Қазақстан • 10 Қазан, 2022

АӘК алушыларға газ 20 пайыз жеңілдікпен беріледі

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрғын үй көмегіне мұқтаж аз қамтылған азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар төмендетілген бағамен газ ала алады, деп хабарлайды Egemen.kz ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

АӘК алушыларға газ 20 пайыз жеңілдікпен беріледі

Қарағанды облысында 1 текше метр газдың бағасы 36,4 тг, ал АӘК және тұрғын үй көмегін алушылар үшін - 29,1 тг құрап отыр. Түркістан облысы мен Шымкентте 1 текше метр газ 29,1 теңге тұрса, ал аталған көмек түрлерін алатындар үшін - 23,2 теңге болып белгіленген.

Тұрғын үй көмегіне мұқтаж аз қамтылған азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар төмендетілген бағамен газ ала алады. 11 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада тұратын АӘК пен тұрғын үй көмегін алушылар үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-дағы  газды сатудың бөлшек бағалары 20%-ға төмен.

Былтыр елімізде атаулы әлеуметтік көмек 990,5 мың адамға тағайындалды. Олардың басым бөлігі Түркістан облысы (237,5 мың адам), Шымкент қаласы (225,8 мың адам) және Алматы облысының (115,1 мың адам) тұрғындары.

Әлеуметтік төлемдердің ең жоғары орташа айлық мөлшері Астана (8,4 мың тг), ШҚО (8,4 мың тг) мен Алматыда (8,1 мың тг) тіркелді.

Мемлекеттік тұрғын үй көмегін алушы отбасылар саны 32,2 мыңды құрады. Олардың ең көп саны Қызылорда (4,6 мың), Шығыс Қазақстан (4,1 мың) және Жамбыл (4 мың) облыстарында.

2021 жылғы тұрғын үй көмегінің орташа мөлшері – 3,3 мың теңге. Ең жоғары көрсеткіштер Маңғыстау (8,4 мың теңге), Қызылорда (6 мың теңге), Түркістан облыстарында (6 мың теңге) тіркелді.

 

Жансая ӘНУАР