02 Маусым, 2016

«Менің жырым – жақсылықтың жаршысы»

673 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_9316Алматыда Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік рес­публикалық ұйғыр музыкалық комедия театрында ұйғырдың танымал ақын қызы, филология ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік стипендияның иегері Патигүл Махсатованың қазақ тілінде шыққан «Өзіңе сенем» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Кітапты қазақша сөйлеткен – Түркі дүниесі ақындары жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жүлдегері, түрік, әзербайжан, қырғыз, ұйғыр ақындарын қазақ оқырмандарына танытып жүрген белгілі ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы. Ұйғырдың ақын қызының қазақ тіліндегі тұңғыш кітабының салтанатына екі халықтың оқырмандары көп жиналды. Жиынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халық­аралық «Алаш» сыйлығының, «Құр­мет» орденінің иегері, Жазушылар ода­ғындағы ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы Ахметжан Ашири ашып, Қазақстан Жазушылар одағы­ның басқарма мүшесі, оннан астам жыр жинақтарының авторы, ұйғыр әдебиеті бойынша бірнеше оқулықтың, әдістемелік құрал­дардың, дидактикалық материал­дардың, диктант жинақтарының авторы, өлеңдеріне жүзден астам ән жа­зылған ақын қыздарын жақын­ырақ таныстырып, оның адами қа­сиеттеріне тоқталды. – Патигүлді қазақ тілінің мама­ны десек те болады, – деді баян­да­машы. – Өте сауатты қыз. Пати­гүлді ерекше қадірлейтінім, әрі бас­қаға ұқсамайтын жері, оның шығармалары «Қазақ әдебиеті» газе­тінде, «Жұлдыз», «Простор», «Лите­ратура Казахстана», «Әлем әдебиеті» журналдары мен т.б. басылым­дарда жарияланғандықтан оқырмандар жақсы таниды. Әсіресе, Жәркен Бөдеш аударған өлеңдері әдеби жыл қорытындыларында аталып жатады. Осы уақытқа дейін шығарған он бес кітабының негізгі тақырыптары адамилық, адамгершілік құндылықтары, бірлік, достық жайында. Бұл – қазақ пен ұйғыр халқының ертеден басталған тарихи достығының заңды жалғасы. Бүгінгі қазақ тіліне аударылған кітабына келсек, Дәулетбек ұйғыр тілін ғана емес, оның салт-дәстүрін, табиғатын, нәзік тұстарын жақсы білгендіктен мейіріммен, жүрекпен аударған. Біз соған қуаныштымыз. Өйткені, жақсы шығарма халықтың мұрасы, халықтың қазынасы, бай­лығы, мемлекеттің дәулеті. Міне, соны Дәулетбек мәшһүр қазақ оқыр­мандарына жеткізді. Сол үшін аудармашы, бірінші дәрежелі халықаралық Илхам сыйлығына ие болған. Одан кейін елордадан жеткен қуанышты хабарды «Ан-Арыс» бас­пасының директоры, белгілі ақын Кә­дір­бек Құныпияұлы жеткізіп, ақын қызға шығармашылық табыс тіледі. «Құрметті Патигүл Махсатова! Жолдаған хатыңыз бен қолтаңба жазып сыйлаған «Өзіңе сенем» деп аталатын жыр жинағыңыз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа таныстырылды. Президент жылы лебіздерге толы хатыңыз бен сый-құрметіңіз үшін сізге алғысы мен ізгі тілек­терін жеткізуді тапсырды. Елба­сымыз сізге зор денсаулық пен бақыт, шығармашылық ізде­ніс­тер, табыстар тілейді. Өлеңдеріңіз оқырмандар ойынан шыға берсін. Сыйлаған кітабыңыз Елбасы кітап­ха­насының қорында сақта­латын болады. Құрметпен, Махмұт Қасым­беков». Сондай-ақ таныстырылымда белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет «Теңіздің дәмін тамшыдан білесің» деген, жақсы аудармалардың арқасында Патигүлдің осы кітаптағы бірқатар өлеңдері «Жұлдыз» журналында да жарияланғанын, тұтас түрік әдебиетін алатын болса, ұйғыр әдебиеті соның бір бұтағы, шын мәніндегі іргелі әдебиет екенін, сонымен қатар, ұйғыр әдебиетінің арғы классиктерін айтпағанның өзінде, Зия Сәмеди, Хизмет Абдуллин ақсақалдардың көзін көргенін, Жамелетдин Босаков ағаймен көрші тұрса, Тұрған Тохтамов ағасымен «Жазушы» баспасында бірге қызмет істегенін, Шайим Шаваев ағалармен жақын сыйласып жүргенін де тілге тиек ете келе, естелікке ұлы Абай бабамыздың мүсінін тапсырды. Аудармашы Дәулетбек Бай­тұр­сынұлы болса жалпы ұйғыр хал­қының талантты ақын қызы Патигүл Махсатованың бұл еңбегі ұйғыр ақындарының, ұйғыр халқының табиғатына тән жазылған дүние екенін, қазақ оқырмандары оқығанда ешқандай кедір-бұдыры болмасын, қазақтың бір ақын қызы ретінде қабылдасын деп бар күшін салып аударғанын жеткізді. Сондай-ақ, автордың шығармашылығы жайлы «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында жақсы айты­лып, «Егемен Қазақстан» газе­тін­де Қорғанбек Аман­жолдың ақын Патигүлмен әдемі сұхбаты жария­лан­ғанынан да хабардар етті. Өз кезегінде Патигүл тұсау­кесері өткізіліп жатқан еңбегін Қазақ­станның 25 жылдық Тәуелсіздігінің тойына тарту ретінде ұсынғанын, оның үстіне, биыл Президенттің пәрменімен Мемлекеттік стипен­дияның иегері атанып, сол ақшаны осы кітабына жұмсап, қазақ халқына деген достықтың көрінісі, қос ұлттың әдебиетінде көпір болсын деген ниетте шығарғанын тебірене жеткізді. Тәңірдің бір құдіреті болуы керек, менің бұл кітабым елімізде тұңғыш рет тойланып отырған 1 наурыз – Алғыс күнінің дәл алдында жарық көрді. Сосын ойланып, осы еңбегімнің шығуына Мемлекеттік стипендия арқылы қолдау көрсеткен Президентімізге неге алғысымды айтпасқа деп, жылы лебізімді білдіріп, қолтаңбамды қойып Астанаға салып жібергенмін. Бірақ хатыма жауап келе ме, келмей ме деген екі ойда болдым. Елбасының ұйғыр халқына деген құрметі болуы керек, Президент әкімдігінен хат келген соң, Мемлекет басшысы танысқан кітапты неге халқыма таныстырмасқа деп, бүгін таныс­тырылым рәсімін жасап отырмын. Маған көмектескен қазақтың белгілі ақыны Дәулетбек Байтұрсынұлы кітапты көңілімдегідей аударды. Біздің достығымыз тек сөз жүзінде емес, Елбасының саясатын, Қазақстан үшін атқарып жатқан осыншама қыруар еңбегіне осындай іс шараларымыз арқылы жауап беріп, басқа ұлттарға, халықтарға насихаттаймыз деп ойлаймын. Сондықтан, кітаптың тұсаукесеріне келген қазақ, ұйғыр халқына ризашылығымды білдіремін. Бұл – екі халықтың ежелден келе жатқан достығының бүгінгі көрінісі деп білемін. Қазақстанның гүлденуі үшін шығармашылық адамдары өлеңдеріміз, кітабымыз арқылы қолымыздан келгенше үлес қосамыз деп ойлаймын, – деді ақын інісі Дәулетбекке шапан жауып, құрмет көрсеткен ақын қыз. Сондай-ақ, таныстырылымда жазу­шылар Дурнәм Машурова, Авут Мә­сімов, кітапқа алғысөз жазған бел­гілі жазушы, «Жұлдыз» журналы­ның бөлім редакторы Ділдар Мамыр­баева, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғы­лыми қызметкері, филология ғылым­дарының докторы Гүлжахан Орда, танымал кәсіпкер, меценат Дилмурат Кузиев, «Ұйғыр авази» газетінің жауапты хатшысы Мұхтаржан Жұмаров, т.б. ақынның өмірдің өзіндей шынайы жырлары жайлы сөз етті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»