31 Мамыр, 2016

Сауаттылар алдымен сауапты ойлайды

226 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
съезд лидеров* Бүгін Астанада «Діндер терроризмге қарсы» деген тақырыппен халықаралық конференция өтеді Бүгін Астанада «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция өтеді. Оған шетел парламенттерінің депутаттары, халықаралық ұйымдардың басшылары, діни қайраткерлер – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының мүшелері келеді деп күтілуде. 41 елден 63 делегация, халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшіліктерінің басшылары, сондай-ақ, қазақстандық сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады. Задында, әу бастағы  қай діннің болсын ұстанымы иман­­дылыққа, мейірімділікке, татулық пен бейбітшілікке барып саяды. Дінді саясаттың, ық­пал­дастықтың құралына айналдырып жүргендер бертіндегілер ғой. Тұма басы тұнық дүниені бүлдіріп,  экстремизм мен терроризмнің қолшоқпары болғандардың әрекеті – мемлекеттер арасына от тастап, сол арқылы айтқанына көндіріп, айдауына жүргізу. Әйтпесе, ислам діні бейбіт діннің бірі де бірегейі емес пе. Ал бүгінде терроризм мен лаңкестік ислам дінімен байланыстыра аталатын болып жүр. Ислам діні ғана емес, жалпы дін атаулының табиғаты ізгілікпен үндеседі. «Діндер экстремизм мен лаңкес­тікке қарсы екені белгілі. Діни және саяси бағыттағы көш­басшылар осы құндылықтарды барша адамға жеткізуі тиіс, әсіресе, жастарға дұрыс бағдар бер­ген дұрыс. Негізгі күш-жігер­ді қақ­тығыстарды доғаруға жұмыл­дыру қажет. Өйт­кені, тек бейбіт­шілік пен келісім ғана өрке­ниет­тер дамуының негізі бола алады», – деді сенатор Георгий Ким кеше Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте. Георгий Кимнің сөзін әріптесі Серік Ақылбай әрі қарай жаңа қырынан жандандыра түсті. «Қандай дін болса да адамды өлтіруді айыптап, төзімділік пен келісімді уағыздайтыны белгілі жайт. Саяси және діни қайрат­керлердің міндеті – осы жайт­ты барлық адам баласына, жастарға насихаттап, діни түсі­н­іспеушілік салдарынан туындаған қақтығыстарды тоқ­тату. Өркениеттің одан әрі дамуы­на тек бейбітшілік пен келісім ға­на негіз бола алады». Сенаторлардың сөзіне құлақ қоюға әбден болады. Өйткені, қазақ қо­ғамында да жат ағым­ның жете­­гін­де жүрген жастар аз емес. Атеизм­­нің шекпені­нен шығып, мұ­сыл­мандыққа бет бұрған сәтте араб әлемінен ағылған ағымдардың бар­­лы­ғын исламның темірқазық ұста­ны­мы ретінде қабылдадық. Сөй­тсе, дәстүрімізбен қабыспайтын, тіп­ті, ұлттық мәдениетімізбен үй­лес­­­­пек түгілі, оны мүлдем жоққа шы­­­ға­­ратын бүлдіргі ағымдардың ар­­­бауы­на түскендер жеткілікті еке­нін енді-енді біліп жатырмыз ғой. Сол се­бепті, сенатор Кимнің айт­қа­н­ы кім-кімнің де көңілдегісін дөп басады. Сенатордың дегеніне ден қояр бол­сақ, елімізде этносаралық, дін­аралық және мәдениетаралық үндес­тіксіз тұрақты саяси, сондай-ақ, әлеу­меттік-экономикалық даму мүм­­кін емес. Оған сөз бар ма! Үйле­сім бол­маса, Отан түгілі отба­сының да, үй­дің де берекесі қашады емес пе? «Астана алқалы жиындарды жиі өткізеді, «Күлтөбенің басында күнде жиыннан» пайда бар ма осы?» деп күңкілдесіп жатады кейбір ағайындар. Күрделі мәселенің түйіні бес-алты сағат­тық жиында тарқатылатын болса, бүкіл проблеманы аз уақытта шешіп тастамас па едік. Ұс­танымдардың үйлесімін табуы үшін, мәмілеге келу үшін қанша мәрте басқосуға тура келеді десеңізші. Ресми Астананың бәтуалы жиындарға ұйытқы болып, мәмілегерлік миссияны атқарып жүргені де сондықтан. Дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу себебі де сол. Бүгін елорда төрінде өтетін «Діндер терроризмге қарсы» атты халық­ара­лық конференция да сондай ізгі ниеттен туындап отыр. Халықаралық конференция Қазақстанның әлемдегі бейбіт ұстанымын әйгілеп, экстремизм мен терроризмге қарсы әлем болып күресу жолындағы бастама­шыл­дығын көрсетпек. Өйт­кені, лаңкестікті көп болып күресудің арқасында ғана ауыздықтауға болады. Аталған конференцияға қатысу­шы саясаткерлер мен дін жетек­шілерінің ықпалдарын, мүм­кінд­іктерін біріктіре отырып, ор­тақ іс-қимыл жасауға үндеу қабылданбақ. «Терроризмге қарсы күрестің заңд­ы жолдарын қарастырып, әр мем­лекет осы бағыттағы заң­дарын же­тілдіруі керек. Елбасы ұсын­ған­дай, лаңкестік пиғылдағы топтарды толық тізімге алып, әлемде оларға төзгісіз жағдай жасау керек. Қазір қарулы қақтығыс жиі орын алатын елдердің қатары көбейіп келе жатыр. Лаңкестік әлем­дік қо­ғам­­дас­тық үшін үлкен қауіп­ке ба­ла­­н­ып отыр. Ол шекара асып, күн­нен-күнге ұйымдасқан сипат­та өр­біп келеді. Дінаралық шие­леніс­­тер­ге қоса, діндердің ішінара қай­шы­­лық­тары күшейіп тұр», деді Серік Ақылбай Орталық ком­му­ни­ка­­ция­лар қызметінде өткен брифингте. Рас, сыртқы дүниені айтпаған күннің өзінде, өз елімізде де діни қайшылықтар пайда бола бастады. Ұлттық дәстүрді талақ еткендердің өзіндік шоғыры пайда болды. Жат ағымдардың жетегінде жүрген жастар тоңмойынданып, өздерінікін ғана Хақ жолы деп бағамдайтын халге түсті. Діни сауатсыздықтың ақыры тікелей бір буынды адастырмаса жарады әйтеуір. Иман бәйгесінде Айымыз оңынан туып тұр деп айту қиын әзірше. Не десек те, алқалы жиыннан күтеріміз көп. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»