Үкімет • 29 Қаңтар, 2025

Халықтың әл-ауқатының сапасы – басты көрсеткіш

102 рет
көрсетілді
57 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысына еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын баяндап, алдағы кезеңде атқарылар негізгі міндеттерге тоқталды. Жиынға Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Халықтың әл-ауқатының сапасы –  басты көрсеткіш

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Шешімін таппаған түйткілдер аз емес

Кеңейтілген отырысты ашқан Мем­лекет басшысы осы жиында дүниежүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқан тұстағы өзекті мәселелер талқыланаты­нын айтып, жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап, жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталғанына тоқталды.

– Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде да­йын бо­луымыз керек. Жаңа технологиялық ахуал­ға сақадай сай болуымыз қажет. Бұл – елі­міздің бәсекеге қабілетін артты­рып, тұ­рақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екені алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағаланатынын айтты. Қысқасы, Үкіметтің жыл бойы атқарған жұмысы міндет пен меженің үдесінен шыға алды ма? Былтырғы жұмыстың нәтижесі қандай болды? Басты тапсырмалар орындалды ма? Президент отырыста осы сұрақтарға тоқталып, жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелер талқыланатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сырттағы ­ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәти­желер бар екенін айтты. Ел экономикасы өссе де, шешімін таппаған түйткілдер әлі де аз емес екенін мәлімдеді.

– Қазіргі таңдағы басты мәселе мынадай. Әлем экономикасында болып жат­қан тарифтік тартыстар мен санкция­лық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін. Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көз­деріне деген сұраныс сақталады. Екін­ші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқты­рады. Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңі­нен қолданыла бастады. Жасанды интел­лектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы да­мы­ған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті страте­г­ия керек. Мен реформалардың нақты бағы­ты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел эконо­микасын тұралап қалудан сақтап, орнық­ты дамуды қамтамасыз ету үшін күр­делі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыру­ға тиіс, – деген Президент бұны жоға­ры білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мем­лекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс екенін айтты. Яғни әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын аса өзекті мәселелерді шешуге ғана жұмсауы керектігін баса айтты. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келгенін және орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажеттігімізді ескертті.

 

Экономиканы әртараптандырудың артықшылығы

Жиын барысында Мемлекет басшысы Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталды. Оның біріншісі – экономиканы әртараптандыру.

Былтыр елімізде өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жобалардың жалпы құны 1,3 трлн теңгені құраған. Нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтапты. Президент мұны кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш деп бағалап, осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керектігін атап өтті.

п

Мемлекет басшысы тағы бір аса маңызды мәселе ретінде экономикаға инвес­тиция тартуға да назар аударды. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізіпті. Алайда бұған тоқмейілсуге болмайтынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тұтас инвестиция­лық ахуалды жақсарту үшін мемлекеттік қызметшілер инвестициялық жобаларды әзірлеу барысындағы бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керектігін тапсырды.

Жалпы, Үкіметке инвестиция сала­сындағы жұмысты күшейту қажеттігін міндеттеді.

– Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығында бәсеке қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Көрсеткішке көңіл толғанымен, бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендегенін сынға алды.

– Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ бүгін ғана даму бюджеті шектеулі екені айтылды. Ол ішкі жалпы өнім көлемінің небәрі 8 пайызын құрайды. Инвестициялық жобаларды бюджет есебінен өтеу қысқа мерзімдік қана нәтиже бере алады. Біз мұны түсінуіміз керек. Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт, – деді Президент.

Сонымен қатар Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құру қажеттігін айтып, бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керектігін атап өтті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев кеңей­тілген отырыста ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатқанына тоқталды. Мұны кезінде елден заңсыз шығарылған активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет екенін еске салды.

– Мен бұл жөнінде ірі бизнес өкіл­дері­мен кездесулерде айтқанмын. Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компания­лар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс. Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Бүгін Премьер-министр баяндамасында осындай 17 кен орнының ашылғанын айтты. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан нарығы­на геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келіп, жер қой­науын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформаның да іске қосылғанын атап өтті. Ал Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек.

Президент ірі кен орындарының өні­мін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналға­нын атап өтті. Өз кезегінде бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на айтарлықтай үлес қоспақ. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет.

Бұған қоса Мемлекет басшысы иге­рілуі технологиялық тұрғыдан күр­делі бірқатар мұнай кен орнын, сондай-ақ айтарлықтай қоры бар тақта­тас мұнай кеніштерін экономикалық айна­лымға енгізу жөн екенін айтты. Мұндай жобалардың коммерция­лық тартым­дылығын арттыру үшін Үкімет мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруы керек.

– Тағы да қайталап айтамын: қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті. Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан мұнда отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Қоғам менің ұстанымымды білсін деп мұны әдейі айтып отырмын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем Қазақ­станға зор сенім артатынын, бізді «орта держава» ретінде танитынын айрықша атап өтті. Алайда бұл жоғары мәртебе сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс екенін айтты.

– Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен, атап айтқанда, Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың бәсекеге қабілетін күшейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса Президент Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстауды атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезек күттір­мейтін келесі мәселе ретінде туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажеттігін атады.

– Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген турис­тер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер. Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс, – деген Президент экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырмағанын жет­кізіп, мұның да стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.

 

Инфрақұрылымды дамытуды ілгерілету керек

Екіншіден, Президент инфра­құрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керектігін айтты.

– Үкіметтің және жергілікті ат­қарушы органдардың күш-жігерімен біз энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарысты еңсердік. Енді Үкімет мұндай жағдайға жол бермеуге тиіс. Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен білік­сіздігін көрсетеді. Аймақтарда ком­муналдық шаруашылықтағы басшы­лық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр. Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес, – деген Мемлекет басшысы ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат екенін айтты. Ал мұндай жағдай экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соқпақ.

пр

Президент сондай-ақ қоғамда ресурс­тарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқ­талды. Ендігі жерде азаматтарға үнем­деу жайлы үндеу тастап қана қоймай, бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажеттігін айтып, үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар екенін жеткізді.

– Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Президент әлеуметтік көмек мәселесіне де тоқталды.

– Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент маңызды міндеттердің бірі ретінде тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау­ды атап өтті. Бұл бағыттағы Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керектігін тапсырды.

Былтыр еліміз тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін (19 миллион шаршы метр) айтқан Президент тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн екенін ескертті.

Мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымына тоқталып, Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажеттігін атап өтті. Себебі бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ.

– «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа теміржол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек. «Алтынкөл – Жетіген» теміржолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады. Бұдан бөлек, теміржол тасымалын цифр­ландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылуға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Қысқасы, Қазақстанға озық логистика жүйесі қажеттігін айтқан Президент бұл стратегиялық сипатқа ие сала саналса да, біз автокөлік тасымалының әлеуе­тін толығымен пайдаланып отыр­мағаны­мызды жасырмады.

– Заманауи технологияларды енгіз­бейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифр­ландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс. Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміз аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтар мен заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсі­мін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетім­ді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек, – деді Президент.

Мұнан кейін қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 млрд долларға бағаланғаны айтылды. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания осы орасан зор мүмкіндікке мән бермеген, аталған салада толық жұмыс істемей отыр.

 

Цифрландыру саласында едәуір жетістік бар

Үшінші ескертілген мәселе – цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажеттігі. Президент бұл ретте еліміз цифрландыру ісінде, әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жеткенімізді атап өтті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана.

– Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет. Елімізде жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Адам капиталын дамытуды және жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми зерттеу тәсілдеріне көшіруді көздейтін «AI-Sana» жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасының маңызы артып келеді. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

пр

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Президент қазір жасанды интеллект нарығында қытайлық компания 6,5 млн долларға DeepSeek платформасын жасап шығарғанын, оның тиімділігі миллиардтаған доллар жұмсалған платформалардан асып түскенін жеткізді. Жуырда Қытай тарапының цифрландыру мәселесімен, жасанды интеллектіні ойлап табумен айналысатын өкілімен кездескенін айтқан Мемлекет басшысы елімізге Қытай тәжірибесін міндетті түрде қолдану керектігін баса айтты. Сөйтіп, Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырды.

Алайда цифрландыруды дамытамыз деп алаяқтықтың да алшаң басуына жол бермеу керектігін ескертті. Бірақ Президент киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиістігін міндеттеді.

Десе де киберқылмыстың статистикасы да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан аса интернеттегі алаяқтық фактісі тіркелсе, оның 80 пайызға жуығы әшкерелен­бейді. Мемлекет басшысы Үкімет, Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті, Бас про­куратура және басқа да ведомство­лар күш-жігер біріктіріп, Ішкі істер министр­лігі де көмекке келу керектігін тапсырды.

 

Ядролық кластер құру – үлкен міндет

Үкіметтің алдына қойылған негізгі міндеттердің төртіншісіне тоқталсақ. Президент энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру мәселесіне назар аударып, еліміз өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15–20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс екенін алға тартты.

– Бұл – Үкіметтің алдында тұрған мін­дет. Сондықтан алдағы екі жылда ке­мінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдар­­дың көр­сет­кішінен 2,5 еседей артық меже (1,3 ГВт). Біздің көміртегі бейтараптығына қол жет­кізу туралы стратегиялық бағдары­мыз өзгермейді. Алайда оны жүзеге асыруға барынша байыппен, салмақты түрде қараған жөн. Біз қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдалануымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалғанының кесірінен еліміз мықты қуат көзінен айырылып қалғанын жеткізді. Мемлекет басшысы еліміздегі энергия тапшылығы артып келе жатқанын алға тартып, алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажеттігін айтты.

– Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақ гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет 2027 жылы Батыс аймақтағы электр желісін еліміздің Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесімен біріктіруі керектігін айтты. Сондай-ақ Оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту жобасын жеделдету керектігін ескертті.

 

Ауыл шаруашылығы – алғы шепте

Бесінші, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажеттігі айтылды. Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шыққан екен. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Президент биыл осы науқанға кемінде 700 млрд теңге бөлу керектігін айтып, арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн екенін алға тартты. Сонымен қатар шаруаларға тиімділігі төмен субсидия бере бергенше, жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажеттігін тағы айтты. Және осы міндетті орындау керектігін тапсырды.

– Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстауды да қатаң ескертті. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығының экспорттық әлеуетіне әсер етпек.

Бұған қоса Президент ауылды дамыту­ға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталды. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керектігін айтты.

– Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар. Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қал­мауы керек. Қазір бұл міндет, негізі­нен, «Қазпошта» арқылы орындалып жа­тыр, – деген Мемлкет басшысы Үкімет­ке әкім­діктермен бірлесіп, пошта бөлімше­лері­нің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Салық-бюджет саясатына реформа қажет

Алтыншы міндет – салық-бюджет сая­сатын реформалау.

– Жаңа өндіріс орындарын ашу, инфра­құрылымды дамыту және үдерістер­ді цифрландыру үшін инвестор қаржысын тарту қажет екені түсінікті. Бір жағынан мемлекет те экономикаға салынатын ин­ве­стиция көлемін ұлғайта береді. Сон­дық­тан Үкімет барлық қаржыны басты басым­дықтарға сай бөлуі керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер бұлжытпай орындауға тиіс негізгі бюджет қағидатының бірі. Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс, – деген Президент Үкімет ұсынған шаралар бюд­жетті Ұлттық қордан қосымша қаржы ал­май-ақ толықтыруға мүмкіндік беретінін айт­ты. Дегенмен нақты есептеп, жанама фак­тор­лардың бәрін ескеру керек­тігін ескерт­ті. Сол себепті жаңа Бюджет және Са­лық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мер­зімде қабылдау міндеті тұрғанын айтты.

Және қоғам қалт жібермей жіті бақы­лап отырған бұл мәселе төңірегіндегі бар жұ­мыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүр­гізілуге тиіс екенін жеткізді. Яғни ха­лық­қа мемлекеттің саясатын түсіндіру керек.

Президент Мемлекет қаржысын барлық деңгейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор екенін айтып, тіпті ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиістігін атап өтті.

– Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындата­тын жобалар қаржыландырылуға тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қа­жеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керек. Өңірлердің даму қар­қыны бәсеңдеуіне және әлеуметтік-эконо­микалық жағдайдың нашарлауына мүл­дем жол беруге болмайды. Дәл осы себеп­ті мен бүгін әлеуметтік салық проб­ле­ма­сына назар аудардым. Тағы да ба­йыппен қараңыздар. Қазір аймақ әкім­дерін қаржылық стимулдан айыруға бол­майды деп ойлаймын. Сайып келгенде, өңір дегеніміз – тұтас ел. Сондықтан мұ­ның шешімін табыңыздар. Алдағы уақыт­та тағы да кездесіп, бұл мәселелерді талқы­лаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Президент өз Жолдауында цифрлық активтер айналы­мына қолданылатын тәсілдерді өзгерту қажет екенін айтқанына тоқталып, қазір мұндай активтерді тек Астана халық­аралық қаржы орталығындағы криптобиржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болатынын айтты.

– Алайда сарапшылардың баға­лауын­ша, Орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небәрі 5 пайызы пайдаланады. Қалғаны астыртын жұмыс істейді. Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.

 

Банктер жауапкершілігі және әлеуметтік мүмкіндіктер

Жетінші міндет – Президент маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету қажеттігі.

Мемлекет басшысы екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдар­лама­ларға, атап айтқанда, ірі инфра­құры­­лымдық жобалардың құрылысы мен жаң­­ғырту жұмысына тартуға болады және тарту керек деген мәселе көп айтыл­ғанын атап өтті. Яғни мемлекет бөле­тін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөл­шерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек.

– Бұл қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұл­ғайтып, банктердің ақшасын эконо­микалық айналымға қосуға мүмкіндік береді. 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көр­сетіл­генін білесіздер. Бұл көмек банк акцио­нер­лері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекет­­тік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырды.

– Бір нәрсені атап өткім келеді: банк­тер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді. Қомақты қаражат бергеніміз рас, – деп сөзін сабақтады Президент.

Осы ретте бизнестің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіріп отырғанын айта кеткен жөн. Сондықтан Мемлекет басшысы займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажеттігін баса айтты.

Сегізінші міндет – Президент әлеу­меттік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту.

– Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарла­маларын мейлінше әділ қаржыландыру тура­лы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұ­мысты бастады. Былтыр денсаулық сақ­тау саласының өзінде 140 млрд-тан аса тең­­ге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұм­салды. Демек жауапкершілікпен қара­ған кезде қосымша қаражат көзін де та­буға болады. Міндетті әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыру жүйесін реформалау­ды жалғастыру керек. Сонымен қатар бір­қатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесін же­тіл­діру туралы заң жобасын жедел пы­сық­тауы керек. Құжат осы сессияның соңы­на дейін қабылдануға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Ауылдағы денсау­лық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілгенін айтты. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітпек. Мұны ауқымды жұмыс деп бағалаған Президент көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмы­сы өте баяу жүріп жатқанын атап өтті.

– Жоспар бойынша биыл 32 ауруха­на­ға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Жұмыс созылып кетті. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Аталған мәселені дереу шешіңіздер. Үкі­мет пен әкімдер алғашқы көмек көр­сету ны­сан­дарының барлығын жыл соңы­на дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбе­йін­ді орталық аудандық ауруханаларды жаң­ғыр­ту жұмыстарын келесі жылдың соңы­на дейін аяқтауды тапсырамын, – деді Президент.

Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет­ті­гін айтқан Мемлекет басшысы бюджет қаржысын үнемдеуге жол ашатын вау­чер­лік тәсілмен қаржыландыратын пилот­тық жобаны атап өтті. Аталған жоба егер та­лапқа сай болса, бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болатынын айтты.

Ал биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Президент тапсырмасымен үш жыл ішінде тағы 1 300 мектеп жаңғыртудан өтпек.

Бұған қоса отырыста Үкіметке заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажеттігі тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылатынын айтып өтті.

– Еңбек адамының абырой-беделін арт­тыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Тех­никалық және кәсіптік білім беру жү­йесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауап­ты мекеменің бәрі және ең басты­сы, жеке сектор бұл іске белсене арала­суға тиіс. Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін тех­ни­калық және кәсіптік білім беретін ұйым­дарға арналған мемлекеттік тапсырыс кө­лемі артады. Оның мөлшері де біркел­кі болады. Бұған биыл бюджеттен қосым­ша 22 млрд теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Президент.

Сондай-ақ ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңыздылығын атап өтті. Себебі кейінгі жылдары мемлекет ғы­лымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арт­тырған. Әлі де арттырыла бермек. Бірақ бұл қар­жы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет.

 

Мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуге тиіс

Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиім­ді жұ­мыс істеуі керектігін баса айтты. Әкім­дер­ді тікелей сайлаудың нәтижесінде мем­ле­кет­тік қызметшілердің жаңа санаты – сай­­ла­натын басшылар пайда болатынын атап өтті.

– Бұл – 2,5 мыңнан аса басшы лауа­зымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті бо­­лып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет іс­­тері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мек­те­бі» оқыту жобасын іске қосуды тапсыра­мын. Бұл ретте осындай жұмысты жүр­гізіп жат­қан «Аmanat» партиясының тәжіри­бе­сін ескерген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет­тігіне ерекше тоқталды. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан аса өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбейіп келеді.

– Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасына сенетінін көрсетеді. Алайда сонымен бірге бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте, азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Ол ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатынын айтты. Сондықтан мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажет.

– Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет. Дегенмен мемлекет пен қо­ғамның серіктестігі азаматтарға да зор жа­уап­кершілік жүктейді, – деді Қ.Тоқаев.

 

Заң мен тәртіп қағидасын орнықтыру маңызды

Сонымен қатар Президент соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастағанын мысал етіп келтіріп, біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенімізді атап өтті.

– «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн. Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс. Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс. Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін-өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті депутаттар да бар. Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл – енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы алғанда, сегіз бағытқа жеке-жеке, егжей-тегжейлі тоқталған Пре­зидент Үкімет жұмысының басты бағыт­тарын айқындап берді. Атап айтсақ, ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядро­лық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері Үкіметтің ендігі кезеңдегі басты межесі мен міндеті болмақ.

Экономикамыз дамып жатқанымен, қарқыны көңіл көншітпейтінін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызда ауқымды міндеттер тұрғанын және оны алдағы бес жылда орындауымыз керектігін айтты. Ол үшін ең алдымен білікті әрі елдік мүддеге сай ойлана алатын отаншыл кадрлар керектігін айрықша атап өтті.

Еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесі мен қордаланған мәселелер талқыланып, алдағы міндеттер айқындалған Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажеттігі қатаң ескертілді. Мемлекет басшысы сөзінің соңында бізге нақты нәтиже керектігін, нәтиже болса ғана даму болатынын нықтай түсті.

 

Стратегиялық міндеттерді іске асыру жалғасады

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов 2024 жылдың қорытындыларына тоқталды. Алда тұрған мақсат-міндеттерді де жария етті. Айтуынша, былтырғы экономикалық өсім 4,8% болды. Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5%. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға артып, аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.

пр

Мұнай өндіру көлемі 2,4 млн тоннаға төмендеп, ішкі жалпы өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізген. Бұл көбіне еліміздің ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемеге және ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмысына байланысты болды деді Үкімет басшысы. Айтуынша, елімізде 29 ірі зауыт салынды, олардың қатарында Қостанай облысындағы шо­йын құятын; Алматы облысындағы вольфрам мен жылу оқшаулағыш материал өндіретін; Шымкентте бағалы метал өңдейтін; Қарағанды облысында катодты мыс, автокөлік шинасы мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындар бар. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оның моноқалалар санатынан шығуына мүмкіндік берді.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер былтыр 26 млн тоннадан астам астық және 3 млн тоннадан астам майлы дақыл жинады. 4 млн тонна астық экспортқа жөнелтілді. Егіншілер толық көлемде суармалы сумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте Арал теңізіне 2 млрд 600 млн текше метр су жіберілді, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір жоғары. Жалпы ұзындығы 400 км-ден асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмысы аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есе артып, 470 мың га болды. Құрылыста да нақты нәтиже бар. Алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. 12 мың км автомобиль, 2,8 мың км теміржол жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайында 3 жаңа терминал пайдалануға берілді. Жалпы, өткен жылы жүк тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, 1 млрд тоннаға жетті», деді Үкімет басшысы.

Ол сонымен қатар былтыр қосымша 300 мыңнан аса адам газбен қамтылып, 200 мыңнан аса адам орталық су жүйесіне қосылғанын да айтып өтті. 542 км жылу желісі мен 55 жылу көзі жаңғыртылып, 6,5 мың км инженерлік желі жөнделген. Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосым­ша электр қуатын өндіру көздері іске қосылған.

«Инвестициялық штабта жалпы құны 50 млрд доллар болатын 115 жоба бойынша түйткілді мәселе жедел шешімін тапты. Бюрократиялық мәселелерге қарамастан, еліміз үшін қажетті жобаларды дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдануда. Инвестштаб іскерлік ахуалды жақсарту үшін нақты кейстер негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлейді. Қазір 97 түзету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», деді.

Өңірлер бойынша өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыс­тары мен Астана және Шымкент қала­ларын­да тіркелді. Көрсеткіштердің төмен ди­­на­микасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақ­стан, Жамбыл облыстарында қалыптасты.

«Үкімет Мемлекет басшысының сайлау­алды тұғырнамасында, жолдауларында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастырып жатыр. Сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, біздің басымдығымыз болып қала береді», деді О.Бектенов.

 

Салық жүйесі реттеледі

Үкімет басшысы жекелеген оң нәти­желерге қарамастан, қазіргі эконо­микалық өсу қарқыны баяу екенін айтты. Елдің өнеркәсіптік әлеуетін толық көлемде іске асыру мен келешегі бар жоба санын арттыруға қомақты инвестициялық капитал жасақтап алу қажет. Алайда бұған «даму бюджетінің» жеткіліксіз көлемі кедергі келтіреді: дамыған елдерде ол мемлекеттің барлық шығысының 25%-ына, Қазақстанда – 8%-ға жетеді. Бүгінде 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет. Осы орайда Үкімет басшысы салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шаралар қажет деп, ҚҚС мөлшерлемесін арттырудың маңызды екенін айтты.

«Бұл отандық кәсіпорындардың бәсе­кеге қабілеттілігін арттырып, оларға қажет­ті қаржылық қор жасақтауға жол ашады. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүк­теменің азаюы бизнеске жұмыс­шы­лардың жалақысын көбейтуге мүмкін­дік береді. Қосымша салық түсімі эконо­ми­калық өсуді ынталандыруға, инфра­құрылымды дамытуға, басым сала­дағы келешегі зор бизнес-жобаларды қолдауға бағытталады. Ұлттық қор қара­жаты тек ірі инфрақұрылымдық жобаларды салуға ғана сұралады. Сонымен қатар мем­лекеттік шығыстар тиімділігі артып, бюд­жет тәртібі нығаяды», деді Үкімет басшысы.

Елімізде қосылған құн салығы шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылды. Бұл шара шағын және орта бизнеске айтарлықтай әсер етпейді. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысында неліктен ҚҚС шегін көтеру қажет екенін түсіндірді.

Қазіргі уақытта Парламентте жаңа Салық кодексінің жобасы талқыланып жатыр. Онда салықтық жеңілдіктерді қысқарту, екінші деңгейлі банктерге, ойын бизнесіне, сән-салтанат бұйымдарына салықты арттыру сияқты бірқатар шара қарастырылған. Үкімет басшысының бірінші орынбасары бұл шаралар сапалы экономикалық өсім мәселелерін толық шешуге жеткіліксіз екенін айтты.

«Бізде даму бюджеті жеткіліксіз деңгейде, бұл салықтың аз жиналуымен байланысты. Шоғырландырылған бюджеттің салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты үлесі 20%-ды құрайды, ал республикалық бюджеттің салық түсімдерінің ІЖӨ-ге қатынасы тіпті аз – 10,8%. Бұл көрсеткіш дамыған елдерде 40%-дан асады», деді ол.

Негізгі салықтардың бірі – қосылған құн салығының жалпы жиналған салық құрылымындағы үлесі 24%-дан асады.

«Десек те, ҚҚС-ның мәні бұрмаланып отыр, бұл – бұрынғы жылдары жүргізіл­ген салық реформаларының салдары. 1995 жылдан 2009 жылға дейін ҚҚС мөлшерлемесі 20%-дан 12%-ға дейін, ал корпоративтік табыс салығы 30%-дан 20%-ға дейін төмендетілді. Бұл шаралар салық және инвестиция климатын жақсарту, елде кәсіпорындар мен инвестицияларды көбейтуді мақсат етті. Бір уақытта көптеген салықтық жеңілдіктер беріліп, жалпы салық жүйесі либералданды, ал салықтардың жиналуы азайды. Салықты оңтайландыруға мүмкіндік беретін заңды жолдар пайда болды, бизнес ұсақталып кетті. Ал ҚҚС іс жүзінде 12%-дық бөлшек салыққа айналды», деді С.Жұманғарин.

Бүгінде елімізде тіркелген 2 млн 300 мыңнан астам салық төлеушінің 137,7 мыңы ғана ҚҚС төлейді, бұл жалпы санының 6%-ы ғана. Олардың ішінде нақты ҚҚС төлейтіндер 88 мың немесе барлық салық төлеушілердің 4%-ы ғана.

«Негізгі себептердің бірі – ҚҚС бо­йынша тіркеу шегінің жоғары болуы (78 млн теңге). Сондықтан бірінші кезекте, біз ҚҚС шегін 15 млн теңгеге де­йін төмендетуді ұсынамыз. Қазіргі таңда осы шектерде ШОБ-тың 80%-ы жұмыс істейді, сондықтан бұл шара олардың көпшілігіне айтарлықтай әсер етпейді. ЭЫДҰ елдерінде ҚҚС тіркеу шегі бұдан да төмен, ал кейбір жетекші экономикаларда ол тіпті нөлге тең. Осылайша, ҚҚС қайтадан есептеуге арналған салыққа айналады», деді вице-премьер.

 

Қаржы секторындағы ізденістер

Отырыста сөз алған Ұлттық банк төраға­сы Тимур Сүлейменов былтыр әлемде күр­делі геосаяси жағдайдың сақталуы шикізат бағасына, қаржы және валюта нарығына айтарлықтай ықпал етті деп мәлімдеді.

«Өткен жылы Ұлттық банктің ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен Үкімет қабылдаған шара нәтижесінде инфляция 2023 жылғы ең жоғары көрсеткіштен 2,5 есе төмендеді. Өткен жылы инфляция 8,6%-ды құрады. Азық-түлік тауарлар инфляциясы 5,5%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 8,3%-ды құрады. Бұл жалпы инфляция көрсеткішін төмендетуге әсер етті. Ал негізгі проинфляциялық үлесті қосқан – реттелетін және нарықтық қызметтер бағасы», деді Т.Сүлейменов.

Нарықтық қызметтер 11,5%-ға қымбат­таған. Коммуналдық тарифтер орта есеппен 21,1%-ға өсті. Бұл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына байланыс­ты екені түсінікті. Дегенмен бағдарлама іске қосылғалы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық секторына 600 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Коммуналдық тарифтердің инфляцияға нақты қосқан үлесі болжамды көрсеткіштен төменірек қалыптасып, 1,1% болды.

«Ұлттық банк 2024 жылы қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды шаралар қабылдады. Бұл әрекеттер теңге бағамын тұрақтандыруға, валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және елдің алтын-валюта резервтерін арттыру­ға бағытталды. Алтын сатып алу опера­ция­сы бойынша монетарлық бейтараптық енгізу – сол шаралардың бірі. Бұл әдіс теңге эмиссиясын шамамен 3 трлн теңгеге қысқартуға және шетел валютасының ұсынысын жылына 5,5-6 млрд долларға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Үкіметпен бірлесіп квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату нормасы қайта жаңартылды. Қалыптасқан фискалдық жағдайда Үкімет Ұлттық қордан қаражат алу көлемін 6,3 трлн теңгеге дейін өсіруге мәж­бүр болды. Ол қаражаттың 5,6 трлн тең­гесін тікелей трансферттер құраса, 467 млрд теңгесіне акциялар сатып алынды. Инф­рақұрылымдық жобаларды қаржы­ландыру үшін 238 млрд теңгеге квази­мем­лекеттік сектордың облигация­лары сатып алынды. Сонымен қатар ак­тив­­тердің теңгерімді аллокациясына көш­­кені­­міздің арқасында инвестициялық кірісті жылына 4,5 млрд долларға немесе 7,5%-ға арт­тырдық. Бұл орташа тарихи кірістіліктен 2 есе жоғары», деді Ұлттық банк төрағасы.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде валютаға деген шектен тыс және ажиотажды сұраныс азайған. Ұлттық банк сарап­шыларының айтуынша, сыртқы немесе ішкі күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда, теңге бағамы өзінің жаңа фундаменталды деңгейін тапты деп есептеуге болады.

Былтыр жаһандық құбылмалылық пен сыртқы борыштарды өтеу қажеттілігіне қарамастан, еліміздің алтын-валюта резерві 27,4%-ға өсіп, тарихи максимум – 45,8 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш халықаралық стандарттарға сәйкес, импорттың 3-6 айлық қажеттілігін жабуға жеткілікті болуға тиіс.

«Ұлттық қордағы валюталық активтер­дің жалпы көлемі 58,8 млрд долларды құрады. Ұлттық қорды басқарушы ретінде Үкіметпен бірлесіп қаражатты елдегі жобаларға инвестициялаудың оңтайлы тәсілін таптық. Осыдан ондаған жылдар бұрын Ұлттық қордың қаражатына облигациялар ұзақ мерзімге және нарықтық емес мөлшерлемелер бойынша сатып алынғанын білеміз. Бұл Ұлттық қор қаражатының тікелей және қомақты шығынына алып келді. Ал қазір қарыз алу шарты нарықтық шарттарға жақын. Бұл болашақ ұрпаққа арналған қордың мүддесі мен стратегиялық жобаларды іске асыру маңыздылығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Одан басқа қаржылық тәртіп пен экономикалық қайтарымның жоғары болуын қамтамасыз ету үшін Үкіметпен бірлесіп Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды бағалау тиімділігін арттырудың жаңа тетігін әзірледік», деді Т.Сүлейменов.

Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану мақсатында ел экономикасының жаңа секторларын дамытуға әлі де басымдық берілу керек. Сондықтан инновациялық стартаптарды қолдау үшін арнайы инвес­тициялық бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл бағдарлама шағын стартаптарды қар­жы­ландырып, жеке капитал нарығын дамытады. Жобаларды құрылымдау үшін Астана халықаралық қаржы орталығының инфрақұрылымы пайдаланылмақ. Бұл шаралар қаржылық сараптама, технологиялар трансферті және қосымша инвес­тиция тартуға жол ашады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері 2024 жылы 25,9%-ға өсіп, 22,4 трлн теңгеге жетті. Инвестиция­лық кіріс 3,4 трлн теңгені құрап, инфляция деңгейінен екі есе жоғары нәтиже көрсетті. Банк секторы да тұрақты даму үстінде. Екінші деңгейлі банктердің активтері 61,6 трлн теңгеге жетіп, депозиттердің долларлану деңгейі 22,5%-ға дейін төмендеді. Бизнеске берілген кредиттердің көлемі 20,6%-ға өсіп, 18,8 трлн теңгені құрады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы 2024–2025 жылдары экономи­каны қаржыландыруға 2 трлн теңге бөлу жоспарланған. Өткен жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы 386 млрд теңге инвес­тиция тартылып, оның бір бөлігі көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталды. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұры­лымы енгізіліп, криптоактивтердің реттел­ген айналымын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл тәсіл цифрлық қаржы актив­терін дамытуға және жеке капитал нарықтарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жиында Астана қала­сының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздық­беков, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Шебер дәнекерлеуші

Еңбек • Кеше

Мал баққанға бітеді

Еңбек • Кеше