03 Маусым, 2016

Халық қадірлеген Қарабура әулие

2781 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қарабура әулиеОрталық Азияда ислам дінінің орнығуына елеулі ықпал еткен Қарабура әулиенің – (Қарабура хан) ұлт тарихынан алар орны ерекше. Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің шаңырақ көтеріп, ірге бекітіп, нығаюына Қарабура белсенділікпен атсалысқан. Әсіресе, сахарада ислам дінін уағыздап орнықтыруда Қожа Ахмет Ясауи мен Қарабура тізе қосып, қажыр-қайрат, мақсат-мүдделерін ортақтастырған. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақбаб-Баба Ата, Әбдіжалил баб-Хорасан Ата, Үкаша ата әулиелер қатарында халық Қарабураны да пір тұтынады. Бүгінде Созақ топырағында Қарабура әулиенің кесенесі мұсылман қауымының киелі қорымына (пантеон) айналған. Қарахан мемлекетінің ұлы көсемі атақты Қарабура хан өзінің батырлығымен де, адамгершілік қасиеттерімен де бүкіл Орталық Азияның батыр-билерінің жоғары қолдауына ие болған. Ұлы Жібек жолымен келетін жаңалықтарды, ғұлама ғалымдарды, дін таратушыларды, Ислам діні қасиетті де таза дін екенін айрықша қолдап отырған. Қарабура хан ел басқаруда өзіне де, өзгеге де, барлық билік өкілдеріне де төрт түрлі ұстамды талап қойған. Бірінші – әділет, әділеттілік; екінші – адалдық, тазалық; үшінші – білімділік, батылдық; төртінші – адамгершілік, имандылық. Қарабура хан мұсылман дінін таратушыларды қолдай отырып, мыңдаған сауатты жастарды ел арасына жіберіп мұсылман дінінің маңыздылығын түсіндірген. Діни сау­аты бар азаматтарға молда, қажы, ғалым деп құрмет көрсеткен. Осылайша, Орталық Азияда мұсылман діні қалыптасуына, Қарабура хан ұлан-асыр үлес қосқан. Дін таратушы Ысқақ Баптың ұрпақтары Қожа Ахмет Ясауи мәйітіне өте адал ұстаз ретінде Қарабурадан басқа адамның қолын тигізбеуі алдын ала бұқара халыққа ескертіп кеткен екен. Қарабура Қожа Ахмет Ясауидың жаназасын шығарып, барлық жерлеу рәсімін өзі жасаған. Қарабура «Пайғамбардан артық қызмет етуге құқым жоқ» деп, Құдайға құлшылық жолына көшіп, хандық билікті тапсырып жер астындағы мешітке түсіп, бірнеше жыл өмір сүрген екен. Қарабураның діни-рухани өнегесі кейінгі уақытта да жалғасын тауып жатты. Осы жолды ұстанған діндарлар мен игі жақсылардың мүрдесін кесене маңына қою дәстүрге айналған. ХVІІІ ғасырдың бас кезінде кесенеге Ясауи жолын жалғастырған Құрбан атаның жерленуі осындай діни-рухани сабақтастықты танытады. Қарабура хан өзінің бірінші қызын Бегім сұлуды Оғыз қыпшақтарының ханы Санжар сұлтанға ұзатқан. Екінші қызы Әмбар Бибіні Ислам дінінің ірі өкілі, ғұлама ғалым Сүлеймен Бақырғаниға ұзатып, одан туған немере қызы Айша Бибі Сүлеймен Бақырғани өлген соң екінші әкесі Зәңгі Бабаның тәрбиесінде болған. Ол Тараздағы ғашық жары Қарахан патшаға барар жолда жылан шағып өмірден озған. Айша Бибі кесенесі Тараз маңында. Қарабураның қыз­дары Ташкенттен 12 шақырым жерде Әмбар Бибінің, Қызылорда облысында Бегім сұлудың кесенелері бар. Қарабура ханға қойылған белгілер Қытайда, Қашқарда, Иранда, Түркияда, Тәжікстанда, Қырғыз елінде аз емес. Атақты Жүсіп Баласағұн Қарахан мемлекетіндегі Қарабура ханның хандық дәуірін, ел басқарудағы ұстанымдары, жұрт ынтымағын, Ислам діннің тазалығын «Құтты-Білік» деген дастанында жазған. «Құтты-Білікпен» танысқан соң Қарабура хан Жүсіп Баласағұнға «Хас-Хажип» деген атақ береді. Ол хан сарайының бас ақылшысы, бас уәзірі деген мағананы білдіреді екен. Көп ұзамай «Құтты-Білік» дастаны Еуропа, Азия елдеріне тарайды. «Құтты-Білік» – бұл білімділіктің үлгісі еді. Сол кездің өзінде Жүсіп Баласағұнның «Құтты-Білік» кітабы атақты ғұлама ойшылдар, философтар, ірі ғалымдардың еңбектерімен қатар тұрған. Сөзіміз жалаң болмас үшін 1069 жылы жазылған еңбектің бір үзігін оқып көрелік. «Шығыс жақта жалпы Түрік елінде, Бұған жетер кітап жоқ деп ешкімде, Бұл кітаптың парқын біледі оқыған. Білімсіздің не келеді қолынан, Білімсіздер парқын білмесе ондайға, Қимас туысың болсадағы бұл кітапты көрсетпе, Білімсіздер қанша оқыса да түсінбес. Ал білімді оқып-тоқып күтінеді, Кітап сөзі Қарабура хан ұстаған заң-зили, Маңызы да, өзегі де Қарабура хан тілі, Мұнан артық бұрын кітап бармекен, Жазылатын басқа кітап бұл кітапқа теңбе екен Егер шықса тағы бұндай кітап жазар азамат Данықтауға мен даярмын ол кісіні қуаттап Барлық жерде, аяқ жеткен ордада Бұл кітапқа түрды әлем сөйтіп, сәлем жолдады Әрбір елдің ұлықтары қосылып Ат берісті өз заңына ылайық «Тақуалық жинақ» – десті күн шығыста бұт Чиндинде «Мемлекеттің тура жолы», деді бұны бұт Мачинде Ал шығыстың ұлықтары атақты «Үкімдердің асыл жиыны» деп ат тасты «Шах кітабы» – деп атады Ирандар «Құтты білім», – деп атады Тұрандар, Алдында падишаның оқып мұны, Ал Қарабура хан хандар – ханы Бөлектеп есеп жетпес берді дүние, Қалам ақы ақ пейіл көңіліне, Тағыда «Хас-Хажиптік» атақ берді Қызыметке алды өзіне жақын көріп Қадірлеп аға берген осы атағын Хас-Хажип Жүсіп деді – ұмытпағын!». Қарабура ұрпақтары осы маусым айы­ның басында бүкіл Түрік әлеміне ор­тақ тұлға Қарабура әулиеге ас береді. Биылғы асты Қоңырат ата ұрпақтары және Түр­кіс­тан, Кентау қалалық Қарабура мәдени ор­талықтары ұйымдастырып отыр. Дәстүрге ай­налған 20 жылдың ішінде Қазақстанның көптеген облыстарында Қарабура мәдени орталықтары құрылып, жылма-жыл бабаға ас беру жақсы жолға қойылған. Осы шараға үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Соңғы бес-алты жылда тек қана ас емес, сонымен қатар, халықаралық деңгейде ғылыми конференциялар өткізіліп келеді. Биыл ондай игілікті іс Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында өтеді. Қарабура кесенесінің жан-жағы көркейіп, айналасы Орталық Азияда жоқ пантеонға айналды. Төңірегіне 600-ден аса белгі тастар қойылған. Сыр бойындағы ертедегі Жанкент шаһары, ал XIII ғасырда салынған Бегім ана кесенесі қазір Қазалы ауданының аумағында. Қарабура ұрпақтары алдағы уақытта Бегім анаға Қазалының ортасынан биіктігі төрт метр еңселі ескерткіш орнатпақ ниетте. Қарабура есімінің ұранға айналуы ол ұстанған гуманистік арман аңсардың (идеа­л) кейінгі ұрпақ үшін де бойтұмардай қастерлі екенін көрсетеді. Қазақстан мен Қырғызстанның өнер қайраткері, Қара­бураның ұрпағы Илья Жақанов әулие бабасы туралы эссесінде: «Таманың құдіретті ұраны Қарабураға тек өз ұрпағы ғана емес, жалпақ жатқан ер көңілді жауынгер жұрт Алаш баласы қаны қызып, үн қосады», деп жазды. Ал мемлекет қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қарабура – әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей келе жатқан есім. Қиналғанда медет болар қуат, шамданғанда қайрат бітірер ұран», дейді. Тіпті, Қарабура дүние салып, сүйегі Созақ топырағына жерленген соң да оның зираты күллі түркі жұрты үшін киелі орынға айналған. Оның кесенесінің қасына қоңырат Құрбан ата, тарақты Шілмәмбет би, тама Құлтас би, сары үйсін Белгібай қажы, ұйғыр Шәкәсім ахун, өзбек зиялысы Қожамқұл ата жерленген. Бұл біз үшін үлкен абырой. Әбіш Кекілбаевша айтар болсақ, «Аруақ риза болмай, абырой асар ма? Абыройсыз айбар бітер ме?». Ал айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев: « …Ерліктің ер көрсеткен белгісіндей, Елдіктің ескерткіші қалануда. Созақтың әулиесі ғана емес, Қазақтың әулиесі – Қарабура», дейді. Бұған біздің қосарымыз – Қарабура қазаққа ғана емес, күллі түркі жұртына ортақ тұлға. Мұсағали ДУАМБЕКОВ, «Қарабура әулие мәдени орталығы» қоғамдық қорының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор