ОҚЫРМАН
...алғыс айтады
Жақсыдан – шарапат
Ақтау қаласындағы «№14 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде әлеуметтік педагог қызметін Айгүл Бейбітова атқарып келеді. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған Айгүл әлеуметтік көмектің ауқымын қайтіп кеңейтсем деп, жергілікті мекемелер мен кәсіпкерлерге хат арқылы шығып, әлеуметтік көмекке зәру балаларға қолұшын беруге шақырады. Осыдан соң Айгүл Ізгуқызынан хат алған кәсіпкерлер ол шараларға қатысуға ниетті екендіктерін білдіріп, хабарласады. «Оңдасынстрой» ЖШС директоры Б.Боранбаев 50 000 теңге көмек және 20 балаға тәтті сыйлықтарын әкеліп үлестірді. «Общепит-Мангистау» ЖШС директоры С.Қойшыбаева 5 портфель және оқу құралын қамтыған жалпы соммасы 25 000 теңге бере отырып, барлық балаға сыйлық жасады. Ал «Жамал-ай» ЖШС 16 оқушыға мектеп формасын тігіп берді. Биылғы оқу жылының өзінде 196 602 теңге бюджет қаражатынан 27 балаға киім үлестірілді.
Біздің қазақ: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дейді. Мен осы шараларды ұйымдастыруға мұрындық болып жүрген мектебіміздің бастауыш сынып мұғалімі әрі әлеуметтік педагогі Бейбітова Айгүл Ізгуқызының еңбегін ерекше ризашылықпен атағым келеді. Бұл атқарылып отырған іс-шараларға ата-аналардың да алғысы шексіз.
Меруерт ЕСБЕРГЕНОВА
АҚТАУ
...пікір білдіреді
Ибалы да иманды болсын
Жұма-Назар Сомжүректің «Келін оңбай, қазақ оңбайды» атты мақаласын оқып шығып, өмірден түйгенімді жазып отырмын. Өзім Шығыс Қазақстан облысының қызы болсам, қазір Павлодар облысының әжесімін. Бөтен ел, бөтен жер... Әркез әкемнің: «Қайта шапқан жау жаман, қайта келген қыз жаман», деген мәтелі қайта-қайта ойға түсіп, шыдамдылыққа, сабырлы болуға тырыстым.
Шаңырақты қалай ұстау керек? Ата-ене деген кімдер? Осындай тәрбиені жоғары сыныптан бастап берсе, қанеки. Қазіргі жастарда сабыр аз, аузына не түссе, соны айта салады. «Анасын көріп, қызын ал», деген дұрыс-ақ. Ата-әжелеріміздің адамгершілігін айтып тауыса алмаспын. Жоқшылықты білдірмей жетім-жесірлерге жалғыз сиырының сүтін сауып беріп отырды. Осыны көзім көрді, әке-шешем сондай адамдар еді. Қазіргі келіндер келгенше ұялады, балалы болған соң дәрежесі көтеріліп, билікті өзі ұстайды. Оған рұқсат етпесе, шалқайып баласын көтеріп жүре береді. Жөні келсе, үй-жайды өз атына аударып алады, күйеуін үйден қуып шығады. Осындайлар жоқ па? «Әйел еркектің мойны» деген де дұрыс. Бірақ қазір – әйел не айтса, еркек басын шұлғи беретін заман.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, қыздарымыз ибалы да иманды болуы үшін дұрыс тәрбиелейік.
Бақжамал АҒЫМАНҚЫЗЫ
Павлодар облысы
...үлгі тұтады
Ауылымыздың мақтанышы
Замандасымыз Мұхамеджан Лұқбанов Ресейдің Омбы облысының Есілкөл ауданындағы Гребешки ауылында дүниеге келген. Алайда, ата-бабаларының кіндік қаны тамған туған мекеніне оралған Мұхамеджан – бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласында талай жыл абыройлы еңбек етіп жүрген ел ағасы. «Лұқбанов» ЖШС-ін құрып, 90-жылдардың қиын кезеңінде жаңа экономикалық жағдайларға тез бейімделіп, өзін білгір, бастамашыл басшы ретінде көрсете білді. Еңбекқорлығы, талапшылдығы арқасында аудандағы табысты шаруашылық ретінде танылды. Егіншілікпен ғана шектеліп қалмай, асыл тұқымды ірі қара малын өсіруді қолға алды. Облыстық мәслихаттың депутаты бола жүріп, ауылдардағы әлеуметтік салалар шығынының жартысын жергілікті шаруашылық, кәсіпорындар өз мойындарына алу керектігі туралы бастама көтерді. Оның бұл патриоттық бастамасы облыс көлемінде «50х50» деген атқа ие болып, зор қолдау тапты.
Сөзі мен ісі әрқашан үйлесім тауып отыратын Мұхамеджанның демеушілігімен Мәдениет үйі қалпына келтірілді. Орта мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараттарының жөнделуіне, елді мекеннің абаттандырылып, тазартылуына ұйытқы болды. Арамызда осындай еңбекқор жанның бар екенін әрқашан мақтаныш етеміз.
Серғазы ЖҰМАБАЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ақжар ауданы
...сақтандырады
Құжаттарға мән берген дұрыс
1987 жылы Чернобыль атом электр стансасының ең қауіпті, айрықша аумағында – 4-ші энергоблок ішінде болған адамдар бүгінде саусақпен санарлықтай. Солардың бірі өзім. Мен жарты жылға жуық уақыт осы жерде әскери борышымды өтеген едім. Біз ол кезде ажал уытын шашқан 4-ші блок ішінде Ресейдің, ТМД-ның басқа да елдерінен келген азаматтармен жанды шүберекке түйіп, апат зардаптарын жоюға атсалыстық.
Менің білуімше, Ресейдегі «чернобыльдықтарға» құрмет өзгешелеу екен, ал біздің елде жағдай басқашалау. Бізде: «Чернобыльдің қай жерінде болдың?» деп сұраудың орнына: «Чернобыльда болдың ба?» деп жалпылама сұрай салады. Қазақта «күріштің арқасында күрмек су ішеді», деген сөз бар. Мәселен, «чернобыльдық» көп азаматтардың құжаттары дұрыс емес. Солар Чернобыльде болдым деп, Үкіметтен жәрдемақы алып жүр. Бұл біреудің нәпақасын қызғанғандық емес, әділдік болса деген тілек. Меніңше, Чернобыльде болғандарды әскери билетіндегі ресми жазбаға қарап бағаласа, әлдеқайда әділ болар еді.
Мейрамбек БАЕКЕНОВ
ҚАРАҒАНДЫ
...сүйсініс танытады
Қызғалдақпен құт келеді
Биыл Жетісу жеріне де қызғалдақ қалың өсті. Әсіресе, Алматы – Өскемен күрежолының бойындағы Жоламан жазығында қызғалдақ тұнып тұр. Құдды ен даланы қызыл бояуға малып алғандай үлпілдеген жұп-жұқа желбезегі желмен тербелгенде жан сезімін оятады. Сүйсіне де, қызыға да қарап, әдемілік әлеміне еніп, көлік тежеуішін қалай басып қалғаныңызды білмей де қаласыз. Келесі сәтте сезім кілтін ашып, сізді еліте, жан шуағыңызға нұр шашқан қызғалдақтарды аралап, көңіл хошыңыз көтеріліп жүресіз.
Қызғалдақтың тағы бір ғаламаттығын Димаш ата – Дінмұхамед Қонаев байқап Алматыда отырып: «Биыл Жоламан жазығында қызғалдақ қалай өсіпті?» деп сұрағанда, тұнып тұрғандығын, жайқала жазықты жайнатып, бітік өскендігін естігенде разы болып: «Халқым тоқ болады екен», депті деседі ел. Бұл да қызғалдақтар басқан даланың бір ғаламаттығын көрсетпей ме?!
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ
Алматы облысы