31 Мамыр, 2016

Арманға айналған авиазауыт

291 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Авиақарыздарын қайтару үшін саудаға шығарылады Қарағанды авиазауыты саудаға шығарылатын болды. Бұл туралы «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды филиалының директоры Бисара Дүйсембаева мәлімдеді. – «Фермер» маркалы ауыл­шаруашылық ұшақтарын шы­ғаратын «Қазавиаспектр» ЖШС авиазауытын және жер телімін сатуды жеке сот орындаушылары ұйымдастырады.  Оның бастапқы бағасы 1 миллиард 40 миллион 733 мың теңге болып белгіленді. Атқару парағы жеке сот орындау­шысына жіберілді. Сауда ортақ электронды жүйе бойынша жүзеге асырылады, – деді Б.Дүйсембаева Қара­ған­­ды­да өткен баспасөз мәсли­ха­тында. Авиазауыт «ҚазАгро­­­Қар­жы» компаниясына несие қа­рызын тиісті мерзімінде қай­тармаға­ны туралы бұған дейін де хабарлан­ған болатын. Қарыз мөлшері сыйа­қы, айып­пұл, өсімақы бәрін қо­сып есептегенде 1 милли­ард 40 милли­он теңгеге жеткен. Осы­ған бай­­ланысты, «Қаз­Агро­Қаржы» АҚ сотқа жүгі­ніп, кәсіп­орын­ды инфра­құ­ры­лы­­мымен, жер ­те­лі­мі­­мен бірге сатуға рұқсат сұ­раған еді. Экономикалық сот бұ­ған дейін «ҚазА­гро­Қар­жы» АҚ-тың авиазауыт қары­зын оның мүлік­те­рін сату ар­қылы қайтару туралы талап арызын қана­ғат­танды­ру­дан бас тарт­қан бо­ла­тын. Жауапкер тарап сотты қа­­рыздың зауыт құ­нынан әлде­­қайда аздығына сен­діре алды. Алайда, ұлттық ком­па­ния өзінің апелляциялық шағы­мында несиені толы­ғы­мен мер­зімінен бұрын қай­тару­ды ­талап етті. Қарағанды об­лыс­тық сотының апел­ля­ция­­лық алқа­сы акцио­нер­лік қо­ғам­ның тала­бын қана­ғаттан­ды­рып, тиісті қа­рыз­дарды за­уыт­ты және оның 30, 34 гек­тар жер телімдерін сату арқы­лы­ қайтару туралы шешім шығарды. *   *   * Бұл өзі әу баста ертегі­дей ғажап қиялмен қолға алынған жоба еді. «Қазақ­стандағы алғаш­қы әрі жал­ғыз авиация зауы­ты» деген аты қандай! Қара­ған­дыда осындай өндіріс орнын ашу идеясы кәсіпкер Бақыт­жан Сейітқұловқа тиесілі делін­ді. Ол көп жылдар бойы авиа­өнеркәсібі да­мыған Қазан қала­сында тұ­рыпты. Сол жақта қия­лына қанат бітсе керек, ол өзінің жақын серіктерімен бірге «Қазавиаспектр» компаниясын құрып, осы саланы Қа­зақстанда қолға алуға бел буады. Оның бұл бастамасы мемлекет тарапынан қолдау тапқанын төменде баян­даймыз. Әзірге оның бола­шақ зауытқа кадр мәселесін қалай шешкенін айтып өтелік. Авиациялық детальдар жасауда, ұшақ құрастыруда тәжірибесі бар мамандар Қарағандыға қайдан келсін? Хабарландыру бойынша жиналған техникалық білімі бар мамандардан іріктеп, бір топ адамды зауыттың есе­­бі­нен Қазан қаласына арнайы курстан өтуге жібереді. Қысқа уақытта не ұғып, нені игерген­дерін қайдам, әйтеуір олар Татар­станнан поли­мер-композиттік материалдарды қалыптаушы-жапсырушы ма­мандығын алып қайтты. Соны­мен, мамандар мәселесі «шешілді». Арман зауыттың алғашқы ірге­тасын 2010 жылдың тамызында сол кездегі облыс әкімі Серік Ахметов пен сол уақыттағы Көлік және ком­­муникациялар министрі Әбіл­ғазы Құсайынов (ға­йыптан тайып, кейін ол да Қарағанды облысының әкімі болды) қалаған болатын. Алдымен ауыл шаруашы­лы­ғын жарылқауы тиіс деген зауыт­қа 1,6 миллиард тең­ге қара­жат құйылды. Оның 750 милли­он тең­гесі «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағдарламасы бойын­ша мем­­лекеттік бюджеттен бөлінсе, 850 миллион теңгесін 2021 жыл­ға дейін жылына 6 пайыз­дық өсіммен несие ретінде «Қаз­Агро» ұлт­тық холдингі» АҚ берді. Еске сала кетейік, авиа­циялық зауыт жаңа серпінді жоба ретінде 2011 жылдың қараша айында Елба­сы назарына ұсынылған бола­тын. Елбасына Ресейдің Қа­зан қа­ласындағы авиазауыт­тан әке­лініп, еш қысылусыз Қа­зақстан сим­волы жапсырылып қойған «Фермер-2» ұшағының ұшып-қонған мүм­кіндіктері көрсетілді. Жо­баны жү­зеге асырамыз деп жүгір­гендер сол ұшақты жатып кеп мақтады: «Салмағы – 960 келі, неғұр­лым жеңіл әрі мықты поли­мер-композиттік материалдардан жасалған; сағатына 200 шақырымға дейін­гі жылдамдықпен ұша алатын ол бір көтерілгенде 30-180 га жерді дәрімен өңдеп шыға алады. Зауыттың жоспарында 1500 шақырымға дейін ұша ала­тын әмбебап ұшақтар шыға­ру да бар. 2014 жылы төрт орын­дық «Сұңқар», 2015 жылы мем­­лекет қолдаса, он орын­дық «Экспедишн» ұшақтарын шы­ғарамыз». Ал 2019 жыл­ға қарай алты және сегіз орындық реак­тивті ұшақ­тар шығаруға тиіс­піз», – деп ақылға қоным­сыз­дау қиял­дарын ақтарып салды. Серік Ахметов Прези­дент­ке сол кезде әрі кетсе бір жылдан кейін осындай ұшақ­тың кемінде он­шақ­тысын шығарамыз, қазақ­стандық фермерлерден қазірдің өзінде тапсырыстар түсіп жатыр деп сенімді сөйледі. Тіпті, үш жылға жете­тін тапсырыс­тар бар деп өтіріктің өзін өсіріп айтты. Алайда, зауыт содан бері өткен бес жыл ішінде ұсақ-түйек бөлшектер шығару­мен шектелгені бол­маса, бірде-бір ұшақ шы­ғарған жоқ. Оның себебі – бизнес-әріптестер – «Қазавиа­спек­тр­дің» қожайыны мен Қазан қаласының «МВЕН» фир­масының арасындағы келіс­пеушіліктер деседі. Әу бас­та, татарстандықтар сызбалармен, техникалық керек-жарақтармен көмектеседі, ал қара­ғандылық шеберлер тек ұшақтарды құрас­тырумен айналысады деп ­келісіл­ген-мыс. Мемлекет басшысы осы бір орашолақ жоба үшін С.Ахметовті Үкімет мә­жі­ліс­терінің бірінде сын­ға алған еді, алайда, одан зауыт­тың тағдыры оңала қойған жоқ. Қарағанды облысының одан кейінгі әкімі болған Ба­уыр­жан Әбдішев 2014 жылдың соңына дейін жоқ дегенде екі ұшақ шығарамыз деп ант-су ішкендей болып еді. Уә­десінде тұру үшін сақтық жасап, словениялық «Pipistrel» фирмасына жеңіл моторлы, жиналмалы үш ұшаққа тапсырыс беріп те қойған. Яки, қарағандылық «шеберлерге» қалатыны тек бөлшек-бөлшек болып келген ұшақты құрастырып, бұрандаларын қайыра салу керек болатын. Бұл кәдім­гі көз алдау еді. Бірақ, кәсіп­орын басшылығы мен Әбді­шев мырза соның өзіне қол жеткізе алмады. Оны айта­сыз, словениялықтар беріп жіберген ұшақтарды кеден­шілер бөгеп, 32 миллион теңге көлеміндегі тиісті са­лық­тардың төленуін талап еткен. Тіпті, соған орай қылмыстық іс қозғауға дейін барған. «Қазавиаспектр» ЖШС директоры Александр Ващенко осы­дан екі жылдай бұрын «Зауыт жоспарға сәйкес жұмыс істеуде. 2014 жылдың 1 қазанына қарай алғашқы «Фермер-2» ұшағы шығарылады, ал 2015 жылы сондай ұшақтың жылына 36 данасын шығарып отыра­мыз. Шетелдік кәсіпорын­дар­мен бірлесіп жүзеге асырайын деп отырған жобаларымыз да бар. Мысалы, словениялық «Pipistrel» авиақұрастыру компаниясымен бірлесіп шағын жолаушы ұшақтарын, өртке қарсы америкалық «Air Traktor» ұшақтарын құрастыруды жос­парлап отырмыз. Сонымен қатар, біздің авиазауыт «Ан-2» ұшақтарының моторын жаңа­лауды қолға алмақшы. Өзіміз жасаған ұшақтар­ды кейін ТМД елдерінің нарығына шығарамыз», деп көсілген еді. Ақыры не керек, осы уа­­қыт­қа дейін Қарағанды авиа­­за­уы­ты бірде-бір жібі түзу ұшақ құрастырып шы­ғара алмады. Үкіметтің 2013 жыл­дың қазан айында өткен кеңей­тілген оты­рысында Президент Нұрсұл­тан Назарбаев бұл жобаны көзбояушылық деп бағала­ды. «Жобалар­ды мемлекет тара­пынан қолдау дұ­рыс ұйымдас­­ты­рылмаған. Бір­­қа­тар кә­сіпорын­дарда өнім­­дерді өткізу, шикі­зат жет­­кізу, кадр­лармен қамта­ма­сыз ету проблемалары бар. Қара­­ғандыда, мысалы, кезін­­­де Серік Нығметұлы үлкен мақ­­­танышпен көрсет­кен «Фер­мер» ұшағын шыға­ра­тын зау­ыт бар-жоғы бір аэро­план шы­­ғарған. Оның өзі ұш­пайды, қал­­балақтап әрең қонды десе­ді. Мұндай көз­бояушылық кім­ге керек?!», – деді Елбасы. Сонымен, Қарағанды об­лыс­тық сотының апел­ля­ция­лық ал­қасы Қарағанды эко­номикалық сотының биылғы жылдың қаңтар айындағы шешімінің күшін жойып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың та­ла­­бын қана­ғат­тандыру туралы жаңа шешім шығарды. Қау­лыда қа­рызды қайтару үшін бо­рыш­­кердің кепілге қойыл­­ған барлық мүліктері: кә­сіп­орынның әкімшілік-өндірістік ғимараттары, сонымен қатар, 30 және 34 гектар жер телім­дері сатуға қойылатыны нақты­ланған. Бұл шешімге орай тарап­тар әлі де Жоғарғы Сотқа касса­­циялық шағым түсіре алады. Алайда, «Өнбейтін дауды өспей­­тін ер қуады» демекші, ол шағым­данудың мәні бола қояр ма екен. Айналып келгенде, мем­лекеттің миллион­дарын ысырап етіп, аяғы құр­дым­ға кеткен осы жобаны бас­тағандар мен қос­та­ған­дар жауап­қа тартылмай ма екен де­­ген ой да мазалайтыны рас. «Су­­дың да сұрау бар» емес пе?.. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ