02 Маусым, 2016

Шарайна

219 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Теракт болуы мүмкін екенін ескертті шарайна-1АҚШ билігі өз азаматтарына биылғы жазда Еуропада террорлық әрекеттер болуы мүмкін екендігін ескертті және шабуылдар нысанасы Францияда футболдан Еуропа біріншілігі өтетін кезде адамдар көп жиналатын орындар болуы ықтимал екенін мәлімдеді. Парижде өтетін және бір айға созылатын Еуропа біріншілігі 10 мау­сымда басталады. Оған екі миллионға жуық адам барады деген болжам жасалып отыр. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті «Біз азаматтарға Еуропада теракт болуы қаупі бар екенін ескертеміз. Террорлық шабуылдар көпшілік шаралар өтетін орындарда, мейрамханалар мен бизнес орталықтарында, қоғамдық көліктерде жасалуы мүмкін», – деп мәлімдеді. Айта кетейік, АҚШ-тың мемлекеттік департаменті осы тектес ескертулерді жиі жасап тұрады. Хабре өмір бойы түрмеде отырады Сенегалда арнайы трибунал Чадтың бұрынғы президенті Хиссен Хабрені адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптап, өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесті. Трибунал Хабрені 1982-1990 жылдары билікте болғанында өзінің сая­си бәсекелестерін азаптап өлтіруге жауапты деп таныды. Елдің құқық қорғаушыларының келтірген мәліметтеріне қарағанда, бұрынғы президент 40 мыңнан астам адамның өліміне кінәлі көрінеді. Х.Хабренің билік еткен кезеңін сынайтындар жасаған қылмысы үшін оны Пиночетпен теңейді. Ол сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Оның енді 15 күн ішінде шығарылған үкімге шағымдануға мүмкіндігі бар. Хабренің құрбаны болғандардың туыстары мен Чадтың құқық қорғаушылары оны Сенегалдың сотына беруге 15 жыл бойы күресіп келді. Ал ол 1990 жылы мемлекеттік төңкерістен кейін Сенегалға қашып кеткен еді. «Алтын пойызды» іздеу басталады шарайна-2Польшада екінші дүниежүзілік соғыс кезінде із-түзсіз жоғалған «алтын пойызды» іздеу жұмыстары осы маусым айында басталуы мүмкін. Бұл жөнінде «Polska Times» газеті жазды. Басылымның жазуынша, қазына іздей­тіндер қазба жұмыстарын бастауға көне ескерткіштерді қорғаумен айналысатын ұйымнан ғана рұқсат алмаған. Тиісті құжат алынған соң, «алтын пойызды» қалған жер – Вроцлав – Валбжих темір жолының 65-шы шақырымында іздеу жұмыстары басталады. Жергілікті БАҚ-тардың ақпараттарына қарағанда, «алтын пойыз» деп бағалы металдар, алтын-күміс, қару-жарақ, сондай-ақ, мұрағаттар мен түрлі өнер туындыларын тасымалдаған ұзындығы 150 метрдей болатын бронды гитлерлік пойызды атайды. Бұрынғы Бреслау қорғанынан Валбжихқа қарай шыққан пойыз із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Қысқа қайырып айтқанда:
  • Париж билігі 1997 жылға дейінгі шығарылған автокөліктердің жұмыс күндері қала орталығында жүруіне тыйым салды. Сондай-ақ, қаланың орталық бөлігіне 2000 жылға дейінгі мотоциклдердің де кіруіне болмайды. Бұл қаланың экологиясын едәуір жақсартуға мүмкіндік бермек.
  • Тегі Сюй аталатын қытайлық жасөспірім қайыршылық өмірден «бақыт іздеп» ұшақтың жүк сақталатын бөлігіне жасырынып, Шанхайдан Дубайға ұшып келген. Мұнда ол 9,5 сағат отырған.
  • Өткен жылы түрлі қаржылық алаяқтық жасау салдарынан Еуроодақ бюджетіне 888 миллион еуро шығын келіпті. Шығынның көп бөлігін Шығыс Еуропа елдерінде тіркелген компаниялар келтірген сияқты.
  • Италияның полициясы мигранттарды заңсыз тасымалдады деген күдікпен 16 адамды тұтқындады. Операция 28 мамырда 884 мигрантты аралда түсірген дерек бо­йынша жүзеге асырылған.
Оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды шарайна-3Үндістанның солтүстігіндегі Махараштра штатындағы оқ-дәрі қоймасында болған өрт салдарынан 20-ға жуық сарбаз қаза тапты. Адам өліміне соқтырған өрттің шығу себептері тексеріліп жатыр. Өрттің соңы оқ-дәрілердің жарылысына ұласқан. Қоймаға жақындау жерлердегі елді мекендердің бір мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Соңғы жылдары бұл елде оқ-дәрілер сақталатын қоймаларда өрт шығу оқиғасы жиірек орын алатын болды. Мысалы, 2010 жылы Үндістанның шығысындағы ірі қоймалардың бірінде болған өрт оқ-дәрілердің жарылысына соқтырған. Ал 2000 жылы елдің солтүстік бөлігіндегі Бхартпурдағы оқ-дәрі қоймасында шыққан өрт екі адамның өліміне себеп болған еді. Одан келген шығын көлемі 90 миллион теңгені құраған болатын. Құлдықта қанша адам өмір сүреді? АҒР агенттігінің келтірген мәліметтері бойынша, жүргізілген зерттеу әлемде 45 миллион адамның құл ретінде ұсталып отырғанын көрсеткен. Бұл Испания халқының санына тең келеді екен. Зерттеуді австралиялық миллиардер Эндрю Форрест осыдан төрт жыл бұрын құрған Walk Free Foundation ұйымы жүргізіпті. Онда осыған байланысты 167 елден мәліметтер жиналған. Соңғы жиналған есеп бо­йынша, қазіргі қоғамда бұған дейінгі көрсеткіштен 28 пайызға көп құлдар бар екендігі анықталған. Әлемде құлдар саны ең көп ел ретінде Үндістан аталған. Бұл елде 18,35 миллион адам құлдық жағдайда өмір сүретін сияқты. Зерттеу барысы көрсеткендей, екінші орында Қытай (3,39 миллион адам), одан кейін Пәкістан (2,13 миллион адам), Бангладеш (1,53 миллион адам) және Өзбекстан (1,23 миллион адам) тұр. Ресей ОПЕК саммитіне шақырылмады шарайна-4Ресей осы аптада Венада өтетін мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы – ОПЕК-тің жиынына қатыспайды және бұдан былай әлемдегі мұнай өндірісін азайтуға тырыс­пайды. Елдің энергетика министрі Александр Новактың ресейлік журналистерге берген сұхбатында ол Ресей бірнеше апта бұрын ғана мұнай бағасының одан әрі арзандауын болдырмау үшін ОПЕК-пен мұнай өндіруді азайту туралы келісім жасауға тырысқанын айтқан. Бірақ, мұнай бағасы барреліне 30 доллардан да арзандаған қаңтар айынан бері мұнайдың бағасы оны көптеп өндіруші елдердің қандайда бір шара қабылдамаса да, біраз көтерілді. «Қазір мұнай бағасы қалпына келе бастағанын көріп отырмыз, – деді Александр Новак сұхбатында. – Осы жылдың басындағы жағдаймен салыстырғанда, бұл мәселе қазір өзекті емес». Ал энергетика министрінің орынбасары Анатолий Яновский Ресей ОПЕК саммитіне шақырылмағанын мәлімдеді. Интернет материалдары негізінде әзірленді