Тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі археолог Сәйден Жолдасбайұлы жайында
Қай кезеңде болсын, қоғамдық өмірдің, оның ішінде қоғамдық сананың құрамдас бір бөлігі және жетекші әрі қозғаушы күші болып саналатын тарих ғылымы қашанда өз ішіндегі әртүрлі пікірлер мен ойлардың өзара күресімен, бәсекесімен қызықты, сонысымен күрделі. Тарих ғылымының қоғамда алатын ерекше маңызын ертерек түсінген дүниенің төрт бұрышындағы алпауыт елдердің билеушілері оған аса көп көңіл бөліп, біріншіден, тарихшыларға өз биліктерінің «киелілігін» тарихи тұрғыда дәлелдетуге, екіншіден, өз халқының тарихын басқалардан жоғары қойдырып, өздеріне бағынышты болған елдер мен халықтардың тарихын төмендетіп көрсетуге тапсырмалар беріп отырған. Біз мұны еліміздің соңғы 2-3 ғасырлық тарихы мен тарихнамасынан анық байқаймыз. Соның салдарынан еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр уақыт болса да, отандық тарихнамамызда «қазақтар тек көшпелі болған», «қазақтарда мемлекет болмаған», «қазақтар тек бертін кезде пайда болған», «қазақтарда қалалар болмаған» және тағы басқа осындай сарындағы тұжырымдар айтылып қалып жүр. Бұл дегеніміз отарлық кезеңдегі үстем болған «ғылыми» тұжырымдардың санамызға тереңдеп енгендігінің көрінісі болса керек.
Мұндай тұжырымдарға қазақ жұртының жекелеген ғалымдары әрқашан да қарсы шығып, өз пікірлерін ғылыми тұрғыда дәлелдеп отырды. Сондай ғалымдардың бірі Сәйден Жолдасбайұлы болатын. Ол 1975 жылы қорғаған «XVI-XVIII ғасырлардағы қазақтардың қыстаулары мен тұрақтары» атты кандидаттық диссертациясында «жалған» тұжырымдарды ұзақ жылдарғы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған деректерге сүйеніп сынға алады. С.Жолдасбаевтың ғылыми жаңалықтары туралы оның диссертациялық жұмысына бірінші оппонент болған академик Әлкей Марғұлан қорғау барысында былай деп сөйлеген екен: «...Бүгінгі күнге дейін тарихшылар қазақ халқын тек қана көшпелі болған деп келсе, диссертант бұл пікірді жоққа шығарып, қазақтардың сонымен бірге, егіншілікпен айналысқанын, отырықшы өмір сүргенін және тұрақты мекендерде тұрғанын дәлелдеп отыр».
Атақты академиктің айтқан сөзіне қарап, С.Жолдасбайұлының сол жылдары ашқан жаңалықтарын бір жағынан, көзсіз ерлік деуге де, екінші жағынан, ғылымға деген адалдық деуге де болады. Себебі, «қазақтар тек қана көшпелі болған» деген үстем пікірлерге сол жылдары қарсы шығу – нағыз ерлікке тең іс болатын. С.Жолдасбайұлына өзінің тың тұжырымдарын қорғаудың қаншама қиын, күрделі болғанын қорғағандар ғана түсіне алады. Қорғау барысында қаншама қарсы пікірлер айтылса да, ізденуші өзінің Оңтүстік Қазақстанда, Орталық Қазақстанда жүргізген қазба жұмыстарының материалдарымен дәлелдер келтіре отырып, өз тұжырымдарын қорғап шығады.
Өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында тарих ғылымындағы қатып қалған мәңгі мұздықтай тұжырымдарға соққы берген С.Жолдасбайұлы бүгінгі күндері ғылымның биік шыңдарын бағындырып, тарихшыларымыз бен археологтарымыздың ақсақалдарының біріне айналып отыр. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше қоғамдық академияның мүшесі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университеті жанындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәйден Жолдасбайұлы Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Үлкен диқан ауылында дүниеге келді. Ол елге қадірлі отбасы Іліпбаев Жолдасбай мен Іліпбаева Күпаштың тұңғышы.
Кіші диқан ауылындағы он жылдық мектепті бітіріп, әскери борышын өтеп келген соң, 1958 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Ол оқыған 1958-1963 жылдары қазақ тарихына қатысты оқулықтарды айтпағанда, арнайы зерттеулердің өзі мардымсыз болатын. Сол мардымсыз әдебиеттерде қазақтардың «тек көшпелі» мал шаруашылығымен айналысқандығы ғана айтылатын.
С.Жолдасбайұлының археолог болуына оның тарих факультетіндегі көп ұстаздарының бірі – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби археолог, археология мамандығы бойынша алғашқы тарих ғылымдарының кандидаты Әбдіманап Оразбаев көп ықпал жасайды. Студент С.Жолдасбайұлы ұстазының археология ғылымы, Қазақстан археологиясы және оның болашағы жөніндегі дәрістерін тыңдап, жаз шыға ұстазымен бірге археологиялық экспедицияларға қатысады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мынадай бір жақсы дәстүр бар. Ол – университетте жұмыс істеп жүрген профессорлардың бәрі дерлік, біріншіден, университеттің түлектері болса, екіншіден, олардың бәрі студенттік жылдары ғылыми үйірмелердің белсенді мүшелері болған. С.Жолдасбайұлы да ұстазының жетекшілігімен студенттік үйірмелерде археология тақырыптары бойынша ғылыми баяндамалар жасайды. Оның ғылыми баяндамасы үздік деп танылып, студенттердің одақтық деңгейдегі ғылыми форумына ұсынылады. 1962 жылы Ленинград қаласында өткен VIII Бүкілодақтық студенттер конференциясына қатысып, өзінің алғашқы зерттеуінің нәтижелерін баяндайды.
1969-1975 жылдары С.Жолдасбайұлы нағыз археологиялық мектепте шыңдалады. К.Ақышев басқаратын Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының құрамындағы палеоэтнографиялық топқа жетекшілік етеді. Түркістан, Созақ өңірлерінде көптеген ортағасырлық тұрақтар мен қала-бекіністерді қазып, археологиялық зерттеулер жасайды. Осы қазба жұмыстарының барысында ол алғаш рет қазақтардың бау-бақшалықпен, егіншілікпен айналысқанын дәлелдейтін нақты материалдар табады. Бұл заттай материалдар С.Жолдасбайұлына «қазақтар тек көшпелі болған» деген тұжырымның жалған екенін дәлелдеуге негіз болады.
С.Жолдасбайұлы қол жеткізген жетістігімен шектелмей, енді бүкіл Жетісу өңірінің ортағасырлық тарихын зерттеуге бел буады. Оның бұл ойларын ұстазы К.Ақышев қолдайды және оған ғылыми кеңесші болуға келісімін береді. Осылайша, ғалымның ұзақ жылдарға созылған ғылыми ізденістері одан әрі жалғасады. Ғалымның әріптесі, академик К.Байпақовтың жазуынша, С.Жолдасбайұлы осы жылдары Жетісу өңірінде 250-ден аса қыстау-тұрақтар мен 400-дей қоныстарды зерттеген.
Ғалымның Жетісу тарихына арналған монографиясы Отан тарихындағы күрделі бірнеше мәселені шешіп берді. Онда автордың ашқан жаңалықтары мен жасаған ғылыми тұжырымдарын былайша қысқаша ықшамдап беруге болады: а) қазақ халқының Жетісу тайпалары осы өңірде біздің заманымызға дейін жартылай отырықшы өмір сүрген; ә) XV-XVIII ғғ. Жетісудағы қазақтардың қыстауларындағы құрылыс жүйелері осы аймақтағы ежелгі үйсіндердің қыстауларындағы құрылыс жүйелерімен ұқсас екендігі анықталып, Жетісу өңірі – қазақ тайпаларының бірнеше мыңжылдар бойы атамекені болғандығы дәлелденеді, осы тұжырым қазақтар Жетісуға тек XIX ғасырдың екінші жартысында ғана қоныстана бастаған деген пікірлердің қате екендігін дәлелдейді; б) Жетісудағы қазақ қыстауларының құрылысы Орталық Қазақстан мен Шығыс Қазақстандағы қыстаулар жүйесімен ұқсастығы анықталып, оған ортақ этникалық байланыстың негіз болғандығы дәлелденеді; в) жартылай отырықшылық күні бүгінге дейін сақталған тарихи сөздер мен сөз тіркестері арқылы көрсетіледі; г) алғаш рет көшпелі, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы мал шаруашылығы деген ұғымдарға ғылыми анықтамалар мен түсіндірмелер беріледі; ғ) қыстаулардағы мекенжайларда қыс айларында «кәң» атты жылыту жүйесінің болғандығы және оны қазіргі күндегі – технология негізінде қайта қолданса, оның экономикалық тиімділігі өте жоғары болатындығы айқындалады; д) археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған ою-өрнек, әшекей бұйымдары, әсіресе, қошқар мүйізді өрнектер, Қазақстанның өзге де аймақтарынан табылған осындай сипаттағы ескерткіштермен салыстырылып, олардың өзара ұқсастығы дәлелденеді.
Профессор өзінің ғылыми ізденістерін педагогикалық қызметпен қатар жүргізген ұстаз-ғалым. Ол әр жылдары қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде ұстаздық қызметте болды. 2002 жылдан күні бүгінге дейін профессор С.Жолдасбайұлы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде «Археология және этнология» кафедрасының меңгерушісі, одан кейін университет жанындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарып келеді. Ол аспирант кезінде Түркістан өңіріндегі қалалар мен қоныстарды, тұрақтарды жетекшілерінің басшылығымен зерттеуді бастаған болатын. Арада елу жылдай уақыт өте келе оның басшылығымен шәкірттері бұл істі одан әрі жалғастыруда. Әсіресе, оның зерттеу бағытында Сығанақ қаласының алатын орны ерекше. Қаланы қазу үшін қаншама күш-жігер жұмсалғаны ағайымыздың өзіне ғана аян. Бірнеше жылдық археологиялық зерттеу қорытындысы ретінде 2010 жылы оның «Ортағасырлық Сығанақ қаласы (Х-ХVIII ғғ.)» атты еңбегі төрт тілде жарық көрді. Зерттеу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда.
С.Жолдасбайұлының көп қырлы жұмыстарының біріне – орта мектептер мен жоғары оқу орындарына арнап Қазақстан тарихынан оқулықтар жазуы жатады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары қазақ тілінде, жоғары оқу орындарының студенттеріне Қазақстан тарихының оқулықтары болмағаны баршаға мәлім. Осындай қажеттілікті сезінген С.Жолдасбайұлы 1995 жылы «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан» атты оқулық шығарып, студенттер қауымының сұраныстарын абыроймен өтеуге тырысты. Бұл оқулық студенттер арасында үлкен сұраныстарға ие болғандықтан, ағамыз 2010 жылы бұл оқулығын қайта толықтырып, көлемін бірнеше есе көбейтіп, өте жақсы дизайнмен «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақ елінің тарихы» деген атаумен «Кітап» баспасынан шығарды.
Қазіргі күнде ғалымның бұл оқулығы студенттердің қолынан түспейтін кітаптардың біріне айналғанын күнде көріп жүрміз. Ол Білім және ғылым министрлігінің тапсыруымен 2003 жылы орта мектептің 7-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы мен хрестоматиясын, әдіскер-ұстаздармен бірге оқыту әдістемесін, сондай-ақ, арнайы бағыттағы жалпы білім беретін мектептің 10-сыныптарының оқушыларына арнап оқулық пен хрестоматияны баспадан шығарды. Профессор С.Жолдасбайұлының бұл оқулықтары орыс және ұйғыр тілдеріне аударылған. Бүгінгі күнге дейін ол мектеп оқушылары мен ЖОО-ның студенттеріне арналған Қазақстан тарихы бойынша жалпы саны 34 оқулық, оқу құралын, оқу-әдістемелек құралдарын және хрестоматияларды жарыққа шығарыпты.
Өз мамандығын сүйетін және оған беріле қызмет ететін адамдар уақытпен санаспайды. Профессор С.Жолдасбайұлы да атқан таң мен батқан күнмен есептеспей, қыста жазуын, жазда қазуын тоқтатқан емес.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы
АЛМАТЫ