04 Маусым, 2016

Заң үстемдігі арта түседі

247 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
KZH_4574-1Соңғы жылдары Қа­зақ­станды инвестиция салу­ға тартымды елдер қатары­на қосу мақсатында бірқа­тар оңды шаралар өткізіліп келе­ді. Сондай оңды шара­лар­дың бірі кеше Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми­дің жетекшілігімен «Инвес­ти­цияларды қорғаудың инсти­туттық тетіктерін жетілдіру. Қазақстан Республикасының инвестициялық даулар және төрелік туралы заңнаманың жаңашылдықтары» деген тақырыпта өтті. Шетелдік инвесторлар кеңе­сінің отырысында Елбасы еліміз үшін алдағы он жылдағы негізгі міндет экономикалық дамудың жаңа моделін құру болып табылатындығын ерекше атап өткен-ді. Осыған орай, ұлтүстілік құрылымдық реформаларды жүзеге асыру үлкен маңызға ие. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары Экономикалық даму және ынтымақтастық елдерінің стандарттары негізінде әзірленгендігін тілге тиек еткен Қ.Мәми Ұлт Жоспарының екін­ші бағыты заңның үстемдігін қам­тамасыз етуге қатысты болса, ол құқықтық ортаны қайта жаңғыртумен байланысты екен­дігін ерекше атады. «Қазіргі заманда инвестициялық қызмет кез келген мемлекеттің экономикалық өсуінің маңызды алғышарты болып табылады. Қазақстан инвес­тициялық тартымдылықты арт­тыруға айрықша мән беріп отыр», деп атап өтті Қайрат Әбдіра­зақұлы. Жоғарғы Сот Төрағасы қысқа уақыт ішінде қолданыстағы бір­қатар заңдық құжаттарға өзге­рістер енгізіліп, республикамызда инвестициялық дауларды шешуге арналған жеке сот өн­дірісі құрылғандығымен де бөлісті. Бұдан басқа, Әкімшілік процес­суалдық кодексте инвестициялық дауларды шешуге арналған нормалардың қарастырылғанын да ортаға салды. Және ірі инвес­торлардың қатысуымен өтетін дауларды қарау Жоғарғы Сот­тағы мамандандырылған сот ал­қасына жүктелсе, өзге де инвес­тициялық даулар тек Астана сотында қаралатыны белгілі бол­ды. Инвестициялық соттар қа­зақстандық сот жүйесін жетіл­діруге өзіндік оң ықпалын тигізбек. Сондай-ақ, Жоғарғы Сотта халық­аралық кеңес құрылып, онда он екі қазақстандық және халық­аралық беделді заңгерлер мен ғалымдар азаматтық істер бойын­ша алғашқы сараптамалық қоры­тындыларын да беріп үлгерген. Дөңгелек үстел барысында, сонымен қатар, Президент Әкім­шілігі Басшысының орын­басары Марат Бекетаев, Энер­гетика министрі Қанат Бозым­баев, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз сөйледі. М.Бекетаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанға инвестицияларды тартудың қолайлы жағдайлары жасалып, олар жүйелі дамытылып отырғандығына назар аудартты. Ал инвестицияларды тарту үшін маңызды жағдайлардың бірі елде оларды қорғаудың ұтымды құқықтық тетіктерінің болуы. Өз кезегінде Қ.Бозымбаев еліміздегі энергетика саласы шетелдік инвестициялар үшін ең тартымды сала болып отырғандығын ерекше атады. Ә.Исекешев 2005 жылдан бастап Қазақстанға 200 миллиард доллар тікелей инвес­тиция тартылғандығын, соңғы жылдары қайта өңдеу секторына инвестиция тартуға ерекше ден қойылса, тек соңғы 6 жылда осы салаға 20 миллиард доллар тартылғандығын тілге тиек етті. Бұл еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бергі қайта өңдеу саласына тартылған инвестицияның 7,7 пайызын ғана құрайды. Министр реті келгенде жаһандық қауіптер жағдайында Қазақстан экономикасын әртараптандыру жүзеге асырыла беретіндігін, еліміздің инвестициялық тар­тым­дылығын арттыру басты назарда екендігіне де тоқталды. «Осы орайда инвес­торлармен жұмыс жүргізілуде. Соңғы жылдары отызға тарта трансұлттық компаниялар елімізге келді. Жаңа инвесторларды тарту жүзеге асырылуда. Ұлттық компаниялармен 25 жоба белсенді қолға алынса, жалпы, 200-ге тарта жоба ірі және шағын компаниялар тарапынан жүзеге асырылуда», деп атап кетті Әсет Өрентайұлы. Қ.Келімбетов «Астана» ха­лық­аралық қаржылық орта­лығының жұмысын жолға қойған заңның қабылданғандығына, аталған орталық инвесторлар капиталы мен озық білімді шоғыр­ландыратын Еуразия қақпасына айналуы керектігіне ерекше екпін бере сөйледі. Олай болса, ол батыс пен шығысты жалғайтын қар­жы құйылымдарының көпірі болуға тиіс. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»