеді. Еліміздің ұлттық құрамасының бапкерлері осы бәсекеде мына балуандарға сенім артып отыр: ерлер – Тоқтар Үмітәлиев, Асылхан Зейнуллин (60 кг), Мейірбек Байзақов, Нұрсұлтан Зайзағалиев (66 кг), Мәди Жеткерген, Береке Рахматуллаұлы (73 кг), Мәди Амангелді (81 кг), Әділет Сапарғалиев (100 кг), Мәди Еділбаев, Санжар Жабборов (+100 кг); әйелдер – Аяна Дүйсенбай (48 кг), Айшабибі Мурадимова (52 кг), Ханзада Қайратова (63 кг). 
Соңғы жаңалықтар