Бүгінде қатарлары сиреп, жылдан-жылға саусақпен санарлықтай селдіреп бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне шынайы қамқорлық жасау – Астана қаласындағы Отан соғысы мүгедектерінің орталық клиникалық госпиталі үшін қасиетті парыз. Қазір Қазақстанда 3 мың Ұлы Отан соғысының ардагері, 18 мың Ауған соғысына қатысушы жауынгер-интернационалистер, 5 мыңнан астам Чернобыль апатының зардабын жоюшылар, ондаған мың Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендер бар. Осы топтарға қатысты азаматтардың зақымданған денсаулығына араша тұру, республикамыздағы бірегей госпитальдің жауапкершілігіндегі жүк екен.
Соңғы оншақты жылдың өрмегінде аталмыш госпитальге адам денсаулығының шынайы сақшысы, өз мамандығының нағыз майталманы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері Әділхан Абдулин басшылық жасап келеді. Ол 1982 жылы өзінің туған өңірі – Челябинск қаласындағы медициналық институтты бітіргеннен кейін көп жылдар Ресей Федерациясының емдеу орындарында жемісті еңбек етеді. 1992 жылдан бастап 2008 жыл осы госпитальдің бас дәрігері болып ауысқанға дейін Челябинск, Магнитогорск қалаларының ірі ауруханаларында бас дәрігер қызметін атқарып, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері құрметті атағына ие болған. 2008 жылдан бері осы бай тәжірибесі мен біліктілігін Астана қаласындағы Отан соғысы мүгедектерінің орталық клиникалық госпиталінің жұмысын жандандыруға жұмсап келеді.
Іскер басшының біліктілігі жүз жылдан астам шежіресі бар госпиталь ғимаратын осы заманның құрылыс нысанындай тап-тұйнақтай ұстап, ішкі бөлмелерінің әрлерін көздің жауын алғандай безендіруінен-ақ көрініп тұр. Госпиталь табалдырығын аттаған адамдардың жанарларын еріксіз өзіне тартатын айшықты әріптермен жазылған ақпараттық хабарлардың барлығы дерлік мемлекеттік тілде мен мұндалап тұр. Бұл ғимарат 1914 жылы ақмолалық көпес Моисеевтің тапсырмасы бойынша салынған, елордамыздағы сәулет өнерінің көне ескерткіштерінің бірінен саналады. Ғасырлар тоғысында, яғни 2000 жылдың басында Ұлы Отан соғысы ардагерлерін сауықтыратын госпиталь ғимаратына айналған.
Бүгінде бұл республикалық ардагерлер госпиталінде 70 орындық аурухана және ардагерлерге 16 медициналық мамандық түрі бойынша қызмет көрсететін емхана жұмыс істейді. Негізінен терапевтік емдеуге арналған стационарда кардиологиялық және жүйке ауруларының мамандандырылған ем-шаралары жасалады. Аталмыш госпиталь Астана мемлекеттік медициналық университетінің клиникалық базасы болып саналады. Сондықтан мұнда терапия саласының білікті ғалымдары емдеу үрдістерін жүргізеді.
Ақиқатын айтсақ, Астанадағы Отан соғысы мүгедектерінің Орталық клиникалық госпиталі еліміздегі соғыс және еңбек ардагерлерінің сенімінен шығып, құрметіне ие болған санаулы медициналық орталықтардың бірінен саналады. Мұнда жылына 1700-ден астам ардагер стационарлық ем қабылдап, денсаулықтарын түзеп шығады екен. Күн сайын госпитальдің білікті мамандары 65-70 науқасқа тұрақты емдеу шараларын қолданса, госпиталь жанындағы емханада осынша адам денсаулығын сауықтырады.
Бас дәрігер Әділхан Әмірбекұлының айтуынша, госпитальда соңғы кезде дәстүрлі халықтық емдеу тәсілдері де кеңінен қолданылып келе жатыр екен. Атап айтқанда, инемен емдеу, сүлік салу және араға шақтыру сияқты дәстүрлі халықтық емдеу тәсілдері сырқаттар арасында үлкен сұранысқа ие болуда.
– Туған жеріміз сынақ алаңына айналып, уланған ауамен тыныстап, денсаулығымызды жас кезімізден-ақ жойып алған екенбіз. Осыдан оншақты күн бұрын мен бұл госпитальге қатты науқастанып түскен едім. Басқа ем-домдарымен қоса, денеме сүлік салып, мына Абай бауырым менің бетімді бері қаратты. Қазір бойыма тың бір күш құйылғандай өзімді жеңіл сезініп, жағдайым жақсарып қалды, – дейді Семей полигонының зардабынан зақымданған павлодарлық азамат Сержан Исабеков. Ара және сүлік салып емдейтін дәстүрлі бөлімнің бас маманы, геруда-терапевт Абай Нұржанұлына емделуші ардагерлердің алғысы шексіз.
– Бұл клиникалық госпитальге Әділхан Әмірбекұлы бас дәрігер болып келгеннен бергі жылдарда үлкен игілікті істер жүзеге асырылды. Дәстүрлі халықтық ем шараларын қабылдаумен бірге, осында келген күннен-ақ шын мәнінде Қазақ елінде жүргендей сезінесің. Мұндағы барлық қарым-қатынас мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сырқаттардың ауруының шежіресі жазылатын («История болезни») кітапшалар да қазақ тілінде толтырылады, – дейді сөзге араласқан маңғыстаулық ардагер-интернационалист Жалғасбек Қорқытов.
«Жақсыны көрмек үшін» демекші, Қазақстанның бірде-бір емханасында жоқ мұндай тәжірибемен танысуға асықтық.
– Біздің емдеу орталығындағы барлық іс қағаздар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Кезінде қаржы-бухгалтерлік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуден қиналдық. Бұл салада мемлекеттік тілде жазылған бланкілер табудың өзі қиын болды. Содан бірте-бірте сырқаттардың жеке кітапшаларын да толықтай мемлекеттік тілге көшірдік, – дейді бас дәрігер байсалды бабынан жаңылмай.
Ол бізді жоғары санаттағы маман, көз дәрігері Татьяна Новиктің бөлмесіне бастап келді. Міне, тамаша, орыс тілді білікті маман қабылдауында отырған ардагердің жеке кітапшасына қолданылатын емдеу үрдістерін мемлекеттік тілде жазып, сырқатқа жан-жақты ақыл-кеңесін беріп отыр. Біз сауатты толтырылған, медициналық терминдеріне дейін түсінік берілген кітапшаларды ақтарып отырып:
«Сізге мына кітапшаларды қазақ тілінде толтыру қиын емес пе?» деген сұрағымызға «Мемлекеттік тілде сауатты жазу және білу сол мемлекетте еңбек ететін әрбір маманның мәртебесі емес, тікелей міндеті», – деп Татьяна Юрьевна қысқа ғана қайырды.
Астана қаласындағы Отан соғысы мүгедектерінің орталық клиникалық госпиталі ірге көтерген алғашқы күннен-ақ біліктілігіне жүрек жылуы рух берген ақ халатты абзал жандар ардагерлерге қалтқысыз медициналық қызмет көрсету күзетіне тұрды. Өз ісіне шексіз берілген тәжірибелі мамандардың жоғары дәрежедегі қалтқысыз қызметінің, ардагерлерге деген шынайы қамқорлықтың нәтижесінде госпиталь ұжымы 2009 жылы еліміздегі ең үздік медицина мекемелерінің құрамына кірді. 2011 жылы госпиталь Астана қаласы денсаулық сақтау мекемелері арасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» конкурсының жеңімпазы атанды.
Ұжым алған асулар госпистальде ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі кадрлардың арқасы екені даусыз. Білікті басшы Әділхан Абдулин ірі ұжымға жетекшілік еткен жылдар ішінде өз ісінің білікті кадрларынан тұратын берік команда қалыптастыра білді. Бүгінде бұл іргелі ұжымда 200-ге тарта адам еңбек етеді. Оның ішінде жоғары санаттағы 30 білікті дәрігер, 70 мейірбике сырқат жандардың денсаулығын жақсарту үшін уақытпен санаспай еңбек етеді. Бұл ретте жоғары санаттағы терапевт Айжан Ноғайбаева, тәжірибелі де білікті маман Бағдат Құспанов, көз дәрігері Татьяна Новик және басқалардың есімдерін ерекше атап өткен орынды.
Орталық клиникалық госпитальдің ұжымы ардагерлердің денсаулығын сауықтыру жолындағы қалтқысыз еңбектерімен бірге адам жанына жылылық ұялататын игі бастамаларға да ұйытқы болуды дәстүрге айналдырған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Орталық клиникалық госпиталь базасында суретшілердің халықаралық байқауын өткізу бастамасы өмірге келді. Содан бері халықаралық осы бір ауқымды шара Әділхан Абдулиннің тікелей ұйымдастыруымен төртінші рет өткізіліп отыр.
Биылғы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 25 жылдығына, Ұлы Жеңістің 71 жылдығы мен Чернобыль апатының 30 жылдығына арналып, «Бейбітшілік. Энергия. Адам» атты ІV халықаралық суретшілер байқауы болып өтті. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбымен үндес мазмұнда өткізілген байқауға 15 шет елдердің қылқалам өнерінің өкілдері қатысты. Бас дәрігер Әділхан Абдулиннің шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Орталық клиникалық госпитальде ардагерлерге көрсетілетін медициналық қызмет те, ұдайы жалғасын табатын әрбір ізгі бастама да нәтижелі жемісін беріп келеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерде: Орталық клиникалық госпитальдің тынысы