27 Мамыр, 2016

*Сырт көз – сыншы

429 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Джанет ХЕКМАН, Еуропа Қайта құру және Даму банкінің Қазақстандағы директоры: – Форум аясында Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті 8 түрлі келісімшартқа қол қойды. Олар агробизнес, газ құбырлары, энер­­гия тиімділікті арттыру салаларындағы жо­ба­­лар. Біз Қазақстанның құрылыс материал­дары мен инфрақұрылым, логистика саласын дамыту­дағы мүмкіндігін байқап отырмыз. Сон­дай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы мен мал шаруа­шылығы, тамақ өнімдерін қайта өңдеу ин­дустриясын өркендетуде де әлеуеті жоға­р­ы. Бұл ретте, Еуропа қайта құру және даму банкі жергілікті және халықаралық инвесторлар­мен байланыс орнатып, жобаларды қолдауға дайын. Жихан СҰЛТАНОҒЛУ, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік бюроның директоры: – Біз Қазақстанның резервтік қорды құру және елде «жасыл экономиканы» жылдамдатуда қолданылуы мүмкін көреген шешімін қолдаймыз. Қазақстанның мақсаты тұрақты экономика құру болып табылатын құрылымдық өзгерістер сериясына бастамашылық етуі құптарлық жағдай. Бұл өзгерістер ел дамуының ұлттық жоспарына Тұрақты дамудың жаһандық мақ­саттарын енгізуге көмек­теседі. Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт Жос­пары және ЭЫДҰ стан­дарттары деңгейіне дейін экономиканы жақсартуға ұмтылысы, эконо­ми­каны әртараптандырудың үдерісін тереңдету үшін мүмкіндік жасайды деп ойлаймын. Джеффри САКС, Колумбия университеті жер институтының директоры:   – Қазақстанда кедей­шілік деңгейі 5 пайыздан тө­мен. Бұл үлкен жетістік. Тіпті, әлемдегі ең қуатты экономика болып табылатын АҚШ-тың өзі тек соңғы уақытта ғана осы көрсеткішке жетіп отыр. Қазақстанның күн­көріс коэффициентін алып қарайтын болсақ, ол Скан­динавия елдерінің көрсеткішіне жетеғабыл. Әрине, бұл дәрежеге жету бір мәселе, оны сақтап тұру екінші мәселе. Бұл ретте денсаулық сақтау мен білім беру саласын озық стандарттар негізінде реформалау қажет деп санаймын. Сун ХУНБИН, «Валюталар соғысы» бестселлерінің авторы: – Мұндай форумдарға ең талантты, беделді, қолында билігі бар тұлғалар көптеп келуі тиіс. Өйткені, осындай алаңдарда экономикаға пайдасы тиетін көптеген ұтымды шешімдер айтылады. Осы орайда, Астана экономикалық форумы аса табысты өтуде деп есептеймін. Масуд АХМЕД, ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры: – Шикізат саудасынан бас тартып, әлемдік эконо­­ми­каны әртарап­тан­дыратын кез келді. Мысалы, мұнайға тікелей тәуелді болған араб елі қазір жаңа бағдарлама әзірлеп, шикізатсыз экономикаға көшуде. 2030 жылға дейінге арналған бағдарламаларында жаңа технологияларды енгізу арқылы шығынды салалардан бас тартып, нақты қажетті жобаларға ден беретін жүйе енгізілуде. Күн, жел, су энергиясын пайдалану, шағын және орта бизнесті дамыту секілді бағыттар қолға алынуда. Алексей ВЕДЕВ, Ресей Федерациясы экономикалық даму министрінің орынбасары: – Қазіргі таңда әлемде энергоресурстарға деген баға құбылмалы болып отыр. Сондықтан, оларды бақылауға алу үшін Азия елдері арасында әріп­тес­тіктің жаңа жүйесін қолға алу қажет. Осы орайда, мемлекет арасын­дағы алыс-берісті тоқтатпай, сауданы одан әрі дамы­ту мақсатында бір-бірімен қатынас құрудың жаңа механизмін ойлап табу қажет. Сонда баға нары­ғын ойнатып отырған елдерді тоқтата аламыз. Цзен ПЭЙЯНЬ, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің 2003-2008 жылдардағы вице-премьері: – «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» бойындағы елдер арасындағы сауда айналымында ұлттық валюталардың өрісін кеңейткен абзал. Ол СУОП жүйесі бойынша да жүзеге асқаны дұрыс. Бұл ретте Азия Инфрақұрылымдық және инвестициялық банкі, Азия Даму банкі бұл аймақтағы елдерге кеңінен инвестиция салғаны маңызды. Сауда-саттықта ұлттық валютамен есеп айы­р­ысу әрбір елдің ұлттық валютасының бекуіне жол ашады. Мұндай тәжірбие, мәселен, қазір Қазақстан мен Қытай арасында бар.  Массимилиано КАСТЕЛЛИ,  Еркін нарықтар жөніндегі жаһандық стратегиялық талдау орталығының басшысы: – Алдағы 5 жылда әлемде мемлекеттік қорлар активтерінің табысы 5.5 пайызға артады. Дегенмен, қара алтын бағасы алдағы бірнеше жылда 50-60 доллар шамасында болады. Яғни, шикізатқа тәуелді елдердің табысы соңғы 10 жылдағы көрсеткіштерден кем болатыны ақиқат. Сондықтан, экономиканы әртараптандыру керек. Қазір саудиялықтар бірден 2030 Даму стратегия­сын қабылдады. Қателеспесем, Қазақстанда да бірнеше бағдарлама бар. Бұл ел экономикасын әртараптандыруға мол мүмкіндік деп ойлаймын.