Шын мәнінде, Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлытаудағы толғауы руханиятқа қозғау салды. «Айғақ» телекомпаниясының бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш пен Созақ ауданы әкімінің біріккен жобасымен біз Қаратау мен Ұлытаудың жуан ортасындағы байырғы Шұбар теңізі жағалауында Нұра деген жердегі таңбалы тастың бүгінгі ахуалы және оны қорғаудың жолдарына арналған экспедициямен суыт жолға шыққанбыз. Экспедиция құрамына Бәйдібек ауданындағы Қалдыбай Байменов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Сәлкен Жорабеков, «Мырзаната» өндірістік кооперативінің төрағасы Айдар Байысбеков, ордабасылық өлкетанушы, тарихшы Сейфулла Шадықожа, сондай-ақ қаламгерлер, тележурналистер енді. Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әбенұлы, Степной кентінің әкімі Шекербек Ошақапов, Жуантөбе ауылының биі Тұрсынбек Әбілдаев экспедицияға көмектерін көрсетіп, жолбасшы болғанын айта кеткеніміз абзал.
Қыземшек кентінен ерте шыққан біз Шеңгелдіге дейін шаршамай жеттік. Дәл осы тұстан таңбалы тасқа жеткенше әлі жиырма шақырым бар болатын. Мидай жазық далада қарауытқан белгі көрсек, арнайы бұрыламыз. Бірақ таңбалы тас тығылып қалғандай оңайлықпен табыла қоймады. Асылы, «тығылып» деген сөзді аузымызға Алла салып тұрған сыңайлы. «Қытайдың құпия шежіресі», «Моңғолдың құпия шежіресі» дегендерді әркім-ақ біледі. Кітабы, қағазы мен қаламы жоқ бағзы замандарда бабаларымыз Бетпақдаланың құпия қойнауында шежіресін сырт көзден таса жерге таңбалап кеткеніне көңіл кәдімгідей иланады. Қабақ аталатын биіктен қарасаңыз, төменде теңіз табаны анық көрінеді. Бір замандарда мұнда телегей теңіз болғаны тарихтан белгілі. Теңіз жағалаулары қазірге дейін жақсы сақталған. Нұраның қара табанында екі ақтаңдақ бірден көрінеді. Сорда тұздың мол қоры бар. Екі ақтаңдақтың бел омыртқасынан батысқа қарай өрлесеңіз, шағын жыраның екі беткейіндегі таңбалы тастың дәл төбесіне түсесіз.
Осы таңбалы тас туралы тұжырым қазақтың дара ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларынан табылған. «Бетпақ шөлінде таңбалы Нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тасқа барып қарасады. Алаша ханның жарлығымен басылған таңба деседі», депті шежіреші. Әлкей Марғұланның жазбаларында да таңбалы тас туралы деректер бар. Ол: «Қазақ сахарасындағы мәдениеттің бір жарқын түрі – тарихи дәуірлерде осы араны қоныстап келген тайпалардың тас бетіне қалдырған белгілері» деп жазады. Осы орайда таңбалы тасты 1840 жылы ресейлік ғалым А.И.Шренк зерттегені еске оралады. Шренк: «Таңбалытастың зор атаққа ие болуының себебі, бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері», дейді. Жазбаларға үңілсек, тайпалардың атақты билері мен батырлары осы жерде кеңес құрып, елді қоныстандыру мәселесін шешіп отырған. Әр тайпаға арнап таңба берілген. Сол таңба тасқа түскен. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың да таңбалы тасқа табаны тиген. «Қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері осы таңбалы тас өңірі», деп тұжырымдайды академик. Ал жазушы Ілияс Есенберлин: «Керей мен Жәнібек хан тұсында қазақ рулары Нұраның Қаратұзына жиналып, үш жүздің жүйесін жасап, Асан қайғының ұйғарымымен таңба үлестірген», деп жазады.
Ұзақ жылдан бері Созақ жерін зерттеп жүрген тарихшы әрі қаламгер Сүлеймен Тәбрізұлының «Таңбалы тас – қазақ тарихының шоқтығы биік ескерткіші» атты кітабында Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Кенесары хандар кезінде Таңбалытасқа тәу еткен делінеді.
Шеңгелді, Нұра бойында кездесетін қорымдар басындағы құлпытастарда арабша жазулар мен таңбалар бар. Жыңғыл мен топырақтан араластыра тұрғызылған бейіттер бүгінге дейін бүтін жеткен. Олардың бастапқыдағы биіктігі 2,5-3 метрге дейін созылған. Кесектен тұрғызылған кесенелердің орындары әлі де көптеп кездеседі. Алайда, жырадан табылған жәдігерді көріп, жылағымыз келді. Осында аяғы жеткендердің көпшілігі Таңбалытасқа аттарын жазып, тарихи тасты бүлдіріп кеткен. Мұнда 1948 жылы арнайы экспедиция келген екен. Олар да соңдарына «мұра» қалдыруды ұмытпапты. Жыраның беткейінде жатқан жартастар үгітіліп, құлап қалған. Бұған саяхатшылардың да «үлкен үлес» қосқаны тайға таңба басқандай көрінеді. Шашылып жатқан тастардан таңба белгілерін құрастыру мүмкін емес. Жұмсақ құмдауыт жыныстарды жел кеулеп, үңгіп тастаған. Әлгі жыныстар мен үңгірлер ертегілердегі ғажайып көріністерді көз алдыңызға алып келеді. Әйтсе де бабаларымыздың ізі қалған, өсиеті қалған тарихи орынды бүгінге дейін күтімге алмаған керенаулығымыз күйіндіреді. Егер дәл осы таңбалы тасқа туристер тартсақ, ұялмай көрсететін жәдігерліктер әлі де жеткілікті.
Таңбалытастың талқандалған түрін көріп, жүрегіміз тулады. Ата-бабаларымыздың тарихи қолтаңбасы қалған жерді мұншалықты тоз-тозын шығарып бұзу ұлтымызға сын емес пе? Ендеше, әлі де болса таңбалы тастарды реставрациядан өткізіп, бастапқы қалпына болмаса да кейінгі кейпіне келтіріп қою қажет-ақ. Бұл орайда Созақтағы көнекөз қариялардан, әуесқой зерттеушілерден, жергілікті тарихшылардан таңбалы тастың бұрынғы бұзылмай тұрғандағы суреттерін іздестірсе әлі де табылады.
Жалпы, Созақ өңірінде тарихи-мәдени ескерткіштер көп. Соның бірі – «Қаратау сілемдерінің таусылар тұсындағы Ақбикеш мұнарасы. 1254 жылы Кіші Арменияның патшасы І Гетум сонау Қарақорымдағы Мөңке биге барып, дәргейіне бас ұру үшін Созақ сахарасы арқылы өтеді. Ол осы сапарын егжей-тегжейлі хатқа түсірген. Міне, сол жазбаларда Хендахор қаласы (Ақсүмбе) туралы тоқталады. Жазбаларда Ақбикеш мұнарасы жайлы дерек те бар. Ал Низам ад-дин Шами мен Шереф ад-дин Али Иезди «Зафарнама-и-Тимури» деген жазбасында «Ақсүмбе Қарашық (Қаратау) тауының биік жотасында сорайып тұрған мұнара» делінеді. Осы бір сегіз ғасыр бұрынғы көне мұнараның мұңын тыңдайтын да адам табылмай тұр.
Таңбалытастан шығып, оңтүстік-батысқа қарай бет алғанымызда бір қыраттың басында ағарып тұрған белгіні көріп бұрылдық. Бұл Таңбалытастан алынған сынық көрінеді. Силикат кірпіштен тұғыр жасап, дөңгеленген таңбалы тасты осында орнатыпты. Тастың бетінде Ай бейнесі мен үш жүздің таңбасы бедерленген. Тұғырдың асты ойылып кетіпті де таңбалы тас бүйірлей құлапты. Егер осылай жамбастап жата берсе, көп кешікпей мұның да сынып бүлінері сөзсіз. Сондықтан бұл тасты биікте қалдырмай-ақ, тарихи орынына апарып, жыра беткейіне қойған дұрыс тәрізді.
…Баялышты, қара жусанды, қызыл изенді дала қараңғылық құшағында қалып барады. Менің ойыма ақын Жүрсін Ерманның «Баялыш» деген өлеңі түсті.
Жылдардан кейін соншама,
Санама менің жетті нық:
Нәсілің бұта болса да,
Бар екен сенде тектілік.
Әкемнің көзі деп біліп,
Шешемнің өзі деп біліп.
Отырмын енді отыңа,
Көзімнің жасын кептіріп!
Нәсілі құмдауыт болса да Нұрадағы таста үлкен тектілік бар емес пе еді? Осындай киелі, қасиетті жерді қандай қол қалтырамастан қиратты екен? Енді бабалар сөзін бізге кім айтады? Осыларды ойлағанда жүрек қан жылайды. «Санасы оянған адамдар әлі-ақ Таңбалытасқа оралады. Оны қалпына келтіреді. Сосын бұл жерге туристер ағылады. Бабаларымыздың мықты екенін айтып мақтанамыз», дейді мендегі үкілі үміт.
Иә, тарих табанымыздың астында жатыр. Оған көз жұма қарап, таңбалы тасты тағылардай таптап, бүлдіруіміз кешірілмес күнә. Бағзыдан жеткен бабалар үні бізге осылай дейді.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Түркістан облысы