01 Маусым, 2016

Соңымызда қандай із қалады?

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
aigaziz-02aАйдың-күннің аманында қыл­жиып құлап жатқандарды, аяқ асты ұйықтап кеткендерді көр­генде, не ойларыңды білмей дал боласың. Күндердің күнінде қазақ­­стандықтардың көпшілігі летар­гиялық ұйқыға кетіп жүрмесе не қылсын?! Олай дейтініміздің де жөні бар. Осыдан біржарым жылдай уақыт бұрын Батыс Қазақстан облысының Березовка  ауылында мектеп  оқушылары есінен айырылып, құлап түскендігі туралы оқиға қалың жұртты қобалжытқан еді. Әрине, олар кейін есін жиды. Әйтсе де, Үкімет уланған ауылдардың тұрғындарын жаппай  көшіруге шешім қабылдады. Березовка ауылынан 1675, көршілес Бестау ауылынан 133 адам  Ақсай қаласына қоныс аударатын болды. Сөйтсе, екі ауыл да атақты Қара­­­шығанақ газ кенішіне жақын орналасқан көрінеді. Айтпақшы, Батыс Қазақ­стандағы Березовка мен Бастау ауы­лының тұрғындары сәлден кейін есін жиып жатса, Ақмола облысында  Калачи мен Красногорск ауылдарының жұрты аяқ асты ұйқыға бас қоятынды шығарды. Бір шошынарлығы,  тұрғындар көшеде келе жатып-ақ ұйықтап кетеді. Тіпті, кейбіреулердің қалың ұйқыға кеткені соншалық, екі-үш күн бойы тұяқ серіппейтін көрінеді.  Тиесілі орындар  тағы да ұйқыбастылықтың емін таба алмай, біраз әуре-сарсаңға түсті. Калачидегі ұйқының түпкі төркіні ауылға жақын маңда орна­ласқан жабық уран кенішінен шығатын көміртегі қалдықтарына байланысты екен. Кезінде уран өндірілген кеніш бүгінде қараусыз қалған.  Қазір еліміздің оңтүстігінде шетелдіктер өндіріп жатқан уран кеніштері ертеңгі күні осындай күй кешпесіне кім кепілдік береді? Қазір бақуатты өмір сүріп жатқан Созақ халқы болашақта  денсаулығынан зардап шегіп жүрмесе болғаны да. Өйткені, есінен танып қалып, бірнеше күнге «қалғып кеткендерді» көргенде, болашағымыздың қандай боларын болжаудың өзі қиын?! Әлемде уран өндіруден алдыңғы қатардамыз деп ұрандатып жүріп, оның қоршаған ортаға  әкелетін зардабы естен шығып кетпегей. Бетпақдаладағы киіктердің қынадай қырылуы, Каспийдегі итбалықтардың ауық-ауық ажал құшуы жай ғана кездейсоқтық деп айтуға бола ма? Қоршаған ортаның қасіретін тартқандарды басқа жерге қоныс­тандырды делік, сонымен бар мәселе шешіле ме? Экологиялық талаптар жеткілікті деңгейде орындалмаса, жан-жануарлардың қырылғаны өз алдына, халықтың  жаппай ауруға шалдығуына әкеліп жүрмей ме? Кім-кімнің де қаржысын салып, қазба байлықты игергеніне қарсылық жоқ, әрине. Ең бастысы, қоршаған ортаны бүлдірмей, барлығын талапқа сай атқарып жатса,  халық та, жан-жануарлар да алаңсыз өмір кешеді ғой. Ал әзірге олай болмай тұр. Осыдан кейін барып инвесторлар игілігін көрген өңірде қандай із қалады деген заңды сауал туындайды. ШОЛУШЫ мен СУРЕТШІ