«Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» қағидасын қызметтік ұстанымына айналдырған шенеуніктер қатты қателесетінін білмейді-ау, сірә! Әйтпесе, мемлекеттің мүддесінен өз мүддесін жоғары қоймас еді. Қу құлқынның қамымен қалтасын толтыру үшін оңай жолмен ақша табуды көздемес еді.
Десек те, құрылғанына көп жыл өте қоймаған мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы мен орынбасары Атырау секілді мұнайлы өңірдегі шетелдік компанияларға жұмысқа тартылған жұмысшылардың үмітін су сепкендей басар деп кім ойлаған? Өйткені, осы басқарма іске кіріскенде әсіресе, қарапайым жұмысшылар табы құқығымыз қорғалады, бірнеше айлап берілмейтін жалақыны қайтарып алуға септеседі деп сенген-ді. Рас, бастапқыда дәл солай болғанын жасырудың еш реті жоқ. Аталған басқармаға маңдай терімен тапқан жалақыларының кешіккеніне шағым айтушылардың үміті ақталып жүрді. Алайда, дәл осы басқарманың басшысы мен орынбасары сыбайлас жемқорлық күдігін тудыратын теріс әрекетке қарсы бірлесе күресуді қажет деп таппапты. Керісінше, екеуі өздерінің лауазымдарын асыра, тіпті, теріс пайдаланып, сыбайлас жемқорлықпен бірлесе айналысыпты.
Ым-жымы бір басшы мен оның орынбасары кімдер еді? Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Салауат Ишай да, оның орынбасары Әліпқали Даулетьяров екен.
Осы екеуі сыбайлас жемқорлық әрекеттерін қалай іске асырды? Әрине, бұл сауалға жауапты сот үкімінде келтірілген деректен табуға болады. Себебі, басқарманың бұрынғы басшысы қылмыстық іс материалдарынан белгілі болғандай, «Unicorn CCC» және «Мистер Доорс-Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріндегі жауапты тұлғалардың техника қауіпсіздігі жөніндегі білімін тексеру жөніндегі комиссиясының жетекшісі болып тағайындалған. Алайда, ол аталған кәсіпорындарды сауын сиырға айналдырғысы келіпті. Сөйтіп, компания құрылтайшысы А.Кимнен компанияның техника қауіпсіздігі бойынша оқытудан өткен әр тұлғасына берілетін сертификаттар мен куәліктерге қол қою үшін 3000 теңгеден сыйақы талап еткен. Кейін А.Ким бұл талаппен келісіп, арадағы делдал, яғни компания қызметкері арқылы 294 000 теңге беріп жіберіпті. С.Ишайды өзінің қызметтік кабинетінде жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің қызметкерлері параны алғаннан кейін ұстаған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында процессуалдық келісім талаптары сақталды. Атырау қалалық №2 сотының үкімімен облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының бұрынғы басшысы Салауат Ишай Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігіндегі қылмысты жасады деп танылды. Оған аталған кодекстегі 55-бапты қолдану арқылы 8 млн. 820 мың теңге айыппұл салынып, өмір бойына мемлекеттік қызметтегі лауазымды иелену құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Мүлкі тәркіленді.
Аталған сот мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысының бұрынғы орынбасары Әліпқали Даулетьяровты та жазасыз қалдырмады. Оған сот үкімімен 11 000 000 теңге көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. Өйткені, ол да «Білім Арнасы» ЖШС-нің директорынан қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша емтиханның құжаттарына қол қою үшін пара алу үстінде ұсталған. Атырау қалалық №2 сотының үкімімен Әліпқали Даулетьяров Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оның да қылмыстық жолмен табылған, не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алған мүлкі мемлекеттің меншігіне тәркіленді. Мемлекеттік қызмет саласында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 40 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни, 11 000 000 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды.
«Қолыңнан келсе, қонышынан бас» қағидасын ұстанатын тек аталған басқарманың басшысы мен орынбасары ғана емес. Бұған тағы бір мысалды көлденең тартуымызға тура келеді. Дәлел ретінде айтар болсақ, өткен жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының шетелдік жұмыс күшін тарту бөліміне жетекшілік ететін шенеунік те жат әрекетімен жаға ұстатып еді. Оның қу құлқын қамын ойлаған жемсауының бүлкілдегені соншалық, ол мемлекеттік қызметті жүзеге асырушы өкілетті тұлға бола тұра «МНСК Синопек Қазахстан» ЖШС өкілінен шетелдік жұмыс күшін пайдалану мен оның мерзімін кедергісіз ұзартуға рұқсат бергендігі үшін 777 000 теңге пара алған. Алайда, мемлекет мүддесіне қайшы келетін теріс әрекеті оған абырой әпермеді. Керісінше, «сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстық әрекетті (пара алу) жасағандығы үшін кінәлі деп танылып, оған төрт жылға бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкін тәркілеу және өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналыспау жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны жалпы режімдегі колониясына белгіленді», деп хабарлаған еді облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев.
Рас, қылмыстың өтеуі –жаза. Пара алғанның абыройы аспандамайтыны, керісінше, мемлекеттің беделін түсіретіні өзге мемлекеттік қызметкерлерге сабақ болғанын қалар едік. Мешкей деген секілді, жемқор атану да ешкімге абырой әпермейтінін түсінер жан болса...
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ