Фотосуреттер, құжаттар: музейден алынды
Омбыдан бері қарай ертедегі Мұздыкөл, Тереңкөл, Ұрық болыстары мен Ресейдің Новосібір облысының көптеген жерін қосып алғанда, бұл өңірді «Сарышұбар елі» деп атаған. Сарышұбар деп аталуы даладағы шоқ-шоқ болып өсіп тұрған ақ қайың тоғайларының алыстан қарағандағы көрінісінен шыққан. Сонау жаугершілік заманда Абылай хан осы жерге келгенде: «Сарыарқадан шығып созылып жатқан Сарышұбарым! Сайын даланың сайып қырандарындай найзасын қолына алып тұрған ақ қайыңды өлкем. Қазаққа пана болдың, қолдан қолға өтіп, енді қазақпен құтың кірген, жайқалып жасарып тұр екенсің. Сарышұбарланып бөлек-бөлек, шоқ-шоқ ел қылмай халқымды бірлігіңнен айыра көрме, қасиетті мекенім», деп тілек тілеген екен.
Біз сөз етпек болып отырған діни ағартушы Шаһидолла (халық аузында Сейілдә деп аталған) Түйтебекұлының есімі көптеген тарихи құжатта, ел аузындағы аңыздарда сақталған. Хазіреттің туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Туған елі – Тереңкөл ауданы биыл әйгілі жерлесімізді ұлықтап, басына кесене тұрғызды. Ислам діни орталықтарынан білім алып, бар жиған рухани байлығын өзі ашқан медреседе шәкірттеріне үйреткен ағартушының мерейтойына орай, ауданда облыстық ғылыми конференция ұйымдастырылды.
Ғалым-әдебиетші Серікқазы Қорабай жазып келтіргендей, Шаһидолла Түйтебекұлы текті әулеттен шыққан. Бесінші атасы Есенқұл батыр (ел арасында Жалаңбас батыр деп аталған) жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста ерлігімен ел даңқына бөленген тарихи тұлға. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде және оның айналасына жерленген 67 батыр тізімінде «Уақ Әжібекұлы Есенқұл (Жалаңбас) батыр ‒ 1690–1766 ж.» деп көрсетілген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында Сейілдә қажының бабасы Жалаңбас батырдың ата-тек шежіресі таратып берілген. Бұл туралы ғұламаның 20 томдық шығармалар жинағының қазақ шежіресіне арналған 10-томында бар. Соған қарағанда Шаһидолла Түйтебекұлы Мәшекеңді ұстаз тұтып, жақын араласқанға ұқсайды. Шежіре деректерді де өзі туған ауылына немесе өзі салдырған мешіт-медресеге ол кісі келгенде берген сияқты. Мәшекең де Ертіс өңірін қоныс еткен уақтар арасынан Сейілдәның ата-бабаларын ғана таңдап, шежіреге жеке енгізуі бекер болмаса керек.
Кеңестік қызыл саясат өткен тарихты ұмыттырып, дінге тыйым салған зұлмат тұста хазіреттің мешітін бұздырып қана қоймай, өзін де ескіліктің насихатшысы ретінде қарастырып, ұрпақ санасынан өшіруге тырысты. Соның салдарынан абыздың артында қалған мұрасы ‒ мол кітап қоры мүлдем құртылды, ол туралы архив, құжат деректері жойылды.
Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров жуықта ағартушы жайында «Шаһидолла шапағаты» атты кітап шығарды. Онда архивтік мәліметтер келтіріліп, діни тұлғаның еңбегі кеңінен көрсетілген.
«Шаһидолла Түйтебекұлы 1906 жылы Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. ХХ ғасыр басында аталған медресе татар ұлты мен түркітілдес мұсылман халықтарының білім алатын үлкен ордасы болды. Онда ұлтымыздың бірқатар бетке ұстар азаматы білім алған. Осы толқынның арасында ұлтымыздың аяулы ұлдары Мағжан Жұмабаев пен Бейімбет Майлин де болды. Медресе шәкірттері діни сауат ашып қана қоймай, физика, жағрапия, алгебра сынды пәндердің де тереңіне үңілген. Сейілдә қажы кейін Қазан қаласында білімін жетілдіріп, құран тәпсірінен емтихан тапсырып, хазірет атанған. Шығыс тілдерін меңгерген білімді діни ұстаз. Қажылыққа екі мәрте барып келген. Оның табылған қолжазбасына қарап, оның жан-жақты білімді, тіпті сонау ғасырларда түркітілдес халықтар арасында ең мәдени тіл боп саналған шағатай тілін де жетік меңгергенін аңғарамыз. Он алты беттік қолжазбасының басым көпшілігі осы шағатай тілінде жазылған. Астана қаласындағы шығыстанушы ғалымдарға оқытып, біраз дүние бойынша түсініктеме де алдық. Онда ел арасында «молда қажы» атанған атамыз діни ағартушы ғана емес, ем-дом жасаумен айналысқанын байқаймыз. 1911 жылы ол Тереңкөл болысының имамы болып сайланады. Ел арасынан шәкірт жинап, медресе ашқан. Медресе 12 бөлмеден тұрыпты. Одан кейін айналасына иманды әрі дәулетті адамдарды тартып, мешіт салады», деп әңгімеледі кітап авторы.
Ел ішінде мынадай бір аңыз бар: Алла үйінің құрылысына біреулер ақшалай қолдау білдірсе, енді біреулер алтын білезігін, алқасын, сақинасын берген екен. Құрылысшылар мен ұсталар елдің көмегімен жиналған алтынды балқытып, одан мешіт күмбезінің басына орнататын айшығын жасайды. Сейілдә қажы қырық күн, қырық түн құран оқып, қырық бірінші күні әлгі айды мешіт күмбезіне орнатқан. Дәл сол күні күнбатыстан алапат өрт шығып, ауылға жақындайды. Қажы атамыз қолына Құранын алып оқып, Алла Тағаладан алапат өрттің басылуын тілеп жалбарынады. Құдайдың құдіретімен тілегі орындалып, ел-жұрт өрттен аман қалыпты. Содан кейін ел арасында «Сейілдәнің қырық бірі» деген сөз қалған. Алайда мешіт пен медресенің тағдыры көпке бармады, кеңес билігі кезінде бұзылып, материалдарын мектеп салуға пайдаланған екен. Сол тұста күмбездегі алтын ай жоғалып кеткен.
«Шаһидолла Түйтебекұлының өмір сүрген кезеңі қазақты орыстандыру саясаты жүріп жатқан ең бір қиян-пұрыс заман еді. 1822 жылы қазақ жерінде хандық билік жойылса, 1869 жылы шығарылған заң бойынша жер мемлекеттікі деп жариялады Ресей империясы. Қазақты биліктен айырған соң орыстың шығыстанушы ғалымдары дінімізге ауыз салды. Біздің тілімізді алғаш зерттеген Радлов, Остроумов секілді ғалымдардың түпкі пиғылы да теріс болғаны белгілі. 1865 жылы орыс миссионерлерінің қоғамы құрылады. Оның миссиясы да Ресей империясы құрамындағы шығыс халықтарын орыстандыру еді. Ал 1895 жылы қазақ миссионерлер қоғамы құрылып, Павлодар, Семей жерлерінде белсенді жұмыс істей бастаған. Олардың қазақты шоқындыру саясатына қарсы тұрып, асыл дінімізді, тіліміз бен ділімізді сақтап қалу жолында күрес жүргізіп, ғұмырларын сарп еткен Сейілдә хазірет секілді діни қайраткерлердің еңбегі ерен еді. Патша өкіметі қазақ жеріндегі мешіт-медреселердің өркен жаюына қысымшылық жасап келді. Сондай түрлі кедергіге қарамастан Сейілдә қажының мешіт-мектебі жүздеген саналы шәкіртті оқытып, білім шамшырағына айналды», дейді Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов.
Конференция барысында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Алаш ардақтылары туралы көрме ұсынды. Музей басшысы Ербол Қайыров өнегелі іс жасап, әйгілі перзентін ұлықтап жатқан Тереңкөл өңірінің зиялы қауымына, аудан басшысы Азамат Маңғытовқа алғысын жеткізді. Атап өту керек, бүгінде аудан орталығындағы мешітке діни қайраткердің есімі берілген.
Павлодар облысы,
Тереңкөл ауданы