03 Маусым, 2016

Маршалдың қарулас досы

484 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Шаймұқан МұқановҚазақтың қырандай жігіттерінің ерен ерліктері туралы мәңгі жырлай беруге болады. Олардың ел мұраты жолында атқарған өшпес істері ұрпаққа өлшеусіз ұлы мұра болып қала бермек. Қазақ деген батыр халықтың қайсарлығын жер-жаһанға жаятын да, ұлттың ұлылығын паш ететін де ел үшін етігімен су кешкен осындай азаматтардың абзал ісі екенін бүгінде бәріміз тарихтан жақсы білеміз. Ұлтымызды ұлықтайтын ұлдарымыздың ұрандары ұлылыққа ғана бағыт береді. Міне, осы қатарда тұрғандардың бірі КСРО МҚК құрметті қызметкері, Алматы облысының құрметті азаматы, Ресей Федерациясының Ленинград облысындағы Любань қаласының құрметті азаматы әрі Ұлы Отан соғысының ардагері Шаймұқан Мұқанов дер едік. Шаймұқан 1921жылы Семей облысының Абыралы ауданына қарасты Қайнар ауылында дүниеге келген. Жастайынан әкесінен жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Содан өсіп, оқып, жетіліп журналист мамандығын иеленеді. Сол бір жылдары, яғни 1940 жылы аудандық газетте қызмет істеп жүргенде Қызыл армия қатарына алынады. Ал бір жылдан кейін соғыс өрті бұрқ ете қалды. Жер-көкті жалмаған неміс басқыншылары әп-сәтте сол кездегі КСРО деген алып елдің ойранын шығара жаздады. Баса-көктеп төске шықты. Қырылған адамдар мен қираған дүниенің есепсіз салдарына қарап, соғыстың соңы қалай беталарын ешкім білмеді. Тек қалайда, қандай күшпен де тажалды тоқтату басты мақсат болды. Алайда, сол кезде жауға қарсы орасан соққы берілмесе, жағдайдың мүлде басқаша сипат алуы да мүмкін еді. Сондықтан бұл кезде жаумен жағаласып күресетін нағыз «сен тұр, мен атайын» дейтін қайтпас қайсар қыран жігіттер керек болды. Соның бірі ретінде Шаймұқан Мұқанов сұрапыл соғыс өртіне жап-жас күйінде, бірақ тепсе темір үзетін нағыз бір күш-қуаты жетілген кезде кіріп кетті. Осы бір адам айтса сенгісіз сойқан соғыста қайтпас қай­сар мерген әрі пулеметші, кейін­нен даңқты 177-ші Любань дивизиясының 483-ші атқыш­тар полкінің батальон коман­дирі қазақстандық сардар Шай­мұқан Мұқанов жаумен Волхов және Ленинград майдандарында кескілескен шайқас жүргізді. Ол бұл шайқасын кеңес халқының фашизмді апанында тұншықтырған Ұлы Жеңіс сағатына дейін үзбей жүргізді. Сол соғыстардың тарихынан белгілі болғанындай, Ұлы Жеңіс сағатын жақындатуға, яғни 177-ші Любань дивизиясы Ленинград қоршауын бұзып-жаруда қомақты үлес қосқаны туралы ерекше айтылады. Мәселен, сондай бір тарихи құжаттардың бірінде: «Любань қаласы үшін ұрыс – жаудың қоз­ғалысына тұзақ ретінде – ке­с­кілескен шайқасқа ұласты. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда бөлімшелер көше мен орамдарды бірінен соң бірін біртіндеп тазартып отырды. Міне, сонда қаланың ортасына бірінші болып 177-ші дивизия құрамындағы капитан Ш.Мұқанов басқаратын 3-ші ат­қыштар батальоны жетті...», деп жазылған екен. Иә, осылайша асқан ерліктің ешуақытта ұмытылмайтындығы айқындалып отыр. Сол 1944 жыл­дың қаңтарында комбат Шаймұқан Мұқанов Любань қаласын жаудан азат етуде көрсеткен ерлігі мен батылдығы, ұрысты дұрыс ұйымдастырып, алға қойылған тапсырманы ойдағыдай орындай білгені үшін Александр Невский орденімен марапатталды. Бұл награда жөнінде қазіргі күні, яғни Шаймұқанның қазақтар арасынан әрі қазақстандық чекист ішінен бірінші болып осындай марапатқа ие болғанын айту орынды. Оны осы марапатқа ұсыныс қағазында: «27.01.1944 жылы Любань қаласы үшін ұрыста шегінген жауды қуалай отырып Ш.Мұқанов, шап­шаң қозғалыс пен ұтымды амалдар арқылы еш жиғызбай бастыр­малатып, жау бөлімдерінің құтылып кетуіне жол бермеді. Осы­лайша жаудың әскері мен техникасына орасан соққы берілудің нәтижесінде немістер шегініп бара жатып бүлдіру әрекеттеріне де шамасы келмеді, үлгере алмады. Сондай бір жауды үздіксіз қу­далау кезінде, яғни 1944 жылы комбат Шаймұқан Мұқанов 200 адамы бар фашист тобын қоршауға түсіріп, құртып жіберді. Олардан 4 пулемет, трактор және малжемі қоймасы алынды. Осы орайда айта кету керек, капитан Ш.Мұқанов өзінің жеке қаруымен алты фашисті жер жастандырып, пулеметтен жауға ажал оғын сеуіп, қаптаған қырық адамын қырып салды», деп жазылыпты. Міне, бұл нағыз ерлік іс еді. Ол ерлік іс енді тарих бетінде мәңгіге жазылып қалды. Сөйтіп, осындай Шаймұқан секілді жандардың өлшеусіз қосқан жанқиярлық үлесі арқасында аңсаған Ұлы Жеңіс күні де келіп жетті. Тажал талқандалып, фашизмнің үні ұясында өшті. Ал 25 жастағы майор, 483-ші атқыштар полкінің атақты ком­баты тек 1946 жылы ғана елге оралды. Оны о кезде сарғая сағы­­нып Камал атты ару қыз ауылда күтіп жүрген болатын. Онымен кеудесі ерлік сырын шерткен – Александр Невский, Қызыл Жұлдыз ордендері мен «Ерлігі үшін» және «Ленинградты қор­ғағаны үшін» атты медальдарға толы жоғары да мәртебелі сардар абы­ройлы жеңісімен аман-есен қауышты. Сөйтіп, жеті жылға жу­ық уақыт от пен оқтың арасында жүріп, қандай қиын-қыстау кезеңде де сыр алдырмай абыройын асқақтатып, өзінің де, елі­нің де намысын ту етіп қолдан түсір­меген даңқты комбаттың соғыстан кейінгі бейбіт еңбегі басталды. Бірақ ол соғыстан кейін­гі бейбіт кезеңде де еш босаң­сымады. Қол қусырып қарап отыр­мады. Тура майданда жүр­гендей бар күш-қайратын халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруге арнады. 1950-1961 жылдары Талдықорған облысында аудандық және қалалық партия комитеттерінің хатшысы қызметін атқарды. Осы қызметтің арқасында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосқаны үшін осы облыстың құрметті азаматы атағын иеленді. Содан осындай озық ісімен еленіп жүрген оны мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне ша­қырды. Бұл нағыз Шаймұқан секілді сайдың тасындай ірі әрі жан-жақты жандардың жұмыс істейтін жері екені белгілі. Сол айт­қандай ол 1961-1984 жылдары осы мемлекеттік қауіпсіздік органында қызмет етті. Талдықорған және Жамбыл облыстарының МҚК басқармаларының бастығы болады. Міне, осы бір жылдарды мемлекеттік қауіпсіздік органдары ардагерлері, яғни оның көпшілігі Шаймұқанның тәрбиеленушісі болған кезде мемле­кеттік қауіп­сіздік комитетін қалып­тастырудың бастауында қызмет еткендіктен сағына еске алады. Бәрінен бұрын олар, өздерінің бастығы – полковник Шаймұқан Мұқановтың адамгершілігін, әділдігін, тура­шыл­дығын, адалдығы мен білік­тілігін жыр қылып айтады. Сондықтан да, яғни мемлекеттің қауіпсіздігін қорғауда қомақты үлес қосқаны үшін ол алғашқылардың бірі болып, «КСРО МҚК құрметті қыз­меткері» атағын да иеленді. Кейін КСРО МҚК ұсынысы бойынша нақты қарсы барлау шараларын ойда­ғыдай жүргізгені үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Бүгінде қазақстандық жауын­гердің аты-жөні «Ленинград әс­кери округінің Алтын құрмет кітабына» мәңгілікке ойылып жазы­лып қалды. Оған Любань қала­сының құрметті азаматы атағы да берілді. Осы орайда сөз реті келгенде ай­та кету керек, Шаймұқанның әс­кери досы, полктағы қаруласы, Кеңес Ода­ғының маршалы және КСРО Қорғаныс министрі болған Дмитрий Язовтың да есімі осы аталған «Алтын құрмет кітабына» енгізілді. Олар қашанда арадағы жауынгерлік достыққа адал болып, отбасыларымен араласып тұрды. Шынында да олардың жарқын достығы баршаға үлгі еді. 2010 жылдың 9 мамырында маршал Дмитрий Язов өзінің досының 90 жылдық торқалы тойына арнайы Астанаға атбасын тіреді. Сонда ол ең бір құрметті де сыйлы қонақтың біріне айналды. Осылайша елге де, қоғамға да, майдандас жолдастарына да адал болып өлшеусіз еңбек сіңірген Ш.Мұқанов өмірлік жары Камал апамен бірге бақытты балаларын ержеткізіп, немере мен шөберелерінің қызығына батты. Әрине, мұндай адамдардың өмірі туралы есту, оқу, білу немесе олармен әңгімелесу кімге болса да ерекше әсер етіп, ләззат сыйлайды. Өйткені, ондай жандар қаншалықты қиындықты бастан өткерсе де ішкі жан дүние тазалығын, адалдық пен әділ­дікті, мейірімділік пен өмірлік ұлағаттықты сақтап қалған. Сондықтан мұндай жандармен әңгімелесудің өзі де бір ғанибет. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»