09 Маусым, 2016

Шекара қауіпсіздігі – басты назарда

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шымкентте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті  төраға­сының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділмановтың төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер  шекара қызметі басшыларының төртінші мәжілісі болып өтті. Оған қатысушы алты мем­лекеттің – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері ұйымға мүше мемлекеттердің шекарасындағы жағдай туралы өзара ақпараттармен алмас­ты. Сондай-ақ, мәжіліске қатысушы­лар террористік элементтер ШЫҰ-ға мүше мем­­лекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы шекаралық аймақтарға еніп, өздерінің заңсыз іс-қимылдарын жүзеге асыруға ты­рысқан жағдайларда олардың жолын кесуге бағытталған өзара ынтымақтастық пен іс-қимыл туралы шартты жүзеге асыруға арналған іс-шаралардың барысын талқылады. Жиында Д.Ділманов мәжіліске қаты­сып отырған облыс басшысы Бейбіт Атамқұловқа сөз берді. Өңір басшысы өз сөзінде Оңтүстікте 3 млн.-ға жуық халықтың, 100-ден аса ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы жарасып, түсіністікте өмір сүріп жатқандығын айтты. Облыс Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерімен шекаралас. Ауылы аралас, қойы қоралас туысқан елдермен ауызбіршілік жақсы болғанымен, ел ішін ала тайдай бүлдіретін содырлар азаймай тұр. Соңғы жылдары есірткі тасымалы мәселесі ушығып келеді. Террористік әрекеттерді болдырмау үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимылы аса қажет.  Осыны айтқан облыс басшысы ШЫҰ жұмысына сәттілік тіледі. Кездесудегі негізгі міндеттер нақтылан­ғаннан кейін мәжіліс жабық жағдайда өтті. Бұл мәселеге түсіністікпен қарауға болады. Өйткені, бұған дейін террорлық әрекеттен аман-сау делініп келген Қазақстанның өзінде ешкімнен қымсынбай тапа-талтүсте мылтық асынған содырлар бой көрсетіп қалды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше алты мемлекет те бейбіт тұрғындарды ауыр қасіретке ұрындыратын қауіптен аманбыз дей алмайды. Мәжіліс барысында оған қатысушылар ШЫҰ шекаралық кеңістігінде заңсыз іс-әрекетті ескерту мен оның жолын кесуге бағытталған «Бірлік-2016»  бірлесіп жүргізілетін шекаралық операциясының мән-жайын пысықтады. Соңында атқарылған жұмыстарының қорытындысын шығарып, алдағы уақытта жасалатын басқа да жос­парлардың жобасын талқылады. Мәжілістің екінші бөлігінде қазақстандық шекарашылар әріптестеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету қалай ұйымдастырылатындығын баяндап, шекара күзету барысында қолданылатын жаңа техникалық құралдармен және инно­вациялық технологиялармен таныстырды. Мәжіліс қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекараларын күзетуге, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қатысы бар адамдардың өтетін арналарын кесуге бағытталған, практикалық ынтымақтастықты күшейтуге арналған көпжақты, екіжақты бірқатар құжаттарға қол қойылды. Әлемдегі жағдай сан құбылып тұрған кезеңде ешкім көрпесін қымтап, дүниежүзілік оқиғалардан қалыс қала алмайды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің шекара қызметіне байланысты жасасқан түйіні – өзара ынтымақтастықты күшейтіп, халықаралық қауіпсіздікті нығайту. Мәміле осы. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар