Қоғам • Бүгін, 07:58

60 мың кәсіпкер тегін көмек алды

3 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігі кәсіби бухгалтерлік ұйымдармен бірлесе отырып, биыл 5 қаңтар мен 30 маусым аралығында өткен республикалық «Халық бухгалтері» акциясын қорытындылады.

60 мың кәсіпкер тегін көмек алды

Сурет: primeminister.kz

Акцияның негізгі мақсаты – кәсіп­кер­лерге практикалық қолдау көрсету, салықтық және бухгалтерлік есепті жүргізудің сапасын жақсарту, салық төлеушілерге биыл күшіне енген салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру. Акция аясында облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлімшелерінде азаматтарға тегін жеке кеңес беру ұйымдастырылды. Кеңес беруді кәсіби бухгалтерлер мен мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері жүргізді. Акцияға жалпы 120-дан астам аккредитациядан өткен кәсіби бухгалтерлер қатысты. Алты айдың ішінде бұл акция сұранысқа ие, кәсіби бухгалтерлер қауымдастығы мен бизнес секторы арасындағы мемлекеттің ашық диалог алаңына айналды.

Акция нәтижесінде: 60 мыңнан астам салық төлеушілер тегін кеңес алды, 3247 ашық есік күні іс-шарасы өткізілді, жергілікті деңгейде 2928 семинар ұйым­дас­­тырылды, 512 сұхбат пен сарап­та­малық түсініктемелер да­йындалды, БАҚ, теле­дидар, радио және әлеу­меттік же­лілерде 10 мыңнан астам мақа­ла жария­ланды, ақпараттық роликтер радио­­стансаларда 45 мыңнан астам рет шы­­ға­рылды, Zakon.kz ақпараттық қол­­дауы­мен акция материалдары, соның ішін­де төрт вебинар 500 мыңнан астам қара­лым жинады.

Тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкерлер арасында тікелей өзара әрекеттесу форматына сұраныс айтарлықтай жоғары. Қатысушылар жаңа Салық кодексін қолдану, оңтайлы салық режімін таңдау, өтпелі кезеңнің ерекшеліктері, салық жеңілдіктері мен шегерімдері, ҚҚС бо­йынша тіркеу мен есептен шығару, арнау­лы салық режімдерін қолдану, электронды шот-фактураларды рәсім­деу, ақпараттық жүйелерді пайдалану, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұл­ғаларды есепке алу және олардың қыз­метіне қатысты мәселелер туралы сараптамалық түсініктемелер алды. Акцияның ерекше құнды аспектісі кәсіпкерлердің тәжірибелі кәсіби бухгалтерлерден және мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерінен тікелей жеке кеңес алуы болды. Бұл оларға нақты жағдайлардың шешімін тез табуға әрі салық міндеттемелерін орындау кезінде ықтимал қателердің алдын алуға мүмкіндік берді. «Халық бухгалтері» салық туралы сауат­ты­лықты арттыруға, салық­тық міндет­темелерді ерікті орындау мәде­ниетіне тәрбиелеуге, қолайлы бизнес-ортаны құруға бағытталған мемлекет пен кәсіби қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықтың тиімді үлгісіне айналды. Тегін кәсіби көмек мыңдаған кә­сіпкерге заңнамалық өзгерістерге сенімдірек бейімделуге және ең өзекті сұ­рақ­тарына дер кезінде жауап алуға мүмкіндік берді.

Осы тәжірибе әрі қарай да өз жалға­сын тауып, жергілікті мемлекеттік кіріс­тер базасында ай сайын, бухгалтерлік ұйым­дармен бірлесе отырып, салық заңнамасын түсіндіруге бағытталған «Ашық есік күндері» өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар