Таным • Бүгін, 08:50

«Ұмытпаспын... ұмытпаспын... тірілттің!»

19 мин
оқу үшін

Биыл «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы «Татья­наның қырдағы әні» атты тарауының жазылғанына 90 жыл толады. Сол ұлы туынды оқырманымен қалай табысты, сол туралы Бейсекеңді – Бейсенбай Кенжебаевты есіме ала отырып, сыр суырт­пақтасам деймін.

«Ұмытпаспын... ұмытпаспын... тірілттің!»

Дүние руханиятындағы дана адамдардың емешегі үзіліп тұрып екінші бір адамға қарата: «Ұмытпаспын!.. Ұмытпаспын!..Тірілттің мені!», – деп көзіне жас алып тұрып жансүйінер сөзін айтқан тұлғаны білмеймін. Бірақ дәл осылай деп айтқан данышпан және сол сөзді айтқызған ерлік иесі қазақ әдебиеті тарихында бар. Ол қаһарман рухтың иесі – қазақ әдебиетінің тарихын он ғасырға ілгерілеткен, ер жүрек, табанды, қайсар, әділ, адал, момындардың ішіндегі асауы, асаулардың ішіндегі момыны, тіктей қараған көзімен бір ғасырдың қас-қабағын білдіретін, мың ауыз сөзге бір-ақ ауыз сөзбен жауап беріп, қарсыласының үнін шығармай тастайтын тұйық шешен, шәкірттеріне жанын қиып беретін және оларға жанын шығара жұмыс істететін  ұстаздардың ұстазы, менің де ұстазым – Бейсенбай Кенжебаев. Ол кісінің қарапайымдылығы сондай, қарапайым кісілердің ішіндегі – қарапайымы, қатардағылардың ішіндегі – қатардағысы, үнсіздердің ішіндегі – үнсізі, момындардың ішіндегі – момыны. Бірақ Баукең – Бауыржан Момышұлы дәл та­уып айтқанындай, қаһармандардың ішіндегі – қаһарманы еді. Қатардағы қарапайымдардан айырмашылығы – пәкене бойы, қысқа қып қидырған, кірпілене тікірейген шашы ғана. Ал жоғарыда жазылған: «қарапайым кісілердің ішіндегі – қарапайымы, қатардағылардың ішіндегі – қатар­дағысы, үнсіздердің ішіндегі – үнсізі, момын­дардың ішіндегі – момыны» – дегенімнің дәлеліне, өзімнің шәкірттік кезімнен шағын естелік келтірумен ғана шектелемін. Бірақ осындағы айтылатын әнтектіктерім үшін оқырмандардан да, Бейсекеңнің әруағынан да кешірім сұраймын.

Араға тура жарты ғасыр, яғни елу жыл өткен соң барып ұстазымызға беріп отырған бұл «қаһармандық» мінездемелердің мазмұн-мағынасын, қадір-қасиетін естісек те, алғашында жете сезінбегеніміз анық еді. Өйткені алғаш көргенімізде, тіпті дәріске бой үйрете бастаған кезімізде де, ол кі­сі бізге тура жоғарыдағы айтыл­ғанындай, (қарапайым кісілердің ішін­дегі – қарапайымы, қатардағылардың ішіндегі – қатардағысы, үнсіздердің ішіндегі – үнсізі, момындардың ішіндегі – момыны) сияқты көрінетін. Аудиторияға студенттермен бірге кіріп, ақырын басып столға отырып,­ міндетті түрде қоңырау соғыл­ғасын, естілер-естілместей етіп: «Жиыр­маншы (Жиырмасыншы емес) ғасырдың басында...» – деп, шәкірттерінің алды-арты жиналмас­тан дәрісін бір қалыпты дауыспен бас­тай беретін. Алдындағы қағазынан көз алмай оқып отырып, анда-санда басын көтеріп: «Солай» деп қоятын. Студенттердің біразы ол кісінің атақты профессор, ұстаздарымыздың ұстазы Бейсенбай Кенжебаев екенін біразға дейін білген де жоқ десем, жаңылыс айтқаным емес шығар. Содан, бойларын үйрете келе, әуелі пысық ұлдарымыз, оларға ілесіп қыздарымыз да дәріс үстінде ақырын жылыстап шығып кететін болды. Ол кісінің абырой-атағынан, өр рухынан сәл хабардар Мұратқан Қаниев, Айтуған Шәйімов, Несіпбек Айтов, Құрманғазы Бексайынов, Жанболат Аупбаев, Гүлжамал Теміреева сияқты әдебиет тарихына ынталылар ғана алдында бір уыс болып отыратынбыз. Бірде сытылып бара жатқандарды көз астымен шығарып сап, ақырын ғана көзілдірігін бір көтеріп қойып: «Бара берсін. Сендер түгел болсаңдар жетеді. Бүгін әлгі қара бала (Мұратқан) жоқ қой. Өткенде сен болмадың ғой. Білім ынталыға ғана қонады. Сендер оларға еліктемеңдер. Ол болмайды», – дегені бар. Сөйтсек, Бейсекең бәрін біліп, көріп, аңғарлыларды іріктеп, іштей бізді түгендеп отырады екен ғой. Біз ұйып тыңдаймыз. Аз сөзінің астарын өзімізше түсінген боламыз.

Жаңағы сөзден кейін құрметіміз тіпті күшейді. Үзіліс кезінде де ауди­­то­рия­дан шықпайды. Әлде­бір­ қа­ғаз­дар­ды ақтарады да отырады. Басқа пәндерден дәріс оқи­тын Рым­ғали Нұрғалиев пен Мыр­затай Жолдасбековтің, кездесулердегі  Мұхтар Мағауиннің Бей­се­кеңнің қаһармандығы туралы аңыз етіп айтқан әңгімелерінен соң ықыласымыз тіпті ерекше болды.

Шәкірттері туралы сұрағанымызда, ғылыми дәрежелерін қорғап кеткен алдыңғыларын атамай, орта ғасыр әдебиеті тарихынан кандидаттық қорғауға дайындалып жүрген Алма Қыраубаеваны ерекше атағаны есімде. Сөйтіп, жүргенде, шашы тірсегіне түскен, қара көзді, сыпайы, әдепті Алма деген қыз Бейсекеңнің тәжірибе сабағын жүргізді. Біздің ішімізде Рымғали Нұрғалиевтің өзінен екі жас үлкен не тете жігіттер бар еді. Әлгілердің серілігі ұстай бастады. Соны естіген Бейсекең дәрісті қайта өз қолына алып: «Алма деген – аяулы бала. Оның мазасын алмаңдаршы. Өтінемін. Сендер қамқор боп жүріңдерші», – деп сондай қиыла өтінгені, сол кезде көзі де жасаурай қалғандай болғаны әлі есімде. Не деген момын мейірім деші. Әйтпесе қатты бір же­кіргені бізге жетіп жатыр еді ғой. Осыдан кейін: «Момындардың момыны еді» демей көріңіз. О, қасиетті әулием, сіздің де көңіліңізге алаң кіргіздік-ау. Өкінішке қарай, орта ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын орнықтыра зерттеген Алма апай Астанаға кеп ұстаздық ықпалын барынша кең арнаға түсірген шағында өмірден ерте өтті. Қолын ұстап отырып қоштасқанымда: «Енді тілдесе алмаспыз» дегені де есімде. Бірақ ұстазының аманатын табанды түрде орындап, орнықтырып кетті. Қазір орта ғасыр әдебиетінсіз әдебиет пәні өтілмейді.

Ал Бейсекеңнің «үнсіздерден де үнсіз», «қаһармандардың қаһарманы» болатыны сол кезде аңызға айналып жүрген мына жайға қатысты. Қатардағы ғылым кандидаттарынан қосылып, азулы академигі қолпаштап, бас идеолог басына үкім айтып сөйлеп, жалғыз өзін талап жатқанда да дыбыс шығармай үнсіз отырып, тек: «Сен өзі шашың тікірейіп, мойныңды төмен салып ап, деміңді шығармай, адамның дымын құртып, бедірейіп отыра береді екенсің», – деп ар-намысына тигенде ғана: «Жеке басқа тиіспеңіз. Білсеңіз, ғылымның сөзін айтыңыз. Білмесеңіз, сауатсыздығыңызды көр­сетпей, дәлелсіз шабына бермей орныңызға отырыңыз», – деп дік ете қалатыны, сол сөзбен-ақ әлгі азулы асаудың мысын басатынына қаратыла айтылған еді.

Сол сәтте бар әуселесін сала қарт бурадай шабынған «азулы академик»: «Мынау не дейді, тымпиып отырып бәрін бүлдіреді, бәрібір қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан басталады. Көне түркі, орта ғасыр, жыраулар әдебиеті деген әдебиет жоқ. Мен тұрғанда бұл диссертация өтпейді және кітап боп басылып шықпайды», – деп столды төпелепті. Ол туралы диссертация қорғаушы шәкірті Мұхтар Мағауиннің бізге: «Қорғаудың беті теріс қарап барады. Бейсекең үндемейді, тек: «Дауысқа салайық» деп қарап отыр. Кезекті маған бергенде, диссертацияның жөн-жобасын айта келе: «Жаңа бас оппонент: «Мен тұрғанда диссертация­ өтпейді, кітап шықпайды», – деді. Қорғаудың нәтижесін кеңес шешеді. Ал бұл кітап боп шығады. Сіздің денсаулығыңыз мықты, жетпіс жасайсыз, тіпті үкіметтің ауруханасының дәрігерінің қарауындасыз, сексен жасайсыз, тағы он жылды Алла тағалам қосып берсін, тоқсан жасайсыз. Ал мен ол кезде бар-жоғы қырық-елуге келем. Сол кезде кітап бәрібір шығады», – дедім. Бейсекең тағы да үндемеді. Әлкей Марғұлан бастаған дегдарлар қостап, қорғап шықтым. Бейсекеңнің жаны содан кейін тыныш тапты. Сонда да үндемеді. Кеудесі тік, тас-түйін қалпынан жазбады. Тек: «Кітапты баспаға дайында», – деді. Сөйтсем, ол кісі бүгінгі текетіресті емес, келешек күресті ойлап, шешім қабылдап, ғылымның келесі баспалдағына жоба жасап отырыпты. «Қобыз сарыны» солай, әлгі академиктің көзі тірі кезінде жарық көрді», – деп айтқаны бар еді.

Бұл қазір айтуға  жеңіл, қатардағы қысыр сөздің бірі сияқты көрінгенімен, шындығында, қазақ ұлтының тарихы мен рухани тағдыры таразы басында қылпылдап тұрған шағымды, намысты шағы еді. Егер де жыраулар әдебиеті туралы бұл диссертация қорғалмай қалса, онда қашан тәуелсіздік алғанша қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жырау­дан бастап оқып, университет бітіретін едік. Қандай тарих пен әдебиеттен мақұрым қалатынымызды білмей, шын надан ел екендігіміздің белгісі ретінде диплом алып шығар едік. Міне, Бейсекеңнің жеңіске бастайтын «үнсіз шешендігінің» бір нәтижесі, ерлігі, қаһармандығы осындай.

Ал бұл қаһармандық жол сонау сұрапыл соғыс жылдарында ұлы Мұх­тар Әуезовке: «Сен мені тірілттің!», – деген жан сөзін айтқызған 1942 жылы басталды. Ол қаһармандық қазақ әдебиетінің деңгейін дүниежүзілік дәрежеге көтерген «Абай» романы­ның жарық көруіне байланысты еді. Егер Бейсекеңнің сол ерлігі болмаса, 1943–1945, 1947–1953 жылдарғы саяси науқанның кесірінен, ол романның 1955 жылға дейін шығу-шықпауы неғайбыл  болатын. Мәселе былай. 1940 жылы жазылып, жариялануға үнсіз тиым салынған «Абай» романы туралы 1942 жылы 26 июль күні «Социалиcтік Қазақстан» газетінде Бейсенбай Кенжебаев пен Қуандық Шаңғытбаевтың мақаласы шыға келгенде, әкімшілік орындары да, Жазушылар одағы да, «пәленше мен түгеншелер» де санын бір-ақ соғады. Бейне «жердің астынан жік шығып, екі құлағы тік шыққандай» таңданысып қалады. Алғашында бір-біріне қарасып: «Сен білдің бе, сен рұқсат берді бе», – десіп елеңдеседі де, істің мәнісі анықталғанда шабуылға тұра ұмтылысты.

Бірақ тым кешігіп қалып еді. Соғыс­тың төтенше жағдайы барынша түйіліп, «Абайдың» жоқтаушыларының сы­бағасын беруге мүмкіндік бермеді. Шығып кеткен кітапты кері қайтарып, басып тастауға қағаздың қат кезінде бас­паны орынсыз шығындатуға батпады. Аса беделді әкімдердің «бе­делі» «ешқандай патриоттық тақы­рыпты қозғамайтын» бұл романды жо­ға­рымен келіспей, өз бетінше шы­ғар­ға­ны үшін баспаның бас редакторы Бей­сенбай Кенжебаевқа қатаң cөгic жария­лауға ғана жетті. Іле майдандағы жауын­герлердің, Бауыржан Момыш­ұлы, Мәлік Fабдуллин сияқты аты аңыз­ға айналған батырлардың романды жақтаған пікірлері мен хаттары жария­ланып барып, дүмпу басыл­ды. Бірақ apада сәл үзіліс өткенде Бей­сенбай Кенжебаев қызметінен босатылды.

Егер де баспаның бас редакторы Бейсенбай Кенжебаевтың азаматтығы мен батылдығы болмаса, «Абай» ро­манының қашан шығатыны, тіпті, шығу-шықпауы, жалғасының жазылу-жазылмауы неғайбыл еді. Шығар­маның құндылығын біле тұра, қасақа­на қысым жасалғанынан хабардар Б.Кенжебаев екі-үш адамға ғана қыс­қаша тапсырма беріп, тәуекелге бел буады. «Сүйінші» данасы келген күн­нің ертеңінде Орталық партия коми­тетінің органы «Социалистік Қазақ­станға»  мақаланы жариялап жіберуі де әртүрлі тосқауылдың алдын алу мақсатында туған еді. Аса жауап­ты партия қызметкерлерінің біреуі Мұхтар­дың қыр соңына түскеніне қарамас­тан, халықтың пікіріне ашық қарсы шыға алмады. Алайда екінші, үшінші, төртінші кітаптың жазылуы мен жариялануы тұсында «аңғалдық жасамады», барынша есесін қайтаруға тырысты. Мақсатына түптеп келгенде жетпегенімен, он бес жыл бойы­ Мұхтардың басына қамшы үйіру­мен болды. Міне, осындай сынақ сәтін­де Сәбит Мұқанов пен Faбит Мүсі­репов «Абайды» да, оның авторын да қолтығынан демеп, «судан алып шық­ты». Бірақ та Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас сол шие­леніскен қалпында қалды. «Өкпеге қиса да өлімге қимады» деген мәтелдің шындығына қос алыптың достығы мен араздығының жік арасындағы құбылыс көз жеткізгендей. Бұл тағдыр ұсынған тартыстың басы ғана еді. Қандай да қысастық көрмесін, Б.Кенжебаевтың батылдығының арқасында «Абай» халқының қолына тиді.

Мұхтар Әуезовтің ұлы даңқ сапарына аттануына осындай септігі тиген Бейсенбай Кенжебаев алғашқы «сүйінші» нұсқаны ауруханада жатқан жазушыға апарып береді. Сонда терезеден қарап тұрып, кітаптың мұқабасын сипалай түсіп, екі көзінен аққан жас кесек те келісті бетін жуып, моншақтай төгіліп: «Ұмытпаспын... Ұмытпаспын» деп кемсеңдей жөнеліпті. «Тірілттің... тірілттің» дегенін де Бейсенбай Кен­жебаев естіпті. Бірақ бұл сөзді осынау қарапайым, сырт көзге жұмсақ, ерекшелене бермейтін, іші алтын, мақсаты жолында қарағаштай қатып қалған ғалым ешқашан да сыртқа шығарып, мақтанған емес. Ол үшін жай ғана кезекті міндет, азаматтық парыз бұл. Сөзіміздің дәлелі үшін, аз сөйлеп, көп іс тындырған Бейсенбай  Кенжебаевтың аруағына тағзым ете отырып, сол бір мезет жөнінде жазған өзінің естелігін ұсынамыз.

«Москваға 1941 жылдың басындағы бір келуінде Мұхтар өте қуанышты еді. Кездесіп, әңгімелесе бастағанымызда-ақ ол: – Мен биыл бір үлкен жұмыс бітірдім. Абай туралы біраз жылдан бері жазып жүрген романымның бірінші кітабын баспаға бердім. Бұған дейін ipiлі-уақты біраз шығарма жаздым ғoй. Мына романым соның бәрінен өзге, жазушылық қызметімнің бір биік белесі сияқты. Адам өзінің әр жұмы­сына, біріне аз, біріне көп дегендей, әр түрлі қанағаттанады, түрлі­ше риза болады ғой. Осы романыма айрықша бір көңілім толғандай, – дегенді айтты...

1941 жылы май айында мен Алматы­ға ауысып келіп, қазақтың мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы болып тағайындалдым да, дүние жүзіне мәшһүр болған асыл шығарманың алғашқы кітабын дер кезінде бастырып шығару борышы – ардақты борыш менің де үлесіме тиді. Былай дейтінім, баршаңызға мәлім, сол жылы 22 июньде Ұлы Отан соғысы басталды да, баспаның жұмысын осы қаһарлы күндердің зәру қажетіне ыңғайластыру мақсатымен және кейбір жабдықтар мен қызметкерлердің жетіспеуі салдарынан, оның бұрынғы жоспары өзгертіліп, біраз  шығармаларды тоқ­тата тұруға мәжбүр болдық. Бірақ біз, баспа қызметкерлері, әрі ойласып,­ бері ойласып, романды ертерек шығару қажет деп таптық. Көп кідірмей ма­шинкаға жаңа әріппен қайта басқызып (кітап алғашында ескі латын әрпімен терілген еді), баспаханаға жібердік. Келесі 1942 жылы июль айында «Абай» баспадан шыққан күні ол жө­нінде Қуандық Шаңғытбаев екеуміздің мақа­ламыз да жарық көрді. («Социалистік Қазақстан», 26 июль, 1942 жыл). «Абай» романын шығаруға менің де біраз еңбек сіңіргенімді Мұхаң байқап, маған өз кітабының бетіне мынадай сөздер жазып сыйлады:

«Бейсенбайға!

Кітаптың дүниеге шығуына еткен еңбегің мен достық, інілік көңіліңді айрықша сүйініп бағалаған жүрекпен сыйлаймын.

Мұхтар.

31. VIІІ. 42».

Ұлы оқиға туралы естеліктің ұзын-ыр­ғасы осы ғана. Әрі қысқа, әрі нұсқа. Өзге біреу болса қалай шалқып, қалай кө­сілемін десе, реті келіп-ақ тұрған ұрым­тал тұс. Өкініштісі, келер ұрпаққа аса қажет көңіл күй толғаныстарының айтыл­май қалуында. Алайда ауа жайы­лып, орайы келгенде, өзін алға ұстау – Бей­секеңе жат. Мұхтарды сүйін­дірген де, «осы сен неге бізге қарсы сөйлемей­сің»­ деп өзгелерді күйін­дірген де – сол қара­пайымдылығы мен қайсарлығы болатын.

Міне, Бейсекеңнің тәуекелшіл ерлігінің, Баукеңше айтсақ, қаһарман­дығының арқасында кейіпкер «Абай» – «халық ата, халық анаға» осылай жол тартып еді.

Адал, ары таза, туған халқының рухани өмірінің шынайы жанашыры Бейсекеңнің екінші үлкен өмірі «Абай» романы үшін баспадан қызметтен шы­ға­рылған соң, университетке ауысқан сәттен басталды. Аты ауызға алынбай­тын, «Алаш» ұранының авторы Сұл­танмахмұт Торайғыров туралы диссер­тация қорғады. Қазақ әдебиеті кафе­драсын басқарды, профессор ата­ғын алды. Арада жиырма жыл өт­кен соң қазақ әдебиетінің тарихын он ғасыр «ары жылжытып» екінші азамат­тық ерлік жасады. Сол ширек ғасыр ара­лы­ғында – халықтың рухани мұрасын қалпына келтіру жолында неше түрлі құқайды көрді. Арсыз арандатуды да, жа­зықсыз жаланы да, ашықтан-ашық қорлауды да үнсіз қабылдап, ғылыми бағытынан танбады. Ақыры мұратына жетті. Қазір қазақ әдебиетінің тарихын VІІІ ғасырдан бастап, XІ–XIV ғасырмен жалғастырып, Қорқыт пен Асан қайғыдан бастау – бүгінде ешқандай таңсық емес. Бірақ та ол үшін бір адам өзінің ғұмырын құрбан еткенін есте ұстау парыз. Бүгінгі әдебиет тарихының құлып-қақпасын ашқан Бейсекеңнің – Бейсенбай Кежебаевтың рухы ұлтының рухани жадында мәңгі қалады.

Сондай дегдардан дәріс ап, Рымға­ли Нұрғалиевтің жетектеуімен шаңыра­ғынан дәм татып: «Жақсы жүр» деген бірауыз жылы тілегін естіген біздің де жүрек жұбанышымыз шексіз. Қасиетің­нен айналдық, ұстаздардың ұстазы!

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, алаштанушы ғалым 

Соңғы жаңалықтар