Ал сол ұлы ақынның жарқыраған сан қырлы, жан-жақты данышпандығын лайықты түрде әлемге таныта алдық па? Әрине, жоқ. Оның сан алуан себепті дәлелдері де жеткілікті. Осы тұрғыдағы ойларымызды жарық көрген бірер мақаламызда да атап өткен едік. Әлі де қыруар еңбекті талап ететін, дарынды ақын-жазушылардың Абайтану, Абайды таныту ілімін игеру талпыныстары табысты да игілікті болуын асыға күтеміз. Енді сол ұлы Абай дарынын ұлықтаудың аса мән берілмей жүрген қырын айқындауға тырысайық...
Қазағымыздың айдай ашық маңдайына, бағына жарқыраған жұлдыз болып қонған, жұмыр жер бетіндегі миллиардтаған әр түсті, әр тілді халықтардың шынайы нәзік сезімдерін тебіренткен, жан-тәнін елжіреткен, көркіне әсем дауысы сай Димаш Құдайберген – өзі мен нұр-шуақты Қазақстанға әлемнің назарын аудартқан, «күн асты, жер бетіндегі» атақты өнер саңлақтарын таңдай қақтырған қазақ ұлтының ғана емес, күллі ғаламның дара құбылысы. Оны дүние жүзі деңгейіндегі атақты әнші-композитор Лара Фабианның өзі мойындап, бір-ақ ауыз сөзбен: «космический мальчик» (ғарыштық бала) деп бағалап, өрімтал өрен өнеріне бас имеп пе еді?!.
Бұл – жалғыз Лара әншінің таңырқанысы емес! Қазақтың қара баласы Димаштың өнеріне жүздеген ұлттың миллиардтаған үлкенді-кішілі өкілдері, ән өнерінен сусындап жетілген әуен жанрының білікті мамандары да тәнті болып, таңдай қаққанына қалың қазақ куә. Қуанышымыз құтты болып, ұзағынан сүйіндірсін деген тілектеміз!
Осы тұста дана Абай мен бала Димаш есімін бекерге қатар айтып отырған жоқпыз. Оның да салмақты, салиқалы өз себебі бар. «Күн атқалы, түн батқалы» есімнен шықпас бір үлкен мақсат – Димаш атты дарынды «ғарыштық баланың» таланты мен талабын өшпес Абай өнерімен ұштастыру. Бұл ойымды сіздер де құптайды деген зор үміттемін.
Абай – қазақ халқының ұлы ақыны ғана емес, теңдессіз композиторы да болып есептелетіні айдан анық ақиқат. Ол өз жүрегінің лүпіл ырғағына сай шыққан өлеңі мен әуенін аса жарасымды үйлестіріп, кімнің де болсын жан дүниесіне, нәзік сезіміне жол табатындай етіп елгезек тыңдарманға ұсынған. «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп жырлаған ақын жүрегінен әсте осал жыр мен әрсіз ән тумаса керек?!.
Осы тұрғыдан келгенде, Димаштың алдында тұрған бір үлкен азаматтық парыз бар. Ол – ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Татьянаның хаты» және басқа да әсерлі әндерін арнайы бір топтама цикл ретінде елге, әнқұмар жаһан халқына тарту етсе, әлемді сөзсіз баурап алатын, ұлы Абайдың атағын ғаламға кең жаятын ғажайып оқиға болар еді. Димаштың сиқырлы дауысы Абай әндерін шырқау биікке аспандатып қана қоймай, сан түсті әуезді үнімен әрлендіріп, құлпыртар еді. Сөйтіп Абай атасын – Димаш, Димашты – Абай ақын «төрт құбыласын тең» етіп, көңіл ниеті ақ, сезімтал шексіз дүниеге әйгілі етер еді, шіркін!
Көптен бері көңіл түкпіріне тұрақтаған осы бір ой-ұсынысты Димаштан бөлек, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен министрлік қатарындағы көзі ашық, көкірегі ояу лауазымды қызметкерлердің де назарына ұсынғымыз келеді. Сондай-ақ бұл тұста ескерер тағы бір мәселе – Димаш шырқар қазақтың төлтума әндерінің сырт елдердегі орындауларында бір-екі тиімді шумағы орыс, ағылшын тілдеріне аударылып айтылса, тіпті ұтымды болар еді. Оған әлем жұртшылығы разы болатындығына сенімім кәміл.
Саналы қазақ қашанда ұлы Абай даналығына жүгінеді, оның сөз әділеттілігін мойындайды, шебер ақындығын мақтан етеді. Түптеп келе, сол ұлағатты ұрпаққа аманат ретінде тапсырады. Осыны ұмытпайық және Отан пен ұлт руханияты алдындағы азаматтық парызымыздан айнымайық, ағайын!
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер