Бәйшешектер! Қала көшелерінің бойында осы бір нәзік гүлдердің бой көтеруі – көптен бері болмаған қызықты құбылыс. Жаныңды жадырататын жайт. Биылғы көктем де өзге жылдармен салыстыра қарағанда ерекше, әрі айрықша болуымен көпшіліктің көңілінде қалатын шығар. Даланы масаты кілемдей түрлендірген биылғы көктемдегі қызғалдақтар ше?
Біздің ауылдың маңайында қызғалдақтар сәуір тумай жатып бүр жарушы еді. Уыс-уыс етіп үйге де әкелетінбіз. Ресейдің Саратов губерниясымен көрші тұратынбыз. Қызғалдақтардың көп, тығыз өсетіні соншалық, дала бейне бір қызыл түске оранғандай күй кешуші едік. Оның хош иісіне тоймайтынбыз. Осындай кезде көктен тікұшақтың дауысы естіліп, көп кешікпей шағын әуе көлігі қызғалдағы құлпырған даламызға тік шаншылып төмендеп келе жатқанын гүл тере жүріп көзіміз шалатын. Бұл сол кездегі Саратов облысының губернаторы Дмитрий Аяцков екенін кейіннен білдік. Қырдың қызыл қызғалдағы көршілес Ресейдің өңір басшысын да қызықтырғанына осылайша куә болып едік, деп еске алады Баян есімді құрбымыз.
Қоңырбас деген сабағының дәндері бар құнарлы шөп болады. Таптыра бермейтін мал азығы. Қоңырбас болса малға жемнің де қажеті болмай қалады. Өйткені, оның жемі де өзінде, дәні де өзінде. Мұның да ғұмыры өлшеулі. Уақытында шауып, орып алмасаң, сабағы да, дәндері де қарайып қурап кетеді. Биыл Орал өңірінде қоңырбас та бітік шықты. Күздік егіс те көздің жауын алғандай. Қазірдің өзінде биіктігінен аттылы адамның кеудесі ғана көрінеді. Ала-құласы жоқ бірдей өскен. Теп-тегіс жайқалып тербеліп тұр. Бұл биылғы жылдың берекесінің басы болса игі. Сірә, осы оң құбылыстардың бәрі жердегі ылғалдың молдығынан, өткен күздегі әрі биылғы көктемдегі толассыз жауған жаңбырлар жердің иін қандырып жауғандығынан және көктем айларында күннің күрт ысып кетпегендігінен пайда болғаны хақ.
Жалпы, салқын жаз деген ұғым – сол жылдың егіні мол, бітік әрі қалың шығатынынан хабар бере алады. Салқын жаздың орташа температурасы 25-30 градустан аса қоймайды. Бұл астықтың қалыпты өсуі үшін өте қолайлы температура. Ең бастысы, тәуекелдік жағдайына бейімделген егістік күйіп кетпейді. Сондықтан, оның дәндері де баданадай болады дейді мамандар. Мұның өзі әр жыл сайын салған егістіктері шіліңгір шілденің 40-45 градус ыстығына шыдай алмай күйіп кетіп жүрген батысқазақстандық астық өсірушілер үшін қолайлы кезең емес пе?
Биылғы жыл – кібісе жыл. Яғни, әдеттегі жылдардан бұл жылдың бір күні артық. Соған сай ақпан айы 29 санымен аяқталады. Әдетте, кібісе жылы құрғақшылық орын алып, қолайсыздық болады деген ұғым мен түсінік қалыптасқан халықтың арасында. Ал биылғы жылдың қазіргі қарқынына қарағанда, қарапайым тұрғындар арасында орныққан бұл түсініктің шындыққа сәйкес келе бермейтінін көреміз. Лайым да солай болғай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы