28 Мамыр, 2016

Қазақтың Дәркембайы

598 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
шебер 001 ...Дәркембай көз жұмардан сәл бұрынырақта жергілікті билік орындарының шешімімен шебердің өзі тұратын көшеге – Алматы мен Нарынқолды жалғайтын әйгілі Құлжа жолының бір бөлігіне оның есімі беріліп, «Дәркембай даңғылы» деп аталды. Әрине, қазақ өнері дейтін қазыналы салаға орасан олжа салған айтулы шебер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағы мен Дизайншылар одағының мүшесі, кезінде Кеңес Одағы деп аталған алып елдің маңдайалды жастарына ғана бұйыратын Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Еуропадағы қыпшақтар қауымдастығының басқарма мүшесі, Қырғыз Республикасы «Дизайн академиясының» академигі, «дара тұлға Дәркембай» атанған сан қырлы өнер иесіне қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпес еді. Оған бәріміз қуана қол соқтық, риза-қошымызбен қабыл алдық. Бірақ анау-мынау сөзден де, көзден де секем алғыш көңілдердің біразында дық қалғаны да рас, несін жасырайық. Өзі тұрып, көзі тұрып, көшенің атын бергендері тым ауыр болмас па екен дестік. Араға төрт-бес жыл салып, жасы алпысқа шығарының алдында, соған бір-ақ күн жетпей Дәркенжаннан айырылып қалғанымызда сол тағы еске түсті емес пе, пәруардігер... Соның әсері ғой, одан бергі жерде: «Көзі тірі жанға көшенің атын бермеңдерші!» дегім келеді де тұрады. Тұрлауы жоқ уақыт-ай десеңші, содан бері де табаны күректей он жылды артқа тастаппыз. Бірақ, құдай тобасы ішінде, бұл екі арада Дәркембайды ауызға алмай қатарынан өткізген он күніміз болмаған шы­ғар-ау. «Қайран Дәркембай-ай!..» дей­міз. «Дәркембай айтпақшы» дейтін сөз тұрақ­ты мәтелімізге айналды. Өзі де солай дегіз­бей қоймайтын азамат еді ғой, несін айтасың. Әрине, Дәркембайды Дәркембай еткен – еңбегі, атадан мирас еткен өнері. Әкесі Шоқпардың темірді сазша илеп, дүйім елге танымал ұста болғанын білеміз. Соның шетін ғана көріп үлгерсе де көкейіне мықтап түйген әрі кіші әкесі – Шоқпардың інісі Ахмет ұстаның үлгісін көріп, көрігін басқан зерделі бала есейе келіп, өмірлік жолын таңдарда басқа ештеңеге алаңдамай, ата кәсібі – ұсталықты серік етуі және оны замана үрдісіне қарай білім арнасында ілгері дамытып, әмбе қазақ қолөнерінің айдын шалқарына ұластыруы қисынды еді. Алматы суретөнер училищесін «Көр­кемдеуші-суретші», Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын «Сызу және сурет» мамандығы бойынша тәмам­дап, алған білімі мен өмірлік білігін ұштастыра жүріп, тынымсыз ізденуінің арқасында ол өткен ғасырдың ортасына қарай, айдың-күннің аманында жоғалуға айналған дәстүрлі қол өнерімізді қайта тірілтуге баға жеткісіз үлес қосты. Дәркембай санаулы ұлттық жәдігер­лерімізді өз қолымен жаңғыртып қана қоймай, олардың жасалу сырларын жан-жақты зерделеп, 200-ден астам ғылыми-зерттеу, ғылыми-танымдық мақалалар мен кітаптар жазды, білгендері мен түй­ген­дерін талай талапкер жастарға жа­лықпай үйретіп, ұстаздық етті. Ағашты, металды көркемдеп өңдеу, тері илеп, ұқсату технологиясын жете меңгеріп, оны да көпшіліктің игілігіне айналдырумен болды. Бұл екі арада ол ұлттық сәулет өнеріміздің қыры мен сырына жіті ден қойып, оның естен шыға бастаған көне технологиясын жаңғыртуда да ерінбей-жалықпай еңбек еткенін айту парыз. Соның нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Жаркенттегі Уәлібайдың мешіті, Сарқанттағы Черкас бекінісінің тарихи-мемориалдық мұражайы, Жам­был қаласындағы Қарахан кесенесі, көне Тараздың тарихи ескерткіштері, Гурьевтегі (Атыраудағы), Павлодардағы, Шым­кент­­тегі, Целиноградтағы (Астанадағы) мұражайлар секілді ғимараттар жаңарып, сәні мен салтанатын қайта тапты. Бұл жолда ұлттық руханиятымызды жетіл­ді­ріп, мәдениетімізді гүлдендіруге өлшеу­сіз еңбек сіңірген абзал азамат Өзбекәлі Жәнібековтің бас­шылығы мен жана­шырлығын айтқанда Дәркембайдың өзі ылғи да тәнті болып отырудан жазбайтын. Со­нысымен-ақ, басшысы келісіп, қосшысы құп жарасқан үйлесім, сондай-ақ болсын дегізер еді. Осы күні әлдекімнің атан түйеге жүк бо­ларлық іс тындырғанын айтарда «бір өзі бір институттың жұмысын атқарады» де­лінетін сөз дәл осы Дәркембайға құп жарасар еді. Өзінің ауылдас та, бауырлас та ағасы Тұманбай ақын: «Темірден арқан ескен алдиярым, ағаштан кесте тіккен хас шеберім», дейтін Дәркембай Шоқпаровтың ұсталығы мен ұстаздығы жайында бүгінге дейін аз айтылған жоқ. Көзіқарақты қазақ баласы оның кім болғанын жақсы біледі және халқына сіңірген қисапсыз еңбегінен де мейлінше құлағдар. Сондықтан мен, жөні келгені осылай екен деп, сол айтылғандарды қайталап жатпай-ақ қояйын да, оның дегдар болмысының жұрт аса біле бермейтін қырларынан азын-аулақ айта түсейін. Шын дарынды адам барлық жағынан да дарынды. Мұны қазекем: «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын» деп жалғыз ауыз сөзге сыйғызған ғой. Дәркембайдың сондай қырларының бірі – ақындығы болғанын екінің бірі біле бермеуі де мүмкін. Әрі онысы «әу демейтін қазақ жоқ» дегенге саятын ет пен терінің ара­сын­дағы желік емес, сөз қадіріне жеткен, көр­кемсөздің мәйегін емген сарабдал ақындық. Әйтпесе: Мен ояумын, ұйқыда қала жатыр,шебер 002 Түн ауып, таңға ұласып бара жатыр. Тар қапасқа қамалған тағыдайын Тағдыр мені қамады, қамады ақыр.   Өмірімнің жазы өтіп бара жатыр, Көңілімде көлкілдеп нала жатыр. Көмейіне көріктің түспей қалған Кеудемде бір бықсыған шала жатыр.   Өткен күнде өсек пен жала жатыр,шебер 004 - копия Жүрегімде өксік пен нала жатыр. Өзімді өзім жек көріп, жиренемін Түкке тұрмас тірліктен – қара бақыр. Ойым менен бұл тілек санада тұр, Біраз ғана уақыт арада тұр. Аз ба, көп пе күн мен ай – кім біледі, Бір жанармын лапылдап, қара да тұр! – дейтін, Абайша айтқанда, «тас бұлақтың суындай сылдырлаған өңкей келісім» анау-мынау қорыш-қотыраш өлеңшінің қаламынан төгілер ме! Ақынның жанартау­лы жан-жүрегінен қайнап шығып, тасқа қашалғандай, қайраты мен жігері қатар өрілген жалын жыр осындай болар, тегі. Иә болмаса мына бір өлең жолдарына назар аударыңызшы: Білемін өлерімді, сөнерімді, Жиналып, жұртым, мені көмеріңді. Сондықтан, күндіз-түні тыраштанам Тірлікте берейін деп берерімді.   Тағдырым нені ұсынса ала бердім, Демеймін қарашаға дара келдім. Қолыма қашау алған қалам алдым Болсам деп хас шебері қара өлеңнің. Ақынның зәредей бұлтағы жоқ көңіл көмбесінің ақжарма ақтарылуы емей не бұл?! Шындығының қылаусыз екенін біле­сің, сондықтан алаңсыз сенесің. «Күн­діз-түні тыраштанам» дегізген құдіретті өлең сөздің алдындағы кішіпейілділігі қан­дай жа­расымды. Табалдырықтан аттамай жатып «төр менікі» демейтін ибалы, қазақы мінез. шебер 005«Зердемменен зерлеп өлең Еңбегімді елге берем», – Деген оймен күндіз-түні Тыным көрмей мен де келем. Немесе: Еліме көп-ау берерім, Еңбегім – жалғыз сенерім. Қос қанат етсем деп едім Халықтың егіз өнерін, – деген жолдар да осындай кішілікке, өлең мен өнер алдындағы асқан шебер 006жауапкершілік сезіміне тұнып тұрған жоқ па. «Мен де жаздым өлеңді қырық бе­сім­­­де», – деп өзі айтқандай, осындай жауап­кершілігіне байланысты поэзия ауылына атасын әбден беріде бұрған Дәркем­байдың жазғандары пәлендей көп те емес – 2003 жылы Қызылорданың «Тұмар» баспа­сынан шыққан «Ай-Алқа» атты шағын­дау жинаққа кірген санаулы ғана жырлары. Бұл жинаққа кірмеген, дені балаларға арналып, кезінде «Балдырған», басқа да газет-журналдарға жарияланған, көнер­ген көп сөздердің сырын ашатын қысқа-нұсқа өлеңдері, жұмбақтары болса керек еді. Әри­не, әлі баспа бетін көрмеген басқа да өлең­дері бар екені даусыз. Оларды түген­деп, оқыр­манына жеткізу болашақтың ісі болмақ. Ендігі бір пара әңгіме – Дәркембайдың әзіл сөзге дес бермеген айтқыштығы жөнін­де. Оған өзіміз де талай куә болғанбыз, талай-талай күлкіге де батқанбыз. Әсілі, Дәр­кембай отырған жер қыран-топан күлкісіз болмаушы еді ғой. «Бір өзі – бір театр» десе дегендей. Достардың бір бас қосуында әңгіме бетін маған қаратып: «Мен бұл Бекеңді бөлем деп, жасы үлкен ағам деп, алдында бәйек қағып жүрсем, ойда жоқта менің қарындасымды алды да, ит құсап күйеу боп қалды. Тегі, есігімнің алдында күйеу балам жаман боп көрген жоқ еді», – деп жұртты ду күлдіргені бар. Ренжу деген қайда, қалай ғана риза бол­майсың! Жалғыз қызы Құралайды күйеуге бере­тін болып, ауылда той өткізіп жатты. Бастапқы сөз өзіне тиген Дәркембай төрдегі өреше жерде отырған Құралайға қарап тұрып: – Әй, қыз-әй, байың құтты болсын-ей, әке! – дегенде үлкен-кіші тойшы жұрт күлкіден жарыла жаздағаны бар-ды. Содан Құралайды құтты орнына қон­дыр­­­маққа Үштөбеге бармақшы болдық. Қап­шағайдың арғы бетінде, су жағасында бас қоспақшы болғанбыз. Біз Алматыдан сәл кешігіп жетсек, жастар жағы суға түсіп, ересектер бір шоғыр болып күтіп тұр екен. Араларында – бізді қарсы алғалы осында келген жаңа құда. Амандық-саулықтан соң Дәкең: – Аға, мынау – Аталық дейтін құдамыз. Атының өзі-ақ айтып тұр ғой: бык-произ­водитель! – деп жұртты тағы да күлкіге қарық қылды. Зілсіз әзілге жадырай күлген жаңа құда тұр. «Дәркенжан мұның да қыбын тауып, өзіне қаратып алған екен» деп біз де риза болдық. Әлқисса, ағалы-інілі Тұманбай мен Дәркем­байды Бейсетай дейтін ауылдас ағалары 60 жасқа толған тойына шақы­рыпты. Мәжілістің әбден қызған шағы­н­­да сөз кезегі келген келіндерінің бірі Бей­секеңе игі тілектерін айта келіп: – Аға, Күләш тәтем екеуіңіз қартай­маңыз! – десе, ақындығы ұстап кеткен Тұмағаң: – Күлпәшпен оңашада карта ойнаңыз! – деп қалса керек. Ондайда Дәркембай қарап қалсын ба: – Жасың болса біразға келіп қалды, картадан басқа ойынды тарта ойнаңыз! – деген екен. Несін айтасың, көп қой мұндай мысалдар. Тегінде, әзіл де ұшқыр ойдан туа­ды. Сөздің терең мағынасын, астарлы ойнақылығын сезбейтін адамнан күлкі де шықпайды. Бұл тұрғыдан алғанда, Дәркембайдың тілге дейтін ынта-ықыласы, халқымыздың небір мәйекті сөздерін жинап, көнерген, ұмытыла бастағандарын жаңғыртып, жаңаша пайдалануға, әсіресе, әртүрлі тұрмыстық қолданыста болған заттармен қоса, олардың атауларын да қайтадан қатарға қосуға деген құштарлығы ризашылық сезімін туғызбай қоймайтын. Оның сондай мұқияттылығының арқасында аба, абақ, арқамшы, дүре, жады, жарғақ, жете, жөргем, іскенже, бұлқыншақ, білеме, лажы, мәсуек, мәндір, асай-мүсей, қожы, қазбай, көтермекіл, тұяқтақа, таптаурын, үгіндірік, үгіншік, шартылдауық, шәңгек, шыңылтыр, т.б. көптеген зат және бұйым атаулары тілдік қорымызға қайта кіріп, қолданыс тапқанын, бәлкім, біреу білсе, біреу білмес те. Осындай және тағы басқа да еңбектеріне бола ол этнолингвист, этимолог, яғни сөз танушы ғалым атанды. Бірде ол маған: – Аға, Тараншы атамның аты неге солай қойылған? – деп сұрады. Тараншы – менің әкемнің лақап аты, ол кісіні барша жұрт сол атымен білетін және әбден беріге дейін біз де өз есімі солай қойылған болар деп ойлайтынбыз. – Түсінің шымқай қаралығына бола, күн қақтаған диқаншы ұйғырларға ұқсатып, жеңгелері солай атап кетсе керек қой, – дедім. – Ал ұйғырлардың неге солай аталатынын білесіз бе? – деді енді ол, жасылдау көзі күлім қағып. – Білмейді екем. – Албанбысың деген... Жиендік жолмен кейде өстіп қыжыр­татыны болатын. – Ал білсең айтшы. – Таран дейтін қамал бұзар құрал бол­ғанын романдардан оқыған шығарсыз? Орыстар соны, әкелері ойлап тапқандай-ақ «таранить», пойти на таран» дейтін сөздермен өз тілдеріне ыңғайлап алған. Әрине, бір есептен, ол үшін орысты сөгуге де болмас. Ал баяғы замандарда базбір халықтар сол таранды ауыл шаруашылығының қажетіне жаратқанға ұқсайды. Таранға соқаның түрені есепті тіс орнатып, жабыла сүйреп жүріп, сонымен жер жыртқан ғой. Солардың бірі – диқаншы ұйғырлар. Сол себепті өздері тараншы атанса керек. Мен сендім. Қисынды сөзге иланбай қайда барасың? Сендім және өз әкемнің аты әу баста қайдан шыққанын да осылайша Дәркембайдан білдім. Әбден бертінде Бейімбет Майлиннің «Әдет құшағында» атты әңгімесінен: «Аз ғана егін-таранын да інісі жияды» дегенді оқығанда соған имандай ұйыдым. Шіркін, Дәркембай осындай еді ғой, қазақтың Дәркембайы! Бекболат ӘДЕТОВ, Қазақстанның құрметті журналисі АЛМАТЫ