Қалың елге әсем табиғатымен, әуелеген ән-күйімен, асқақ тұлғаларымен жақсы таныс Арқадағы Қарқаралы ауданы – шаруашылықтың жайын да ұмыт қалдырып көрмеген берекелі өңір. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі ауданда бұл күндері 96 пайызды құрап отыр. Көрсеткішке кері ықпалын тигізіп отырған – темір рудасын тасуды уақытша тоқтатып қойған «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы. Дегенмен, шамамен бір айдан соң, қазір тау-кен кешендерін даярлап болып қалған «Алтай Полиметал» ЖШС іске қосылмақ, бұл кемшіліктің орнын сол кәсіпорын толтыруы тиіс.
Таратып айтқанда, биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша, ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 970 миллион теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өнімінің негізгі бөлігі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Өркен-Кентөбе» өкілдігіне тиесілі. Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша «Өркен-Кентөбе» кәсіпорны 777,4 миллион теңгенің өнімін шығарып, 196 мың тоннаға жуық кен өндірген, 180 мың тоннадан астам темір концентраттарын шығарған.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-не қарасты Қарағайлы байыту фабрикасы да үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 72,9 мың тонна мыс концентратын шығарып, жоспарды асыра орындап отыр. Кәсіпорынға шикізат «Ақбастау» кен орнынан жеткізіледі. «Абыз» кенішінде де кен өндіру жұмыстары қайта жанданған.
Ауданда Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар бойынша жұмыстар жалғасуда. Солардың бірі «Көктасжал» мыс кен орнында тау-кен кешенін салу және пайдалану» жобасы бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Барлық атқарылып жатқан жұмыстарға 2016 жылы 1,1 млрд. теңге инвестиция салынған. Бүгінгі күні кәсіпорында 300-ден астам жұмыскер еңбек етсе, соның 220-сы жергілікті тұрғындар.
Сонымен қатар, «Алайғыр» кен орнында полиметалл кендерін өндіру» жобасы жүзеге асырыла бастаған. Жобаны жүзеге асырушы «Алайғыр бірлескен кәсіпорны» ЖШС. Инвестиция көлемі – 41,14 млрд. теңге. Жылына 60 мың тонна қорғасын концентратын шығару жоспарланған. Жоба 2014-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Ал ауданның ауыл шаруашылығы саласында әзірге қапы жоқ. Бұл салада жалпы өнім 1906,1 миллион теңгені немесе 140 пайызды құрап отыр. Пайызға шаққанда, ет өндіру – 101,9, жұмыртқа – 101,5, сүт – 125,4, жылқы басы – 110,3, сиыр – 105,7, қой-ешкі – 94, үй құстары 100,8 пайызды құрап отыр.
Айта кету керек, аудан бюджетіне тиесілі кірістің 44,3 миллион теңгесі әлі түспеген. Десе де, бюджет қаражаты толығымен игерілуде. Қосымша салықтар бойынша жоспардың жартысынан көбі орындалған.
Қарқаралы ауданы бойынша межеленген егістік көлемі – 52 мың гектар. Қазіргі уақытта тұқым себу жұмыстары қарқын алған. Кейінгі мәліметке сүйенсек, аудан бойынша 33,9 мың гектарға егін себілген.
Ауданда құрылыс жұмыстары мандымай тұр. Аудан әкімі Халел Мақсұтовтың айтуынша, қолға алынған құрылыстардың кейбірі, қаражат жетіспеушілігі салдарынан, жыл аяғына дейін де бітпеуі мүмкін. Биыл осыдан бір-екі жыл бұрын басталған құрылыстар толығымен аяқталса да жаман болмас еді. Осы күзде 24 жас отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 100 миллион теңге қаражат бөлінген болатын.
Қарқаралыда кәсіпкерлік те қанат жайып келеді. Биылғы жылдың өзінде 60-шақты жаңа субъект пайда болып, тиісінше 70 жаңа жұмыс орны ашылды. Жақында Көктас ауылында жаңа наубайхана, осы ауылдың іргесінен өтетін күре жолдың бойынан дәмхана ашылмақ.
Бөлшек саудадағы тауар айналымы жаман емес. Бірнеше кәсіпорын азық-түлік өнімдерін тұрақты шығарып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша, аудан орталығы Қарқаралы қаласында қонақ үй, мейрамхана мен тойхана салынуда. Бұл нысандардың құрылысына 250 миллион теңге шамасында қаражат жұмсалады. Ал келесі жылдан бастап, Қарағанды-Қарқаралы тас жолының бойында кемпинг тұрғызылмақ.
Алдағы жылы аудан орталығында 120 орындық балабақша құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оған барлық коммуникация желілері тартылған жер де бөлініп қойған. Қиыны – ауыз су мәселесі. Аудан басшылығы су тапшылығын болдырмау мақсатында қосымша сутасығыш көліктерді де іске қосқан. Жаңа су жолдарын салу ісі кейінге қалдырылумен келеді. Бюджеттегі өзгерістерге орай, ауданның жобалық-сметалық құжаттамалары қайта жасалып, оған сегіз миллион теңгедей қаражат жұмсалған. Ауыз суға қатысты екі миллиард теңге тұратын жобаның құрылысы тек 2018 жылы қолға алынады деп жоспарланған.
Ауданда қазір шағын бизнестің 1610 субъектісі бар. Бұл салада аудан бойынша барлығы 3317 адам жұмыс жасайды. Осы салада 3 айда барлығы 57 жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, онда 70-ке жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. Шағын кәсіпкерлік субъектілері биылғы жылдың бірінші тоқсанында 525 миллион теңгенің өнімдерін шығарған.
Ағымдағы жылы ауданның 189 кәсіпкері түрлі көздерден барлығы 997,9 миллион теңге несие алыпты. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында да алынған несиелерге бірнеше жоба жүзеге асырылуда.
Туристерді тарту мақсатында бар демалыс үйлерінің жұмысын жандандыру ісі қолға алынған. Жұмыс істеп тұрған барлық демалыс үйлері мен сауықтыру лагерлерінде сервистік қызметті жақсартуға ден қойылған. Ауданда туризм саласын тиісті деңгейде дамытып, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет. Өңірге туристердің аз келуіне бірден-бір себеп – Қарағанды-Қарқаралы тас жолының жағдайы. Республикалық маңыздағы жол болса да, жөндеу көрмегеніне көп болған. Қазір Қарқаралы-Көктас аралығындағы 42 шақырымдық жолды жөндеудің сметалық құжаттары дайын. Жоба құны – 6 миллиард теңге.
Қарқаралы қаласының өзі үшін де ең бір жайсыз мәселе – жол проблемасы. Мұндағы жолдарды жөндеуге 300 миллион теңге керек болса, соның тек 10 миллионы ғана бөлініп отыр. Бұл қаражат аудан орталығындағы бір көшені орташа жөндеуден өткізуге ғана жетеді. Бұйыртса, Тоқтар Әубәкіров көшесі жөнделіп қалар, өйткені биыл қазақтың тұңғыш ғарышкерінің мерейтойы. Ал басқа көшелер мен жолдар, қанша екенін қайдам, әйтеуір күте тұруларына тура келеді...
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы