Алматыда Ұлттық ғылым академиясының кезекті сессиясы болып өтті
Отандық ғалымдардың басын қосқан келелі отырыстың есептік сессиясы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрылған күніне орай, биылғы жылдың қазан айында атап өтілуі жоспарланып отырған 70 жылдық мерейтой мәселесін талқыға салу және ел ғылымына қатысты бірқатар мәселелерді көпшілік назарына ұсынуға арналды.
Отырыс барысында Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың төралқаның есептік кезеңі мен қызметі және Қазақстан Республикасындағы ғылымның одан әрі дамуы туралы ақпараттық есебі тыңдалды. Онда төралқаның есептік кезеңіндегі қызметі, алға қойған мақсаттардың орындалуы мен отандық ғылымның даму келешектері мазмұндалған. Академия президенті «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша Ұлттық ғылым академиясы елдегі ғылым дамуының басым бағыттарын анықтауға қатысатындығы және Мемлекет басшысына ұсыну үшін ғылым бойынша Ұлттық баяндама дайындауды жүзеге асыру құқығының мәртебесін еске салып, бұл үрдістің соңғы 10 жыл бойына тұрақты атқарылып келе жатқандығын түсіндірді және оны барлық ғалымдар бір ауыздан қолдады.
Ұлттық ғылым академиясы елімізде және шетелдерге еркін тарайтын академиялық басылымдарды шығарып, симпозиумдар, конференциялар, көрмелер және ғылым мен техника саласында тағайындалған сыйақыларға конкурс өткізу арқылы ғылым жетістіктерін насихаттап, халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен инновациялық қызметті дамытуға ықпал етуде, сондай-ақ, іргелі зерттеулер бойынша ғылыми сараптамаларды жүзеге асыруда. Ғылым академиясы жанынан 8 ғылыми журнал шығарылып, олар тұрақты түрде ТМД елдеріне, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония және басқа да елдердің жетекші ғылыми кітапханаларына жіберіліп отыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы – құрамында 140 толық мүше, 103 корреспондент-мүшелері, 78 құрметті және 13 шетелдік мүшелері бар еліміздегі жалғыз классикалық әмбебап академия. «Бір елден – бір академия» қағидатымен құрылған барлық халықаралық классикалық ұлттық академиялар ассоциацияларында Қазақстанды тек осы академия танытады. Сондықтан, Ұлттық ғылым академиясының қызметі әрдайым Елбасының тікелей назарында. Мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып, отандық ғылымды ілгері бастыру жолында атқарылып жатқан толассыз еңбек нәтижесінде академик ғалымдардың қатары әр кезде талантты жас ғалымдармен толығып отырады.
Академияның үлкен залындағы дәстүрлі басқосуда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясына 70 жыл толуына орай академияның арнаулы «Алтын» медалімен академик Сұлтан Сартаев, ал бірқатар ғалымдар Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ