Бұл күндері еліміздің әр өңірінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда. Жергілікті астық өсіруші фермерлер, шаруа қожалықтары бұл мақсатты қолдауда. Өткен жылы «ҚазАгро» ұлттық холдингі шағын және орта агробизнес үшін несие ресурстарына қолжетімділікті кеңейту мақсатында ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қаржыландырудың жаңа тізбесін әзірлеп іске қосып та көрді. Яғни, алғаш рет іске асырылған жобаның нәтижесінде «ҚазАгроның» қаржылай қолдауымен елімізде 10 ауылдық өндірістік кооператив құрылып, бұл күндері астықты өңірлердегі 222 шаруашылықты біріктіріп отыр.
Ал астық өсіретін фермерлердің басын қосу жұмысын одан әрі жалғастырғысы келген «ҚазАгро» АҚ біздің өңірдегі астық өсіруші шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, кооперативтерге бірігуге шақырды. Бұл жолғы сапарларын «ҚазАгро» АҚ құрған топ өкілдері Ертіс ауданына арнап, БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын Ағашорын ауылындағы егіс алқаптарында өткізді. Мәселенің мәнісі, әрине, аз емес. Біз жаңа басталып жатқан үлкен істің шет жағасын ғана көріп қайттық. Біріншіден, өңірдегі астық өсіруші жаңа өндірістік кооператив бірлестігі – «Ертіс-Агро» деп аталады. Жаңадан құрылған бұл өндірістік кооперативтің құрамына өңірдегі астық өсіруші 6 ауданның жалпы алаңы 140 мың га алқабы бар 44 шаруа қожалығы кіреді. Бұл күндері жаңа құрылым арқылы жұмыс бастаған диқандар қаржыландырудың арқасында егістік алдындағы топырақты өңдеуді аяқтап, дәнді және азықтық дақылдарды егу науқанын бастап кетті. Тіпті, өндірістік кооперативтің орталығы саналатын ауданның Ағашорын ауылындағы егіс алқабында «Егіс алқабы күні» атты облыстық инновациялық технологиялық жиын да өткізіп үлгерді. Жиын басталарда жаңбыр жауып, диқандар оны жақсы ырымға балады. «Егіс алқабы күні» «Замандас» шаруа қожалығының басшысы Балғабай Бәкішевтің алқабында өтті. Облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері егіс даласының ылғал сақтау әдістерімен, бидайдың тиімді сұрыптарын өңдеуді қолдану жұмыстарымен, әйгілі «Джон Дирдің» ғажайып мүмкіндіктерімен танысты.
Кең алқапты астыққа толтырып, ауылын асырап жүрген байырғы фермерлердің бірі – «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Бекбай Әбдірайысов шаруашылықтың қалай аяққа тұрғанынан бастап, жаңа техниканы қолданған кезде өнімінің сапасы, тиімділігі жөнінде және егінді таза, ысырапсыз жинаудағы табысы жайлы айтып берді. Өйткені, Бекбай ағамыз, Балғабай Бекішов бастаған Ағашорынның төрт жігіті бірлесіп, «ҚазАгро» АҚ енді қолға алып жатқан өндірістік кооператив мәселесін 1998 жылдары-ақ бастап кеткен-ді. Бұл жұмыста тәжірибеден өтіп, ауылдағы «Нива» және «Замандас» шаруашылықтары негізінде кооператив құрған еді.
– Ауылдан кетпей, жермен тырбанып жұмыс істеп бүгінгі мол табысқа, ауқатты тұрмысқа жету – аталған кооперативтің арқасы. Бірігудің пайдасын көрген соң, «Ертіс-Агроның» шақыруына қуана қосылдық, – дейді фермерлер.
Ағашорын ауылына Астанадан келген «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры Қанат Жауымбаевтың айтуынша, шаруашылықтардағы кепілдік базасының жетіспеушілігі мен кепілдіктің толық болмауы – ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қаржы алуы кезінде қиындық туғызатыны да белгілі. Бұған несие алуға қол жетіспеушілігі, ауылдағы шағын және орта бизнестің техникалық әлеуетінің әлсіздігі, өндірістің қарқынсыздығын қосыңыз. Былтыр алғаш құрылған 3 кооперативке 2,6 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп, игеріліпті. Несие шаруаларға 7,41 пайызбен берілуде. Сондықтан, бұл мәселелердің алдағы уақытта реттелетініне «ҚазАгро» АҚ-тың аграрлық шаруашылықтарды біріктіру жөніндегі бастамасы дөп келді. Ұжымдық бірігу фермерлердің несие алуларына, субсидия бөлінуіне, күзде өнімдерін өткізуге де мүмкіндік береді. Енді олар банкке қоятын кепілзат іздемейді. Шаруашылықтар бір-біріне кепіл болады.
– Оның мәнісі, шаруалар біріге отырып несие қаражаттарын алады, ал олардың қайтарылуының кепілдігі кооператив мүшелерінің бір-бірінің алдындағы жауапкершілігі болып табылады, – дейді Ұлттық холдингтің өкілі.
Ал біздің өңірдегі «Ертіс-Агро» кооперативі қызметінің негізгі бағыты – дәнді, майлы және азықтық дақылдарды өндіру мен қайта өңдеу. Бірлестік шаруашылықтары бидай, арпа, қарақұмық, зығыр өсіреді. Осы кооперативтің басқарма төрағасы Ерлан Тоқтышақовтың айтуынша, бірлестіктің мақсаты – астық кластерін дамыту, ауылда астық өсіруші шаруашылықтар арасында бәсекелестік орта құру болып табылады. Биыл мемлекет тарапынан «Ертіс-Агро» кооперативіне 700 миллион теңге қаржы беріліпті. Басты мақсат – астық шаруашылығын қаржыландыру. Екіншіден, алдағы уақытта өңірдегі аудандарда егістік алқаптарын ұлғайту, әртүрлі дақылдарды көптеп өсіріп, мол өнім алу үшін – жаңа технологияларды енгізу, кооператив өсірген өнімдерді сақтаумен, қайта өңдеумен байланысты өндірістік күштерді біріктіру, сондай-ақ, экспортқа шығу міндеті тұр. Бұған «Ертіс-Агро» кооперативінің әріптестік қатынас негізінде «ҚазАгро» ұлттық холдингі желісі бойынша қаржыландыруды іске асыратын оператор болып «Bank RBK» АҚ таңдалыпты.
–Жалпы, біз ауылшаруашылық кооперативтерін қаржыландыру банк бизнесіндегі өзіндік бағыты бар қажетті бизнес деп есептейміз. Бұл банктердің ауылшаруашылық кооперативтерімен ынтымақтастығын көрсетеді. Еліміздің өңірлеріндегі фермерлерді белсенді біріктіруге себеп. Нәтижесінде отандық аграрлық сектор қолжетімді несиемен қамтамасыз етіледі, – дейді «Bank RBK» АҚ-тың Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Раушан Секербаева.
Ал «ҚазАгро» ұлттық холдингі биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің астық өсірушілерін қолдауға 60 млрд. теңге бюджеттік несие қаражатын бағыттапты. Яғни, оны қарыз түрінде холдинг пен екінші деңгейдегі банктер арасында бөлу барысы жоспарлануда. Бүгінгі күні ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен жалпы құны шамамен 48 млрд. теңге тұратын 1 555 өтінім келіп түскен көрінеді. Түскен өтінімдер мақұлданып, қаржыландыру да жүзеге асырылатын болды. Ел экономикасын өркендетудің басым бағыты саналатын аграрлық секторға мемлекет үлкен маңыз беріп отыр. Жалпы, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң Парламент Мәжілісінде ұзақ талқыланғаннан кейін қабылданған болатын.
– Бұл елімізде алғаш рет қолға алынған жаңа бастама біз ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы шағын және орта бизнесті қаржыландырудың жаңа жүйесін әзірлеп, аса ауқымды қанатқақты жобаны іске қостық, – дейді «ҚазАгро» АҚ өкілі Қанат Жауымбаев.
Ендеше, іске сәт дейік, бірақ, елімізде басы жақсы басталып, аяғы сәтсіздікке ұшыраған талай жобалар да аз болған жоқ, дегенмен, «Ертіс-Агроның» аталған жұмысы жалғасын таба беретіндігі сөзсіз.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы