Әлем • 17 Маусым, 2020

Алыптардың басы қашан, қалай қосылмақ?

289 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биылғы маусым айының соңында АҚШ-та өтуі жос­парланған «Үлкен жеті­лік»­ (G7) мемлекеттері бас­­шы­ларының кезекті басқосуы президент Д.Трамп­тың ұсы­­нысымен ко­ро­на­­ви­рус індетіне бай­ланыс­­ты қыр­күйек айына дейін ше­геріл­гені белгілі. Коро­на­вирус­тың кесірінен халық­аралық деңгейдегі жиындар мен түрлі шаралар жос­пар бо­йынша жүзеге аспай жатқаны түсінікті жағдай.

Алыптардың басы қашан, қалай қосылмақ?

news.liga.net

Посткоронавирус кезеңі үшін ең маңызды жоғары деңгейдегі бас­қосу болады деп күтіліп отыр­ған аталған саммитке президент Трамптың әдеттегі дамыған жеті елдің басшысын ғана емес, Аус­тралия, Үндістан, Оңтүстік Корея және Ресейдің басшыларын да шақырайық деген тосыннан айтылған ұсынысы халықаралық қоғамдастықтың назарын ерекше аудартты. ҚХР-ды қоршап жатқан елдердің басшыларын АҚШ-қа шақырып, халықаралық саяси-дипломатиялық және сауда-экономикалық қарым-қатынас­тарды қайта қалпына келтіру мәсе­лелерін бірге талқылайық деп отыр­ған Трамптың бұл ұсынысы кімге қарсы бағытталған қадам екені айдай анық. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы мен коро­навируске қатысты сөз салғы­ласу саяси салқындыққа ұласқаны соншама, тіпті АҚШ әкімшілігі бүгінге дейін әлемдегі ең бірінші саяси қарсыласы болып келген Ресей­дің өзін дамыған елдер қата­рына қосып, айтпағын тыңдап, ақыл­дасуға ниет білдіріп отыр. Бірақ батыстық демократиялық әмбе­бап құндылықтарды бөлісетін басқа ел­дердің басшыларымен қоса Трамп­тың Ресей басшысы В.Пу­тинді алдағы саммитке шақыруға қатысты ұсынысына оның басқа әріптестері қарсылық білдірді.

АҚШ президентінің осы ұсы­нысына байланысты 31 мамырда CNN ақпараттық агенттігі Ресейді саммитке шақыруы Қытайға қарсы саясат аясындағы шара екені, осы арқылы Трамп басқа елдердің басшыларынан қолдау тапқысы келіп отырғаны туралы жариялады. Сол күні New York Times газеті саммитті ұйымдастырушы тарап ретінде АҚШ президенті қай елдің басшысы болсын шақыруға құқылы екенін, ал Ресей ресми түрде қатыспаса да, халықаралық шараға шақырылған мейман мемлекет ретінде бақылаушы болып қатыса алатыны жайында ақпарат таратты.

Алайда қараша айында АҚШ-та өтетін президенттік сайлауға екі ай қалғанда Ресей президенті Пу­тин Вашингтонға сапар жасап жатса, ондай жағдай қайта сай­лануға үміттеніп отырған Трамп үшін қаншалықты ұтымды қадам болмақ? Бұл да бір маңызды сая­си сұрақ болып отыр. Не дегенмен, алдыңғы сайлауда Трамптың жеңуіне ресейліктер ықпал етті деген әңгіме әлі де жұрттың жадында екені белгілі және сайлау мезгілі жақындаған сайын ондай әңгіменің қайта өршуі, оған Трамптың өзі май құйып алуы әбден мүмкін.

Президент Трамп бүгінгі таң­дағы әлемдік деңгейдегі өзекті мәсе­лелердің көбісі дерлік Ресейге келіп тіреліп отырғанын алға тартып, олардың шешу жолдарын осы елмен бірлесе қарастырудың жөн екенін айтып отыр. Бірақ сөз бостандығы мен адам құқығы, заң үстемдігі мен нарықтық эконо­микалық байланыстар сияқты құндылықтарды бөлісетін демо­кратиялық мемлекеттердің басшылары саммитіне Ресей прези­дентін шақыруға қарсылық біл­діріп жатқан елдер де бар. Мәселен, Ұлыбритания мен Канаданың премьер-министрлері ондай ойды қолдамайтындарын әлден-ақ ашық айтып үлгерді.

Аустралия, Үндістан, Оңтүстік Корея басшылары әлемдік эли­тар­лық топтың ортасынан табылу үшін мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалуға барын салатыны белгілі. Ал Мәскеу үшін бұл шақыруды қабыл алу оңайға түспей отыр. 2014 жылы халықаралық қоғамдастықтың қарсылығына қарамай Қырымды қосып алғаннан кейін «Үлкен сегіздік» (G8) қатарынан шығып қалған ел үшін алдағы саммитке қатысу әлемнің озық елдерімен қатынастарды қайта жандандыруға мүмкіндік берер болса, В.Путиннің өзі соңғы кезде қоғамдағы төмендеп кеткен рейтингісін қайта көтеру үшін қолайлы жағдай ретінде пайдаланып қалғысы келетін болар. Бірақ Кремльдің бұл шақыруға біржақты қарай алмасы тағы анық. Себебі Қытай деген үлкен фактор бар. Батыстың санкцияларымен алысқан, коронавируспен әлек болған, мұнай бағасы күрт төмендеп есін шығарған Ресей қазіргі таңда қасындағы Қытайдың көңіліне қарауға қатты мәжбүр. Ресей үшін дәл қазір алып елдердің арасында Қытайдан асқан сауда-экономикалық әріптес жоқтың қасы. КХР Сыртқы істер министрлігінің сайтындағы ақпаратқа сүйеніп айтар болсақ, коронавирусқа бай­ланысты карантин басталған қан­тар айынан мамыр айының ая­ғы­на дейін Қытай басшысы Си Цзинь­пин телефон арқылы қырық рет шетелдік әріптестерімен сөйлескен. Солардың ішінде Ресей президенті В.Путинмен үш рет сөйлескен екен. Барлық келіссөздер барысында В.Путин АҚШ пен ҚХР арасындағы теке­ті­ресте Бейжіңнің позициясын қолдайтынын айтқан. Саяси сала­дағы келіссөздердің осындай жиі әрі жағымды болуының астарында, әрине, екі ел арасындағы сауда-экономикалық саладағы оңды өзгерістер жатқаны туралы ай­тып өткеніміз жөн. Мәселен, ко­ро­навирустың салдарынан ҚХР-дың осы жылдың қаңтары мен нау­рыз айлары арасындағы сыртқы сауда көлемі мен шет елдермен тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға азайса, Ресеймен сауда және тауар айналымы керісінше 3,4 пайызға көбейіп отыр. Ресей үшін Еуропалық одақ елдеріне сатып келген мұнай экспортының көлемі кеміп отырған тұста Қытай басты сатып алушыға айналып отырғаны ең маңызды факторлардың бірі. Жалпы, Қытай шетелдерден сатып алып отырған мұнай өнімдері көлемінің 20 пайызы Ресейден келсе, осы жылдың наурыз айын­да ресейлік мұнай импорты өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 31 пайызға ұлғайған. Ресей экономикасына салынып отырған қытайлық инвестиция көлемі де артып келеді. Елде жаңа стандарттағы 5G интернет желісін қосуға қажетті инфрақұрылымды енгізу үшін қытайлық «Хуавей» компаниясының таңдалғаны екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар дәстүрлі шикізат сала­сы ғана емес, жаңа технология­лар саласында да дамып келе жат­қа­нын білдіреді. Жалпы, Ресей эконо­микасының Қытайға тәуел­ділі­гі осылай жалғаса берсе, соның әсе­рінен саяси тұрғыдан да Бейжіңнің Мәскеуге ықпалы артатыны сөзсіз.

Ал Еуразия құрлығындағы бас­ты геосаяси күштің Қытай болып отырғаны Батысты алаңдатпай қоймайды. Франция президенті Э.Макронның Еуропа елдері басшыларына Ресейді Қытайдың ықпалында қалдырмау үшін қол ұшын созайық деп үндеу тастағаны бекер болмаса, жыл басынан бері АҚШ президенті Д.Трамптың Ресей басшысы В.Путинмен алты рет телефонмен сөйлескені де көп мәселені аңғартады. Дегенмен Ресей Қытайдың геосаяси ықпалында қалып қоймаудың амалын іздеуге мүдделі. Сондықтан бүгінгідей халық­аралық экономикалық жағ­дай­да өзіндік дербес саясат жүргізе алатын алып ел ретінде өзін әлемге әйгілеу мақсатында Мәскеу бұдан былай айналасындағы елдерге ық­палын арттыруға, әсіресе Еуразия­лық экономикалық одақты (ЕАЭО) нығайту бағытында іс-қимыл­дарын кү­шейтіп, аймақтағы ең ірі саяси фак­тор болып қалуға тырысатын бола­ды. Ресей осылайша АҚШ пен Қы­тай­тың текетіресін барынша өз пай­дасына асырып қалуды көздейді.

АҚШ-тағы саммитке қатысты Мәс­кеудің шешімі маңызды мәсе­леге айналып отыр. Егер Путин саммитке ресми түрде қатысса, саммит нәтижесі бойынша қабылданатын мемлекеттер басшыларының бір­лескен мәлімдемесіне қол қоюға тура келеді. Ал саммит барысында және бірлескен мәлімдемеде АҚШ бастап, одақтастары қостап Гонконг автономиялық аймағы­ның мәртебесін өзгертуге алып келетін заң қабылдауға қатысты Қытай үкіметінің шешімін қатты сынға алмақшы. Президент Трамп Гон­конг автономиясына қатысты келі­сімдерді өрескел бұзып, «Бір ел, екі жүйе» басқару форму­ласын өзгертуге талпынып отыр деп Бейжіңді ашық түрде айыптаса, АҚШ-тың Азиядағы сенімді одақтасы Жапонияның премьер-министрі Абэ 10 маусымдағы парламент жиынында Қытай үкіметінің бұл шешіміне қатысты «Үлкен жеті­лікке» мүше мемлекеттердің бас­шыларымен бірлескен мәлім­деме жасап, қарсылық білдіру үшін барын салатынын айтты.

Ал Қытай болса АҚШ-ты соңғы жылдары халықаралық қоғам­дастықтың ой-пікірімен санаспайтын, іс-қимылдары біржақты ел ретінде айыптауда. АҚШ прези­дентінің алдағы саммитке Ресейді шақыруды ұсынғанына байланыс­ты қытайлық ресми ақпарат­тық агенттіктер америкалық унилатерализм жайында жарыса жазып жатыр. Тіпті АҚШ-тың одақтас мемлекеттерімен де араларында салқындық пайда болғанын алға тартып, сондықтан Қытайды қоршап жатқан елдердің басын қосқысы келетін президент Трамптың онысынан түк шықпайтынын ашық айтып отыр. Саяси эмоцияның сал­дарынан айтылған сөздер болғаны­мен, негізсіз пікір емес сияқ­ты. Мысалы, маусымның соңы­на жос­­парланған саммиттің қыр­кү­йек­ке ауыстырылғанына коронавирус қана емес, Германияның канц­лері Меркельдің унилатерализм принциптеріне иек артқан бірбеткей АҚШ әкімшілігінің іс-қимылына көңілі толмай, саммит­тен бас тартқаны басты себеп болды деп болжам жасаушылар да бар. Енді Ресей факторы сол дамыған одақтас жеті елдің арасына жаңа жік салып жатпасына кім кепіл. Себебі «Ресейді шақыратын болсаң, біз қатыспаймыз» дейтіндер бар. Ресей үшін әлемнің дамыған мем­лекеттерімен тіл табыса алмаса, АҚШ тіпті халықаралық саяси тұрғыдан оқшалануға мәжбүр болуы да мүмкін. Ондай жағдайда сай­лаудағы Трамптың позициясы әлсірейтіні сөзсіз. Қытайды қоршауға алып, қысым көрсетем деген Трамп Ресейдің кесірінен сайлауда ұтылып қалса, ондай жағдай Бейжің үшін үлкен жеңіс болады. Ал екі айдан кейін сайлауда ұтылып қалатын президенттің шақыруын қабыл алған Мәскеу үшін ол тиімсіз әрі Қытай алдында қолайсыз жағ­дайға қалдыратын қадам болмақ. Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), әлемдегі ең ірі дамушы бес мемлекет (БРИКС), Шығыс Азия елдері (АСЕАН), Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) және «Бір белбеу, бір жол» стра­тегиялық бағдарламасы аясында халықаралық қатынастарды да­мытуға күш салып отырған Қытай үшін АҚШ пен оның одақ­тас­тарының ойы бір жерден шық­пай жатуы тиімді болар еді. ҚХР сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің 1 маусымдағы баспасөз конференциясы барысында АҚШ-тың соңғы кезде Дүниежүзілік ден­­саулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), оның алдында БҰҰ-ның Білім, ғы­лым және мәдениет жөнін­дегі ұйы­мы (ЮНЕСКО) мен ғалам­дық климаттың өзгеруіне қатыс­ты келісімшарты (Париж келісім­шарты) сияқты халықаралық ұйымдар мен келісімшарттардан шығып кеткені туралы айтқаны да бекер емес еді.

Ал Ресейге келер болсақ, Ва­шинг­тон мен Бейжіңнің текеті­ресін барынша өз мүддесіне пайда­ланғысы келетін Мәскеу үшін алдағы саммитке қатысу немесе қалыс қалуға қатысты шешім қабылдау оңайға түспейін деп тұр. Қайткен күнде де, алдағы саммит АҚШ үшін де, Қытай үшін де, Ресей үшін де нағыз саяси-дип­ломатиялық және стратегиялық сынақ болғалы отырса, мемлекеттер басшыларынан көрегендік талап етіледі. Осы үш алып мем­лекеттің алдағы уақыттағы қарым-қаты­насы посткоронавирус кезе­ңіндегі жаһандық геосаясат пен геоэкономика салаларын­да жаңа трендтердің пайда болуына негіз болмақ. Аталған мемлекет­тердің барлығымен стратегиялық әріп­тестік орнатып отырған біз үшін де осы елдердің өзара байланыстары келешектегі саяси-экономикалық дамуымыз үшін маңызды фактор болып қала бермек.

Тағы бір маңызды жайт, індет­ке байланысты биылғы күзге жоспарланған БҰҰ Бас Ассамб­леясының 75 жылдық мерейлі сессиясы өтпей қалуы немесе онлайн түрде ұйымдастырылуы мүмкін екені айтылып жүр. Ал әлемнің он бірдей дамыған елінің басшыларын сол БҰҰ-ның бас штабы орналасқан АҚШ-қа шақырып, саммит өткізуді ойлап отырған Трамп әкімшілігінің осы жоспары жүзеге асып жатса, бұған халықаралық қоғамдастықтың көзқарасы қалай болар екен деген сұрақ туындайды. Посткоронавирус кезеңіндегі жаһанның қандай болмағы әлем елдерінің басын қосқан БҰҰ Бас Ас­самблеясының сессиясында ортаға салына ма, әлде АҚШ пен оған одақтас мемлекеттер бас­шы­ларының саммитінде оңаша талқы­ланып, жаңа ғаламдық бағдар бо­йынша барлығы үшін «ортақ шешім» қабылдана ма?..

 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

шығыстанушы, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 

Соңғы жаңалықтар