Өткен жыл қазақ киносы үшін өте жауапты жыл болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей киногерлерге Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көп сериалы, балаларға арналған тарихи анимациялық фильм түсіруді тапсырды. Соған байланысты мамандар жұрттың көңілінен шығатын жобаларын ойластырды. Биыл сол тапсырмалардың алғашқы нәтижелері төбе көрсете бастады, соның бірі – «Қазақ елі» тарихи толықметражды анимациялық фильмі көрерменге жол тартты.
Айта кетерлігі, «Қазақ елі» анимациялық фильмі Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен «САҚ-дала» киностудиясына жүктелді.
Киностудияның тарихына үңілсек, 14 жылдық тәжірибесі бар шығармашылық топ бүгінгі таңға дейін 50-ге жуық қысқаметражды мультфильм мен бірнеше деректі және көркем туындыларды жеткіншектерге тарту етіпті.
Олардың ішінде «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық – Зарлық», «Сапа олимпиадасы», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Қазақстан бренді» мультфильмдері, сонымен қатар, «Алтын балық туралы», «Операция Ш», «Жаңажылдық қалыңдық», «Томпақ телехикаясы» көркем фильмдері көрермен тарапынан жоғары бағаланды.
Ал «Қазақ елі» анимациялық фильмінің дүниеге келуі өз алдына бөлек хикая. Бұл жобаға еліміздің көптеген танымал киносценарийшілері мен қаламгерлер қатысты. Дегенмен, үлкен сынақтан сүрінбей өткен Сағаділдә Үсібәлінің нұсқасы еді. Таныстырылым сәтінде автормен әңгіме өрбітудің сәті түскен болатын.
– Сағаділдә мырза, өзіңізді сахнадан, кинодан бұрын актер ретінде танитынбыз. Сценариймен қай уақыттан бастап айналыса бастадыңыз?
– Театр және кино актері мамандығы бойынша білім алдым. Актер – адам жанының инженері деп айтып жатады. Бір образ жасау үшін қаншама кітапты парақтап шығуға тура келеді. Таңғажайып әлемнің сырына қанық болсам деген арман-қиялдың тұлпарына мініп, жер шарын түгел шарлайсың. Мені сценарий жазуға бастап барған жол – бала күннен бергі тарихқа деген құмарлығым. Қазіргі кезде тарих туралы мағлұмат алуға мүмкіндік те, ақпарат та мол. Біздің кезімізде көп нәрсе жасырын, құпия сақталды. Білгіміз келгенді сырттан іздеуге тура келетін. Мектепте оқытқан мұғалімдеріміз тегін адам болған жоқ. Сол кісілердің жасырын, сыбырмен айтқан тарихтарын құлағымызға құйып өстік.Ұстаздарымыз түрлі материалдарға сілтеме беретін еді. Соны ізденіп жүріп таптық. Бойымызға сіңірдік. Талай концерттерге сценарий, интермедиялар жазып жүргендігіміздің де пайдасы тимей қалмады. Ал бұл тапсырманың жөні де, жолы да маған айрықша бөлек. Сол тарихқа деген құштарлығыма Елбасының «анимациялық фильм түсіріңдер» деген тапсырмасы дөп келгендей. Қаншама байқауға түскен сценарийлердің ішінен менің дүниемнің таңдалуы кездейсоқтық емес. Бұл менің тырнақалды туындым, алғашқы қадамым.
– Балалар әлемі ең қиын, күрделі тақырып деп айтылады. Осы сөз қаншалықты рас?
– Балаларға арнап шығарма жазу өте қиын. Мейлі өлең, әңгіме, пьеса, повесть болсын, қай-қайсысы да оңай емес. Ал енді кино түсіру тіптен қиын. Өйткені, барлығы баланың тілімен жазылуы керек, сәбидің қиялымен жасалуы керек. Мысалы, шетелдерде бұрын ешқашан өмірде болмаған ханның да, құдайдың да образына сценарий жазылып жатады емес пе? Сол сияқты балалықты бәріміз бастан кештік. Ол біз үшін бөгде нәрсе емес. Мен жалпы киноны көп көретін адаммын. Барлық жанрды назардан тыс қалдырмаймын. Ал мультфильмге деген ықыласым ерекше. Ұнаған фильмді бірнеше рет көремін. Зерттеймін, тіпті, кейде әйгілі бір фильмді біресе ана елдің, біресе мына елдің режиссерлері жаңғыртып қайта түсіретін дәстүр бар. Сондықтан, әрқайсысына ерекше мән беріп, әсіресе, сценарийдегі өзгерістерді, режиссердің шешімдерін жіті қадағалап отырамын. Шынын айтқанда, бұл тапсырманың маған бұйыруы ерекше күш берді, жігерлендірді. Неге десеңіз, соңғы он жылда түрлі тақырыптарға қалам тербедім, оның ішінде балаларға да арналған шығармалар бар. Бір сөзбен айтқанда, бәрінің сәтті болуы іштей дайындығымның арқасы.
– Тарихи туындыда кімдердің деректеріне сүйендіңіз?
– Қазақтың арғы-бергі тарихын ақтарғаным рас. Алайда, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың деректеріне көбірек жүгіндім. Әсіресе, ғалымның «Қазақ хандығының құрылуы оңай болмағаны тарихи деректерден белгілі. Әбілқайырдан бөлініп шыққан қазақ рулары ең алдымен, Бетпақдалаға қарай жылжып, сонда Таңбалы Нұра деген жерде бас қосады. Осыны зерттеу біздің міндетіміз деп есептеймін. Сондай-ақ, Бетпақдалада орналасқан, қазақтың мемлекет, ел болу тарихына алтын әріппен жазылған, ертеде ел басшылары мен көсемдері келіп тәу ететін Таңбалы тасқа назар аударуымыз қажет. Оның бетінде қазақ руларының таңбалары, қазаққа дейін Орталық Азияны мекен еткен көне түркі тайпаларының ізі, жазулары сайрап жатыр. Бетпақдаладағы Таңбалы тастың қадірі Сарыарқадағы – Ұлытау, Жетісудағы – Қозыбасы-Шу, Атыраудағы Сарайшық сияқты қасиетті мекендерден бір де кем емес.
Көнекөз, кәріқұлақ ақсақалдар әлі күнге дейін Таңбалы тасты осы Қ.Сәтбаев жазған мазмұнда айтып келеді. Олардың айтуына қарағанда, Алтын Орда ыдырап, оның құрамындағы елдер сергелдең жағдайда жүргенде алты Алаш тобына кіретін елдер осы Таңбалы Нұрада бас қосып, өздерінің жеке мемлекет құратынын жария еткен» деген пікірі қиялыма қанат бітірді.
– Сценарийдің қысқаша мазмұнына тоқталсаңыз...
– Фильм осы заманнан бастау алып, Ақ Орда дәуіріне өтеді. Керей мен Жәнібектің балалық шағы, өсіп жетілген кезеңі, кемелденіп Қазақ хандығының іргесін қалап нығайтқанға дейінгі өмірі қамтылады. Сол кездегі Ақ Орданың жай-күйі мен ішкі-сыртқы саясатынан балаларға түсінікті тілмен мәлімет беріледі, бала тәрбиесі басты назарда болады. Кішкентай баланың батыр болуға деген ынтықтығы жеткіншектің мінездерімен беріледі.
Орда өңіріндегі қалалар, сол қалалардың Орда үшін стратегиялық маңызы көрсетіледі. Сол дәуірдегі ең басты экономикалық күретамыр «Жібек жолының» ел үшін маңыздылығы сезіледі.
Сонымен қатар, болашақ хандардың білімге деген ынтасы әйгілі Отырар кітапханасы арқылы тамаша көрініс тапты деп ойлаймын. Қала мәдениетінің гүлденіп тұрған кемел шағын көрсету бұрыннан арманым еді. Сол арман осы фильмде орындалды.
Жобаға танымал отандық ғалымдар мен жазушылар атсалысқандықтан, фильм тарихи фактілермен өріліп, балаларға түсінікті тілде жеңіл әрі қызықты оқиғалар арқылы баяндалды. Түсірген режиссер – Батырхан Дәуренбеков, ал продюсері – Сәбит Әбдіхалықов.
– Қазақ анимациясы төл туындылардан кенде емес, бірақ соған қарамастан мұның тұңғыш аталуының себебі неде?
– Иә, бұған дейін «Қазақфильм» киностудиясы «Ертөстік» толықметражды анимациялық фильмін түсірді. Бірақ ол ертегі жанрында. Біздің ерекшелігіміз, бұл туынды жеткіншектерге тарихи тұлғалар жайында баяндайды. Мұны балалармен қатар тарихшылар да тамашалайды, жалпы, көпшілік көрерменге арналған. Сосын бір жерден қате жіберуге құқымыз жоқ. Сол себепті, сценарий жазарда тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың еңбектеріне сүйендік. Ал көркемдік жағынан жазушы Дулат Исабеков ағамызбен ақылдастық.
– Тарихи анимациялық фильмнің балаларға беретін өнегесі туралы айтсаңыз.
– Кішкентай көрермендерге қызғылықты болуы үшін оқиға Керей мен Жәнібек хандардың балалық шағынан басталады.
«Елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Балалардың қазіргі көзқарасы мүлдем басқаша. Кеңес кезінде көрген мультфильмдерге қазіргі заманның балалары қызықпайды. Өйткені, балалардың ойлау қабілеті өте жылдам. Әзілдің бәрін түсініп қояды. Осы мультфильмді көріп-өскен бала екі мәселеге орай өзінің нақты көзқарасын білдіре алады. Біріншіден, Қазақ хандығын кім құрды деген сұраққа жауап табады. Керей мен Жәнібек мемлекетті қалай құрды десе, оған да сюжеттер арқылы тиісті дерегін табары сөзсіз. Олар Қарт Батырдан қылыштасуды, садақ атуды, атбегілікті үйренеді. Жалпы, Қазақ хандығының тарихы туралы әңгімені толығымен баяндап беретін болады. Елбасы өз саясатында жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесін үнемі алға тартып отырады. Міне, осы жағынан біз көп жұмыс атқарған сияқтымыз. Анимациялық фильм арқылы кішкентайлардың жүрегіне патриотизм дәнін себу ниетіміз жүзеге асты.
– Балаларға арналған шығармаларды дамыту үшін не істеу керек?
– Осы сәтті пайдалана отырып, ең алдымен, айтатын мәселе – Қазақстанда балалар киностудиясы атымен жоқ. Алдағы уақытта, фильмнің режиссері Батырхан бауырым айтпақшы, елімізде балалар киностудиясы ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, қазір негізінен үйде балалар тәрбиені телеарналардан алып жатыр. Кей жағдайда ата-ана тарапынан қадағалау болмағандықтан, тәрбие мәселесі бақылаусыз қалып жататыны, түрлі жат ағымдардың жетегінде кететіні тағы жасырын емес. Шетелдің кинолары топан судай сананы жуып кетуде. Демек, жас ұрпақтың тәрбиесі бос жатқан алаң сияқты, әркімнің өніміне мейлінше еркін жол ашылды. Ел арналарын шетелдің сықпыты сиықсыз кейіпкерлері басып кетті. Бұл арқылы қаншама бұзақылық, суицидтік, қылмыстық әрекеттер бой көтерді. Қазіргі жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылықтың кең етек жаюына осы кемістіктер түрткі болуда. Олармен шайқасып, жат әрекеттердің туындауына тойтарыс беретін бізде лайықты туындылар шыға қоймады. Болған жағдайда азбен алыстағы ауыл-аймақты түгел қанағаттандыру мүмкін емес еді. Сол себепті, алғашқы анимацияны алақайлап жария етуге тиіспіз. Бай тарихымызды балаларымыз түгел көріп, кеуделерін мақтаныш сезімі кернеулері керек. Санап отырсақ тарихта отыз алтыдан астам хан өткен екен. Сол сияқты қаншама батырлар, билер, тұлғалар бар десеңші. Қасым, Тәуке, Абылай хандардың бейнесін экранға алып шығып, сүйіспеншілік ояту үлкен жаңалық емес пе? Олардың өмірі туралы аңыздар мен әпсаналардан келешекте балаларға базарлық әзірлеуді ешқашан тоқтатпауымыз керек.
– Техникалық қиындықтарды қалай еңсердіңіздер?
– Мұндай толықметражды фильмдерді түсіруге шетелдерде кемінде екі жыл кетеді. «Ертөстік» те сондай уақытта дүниеге келді. Мына Ресейдің өзінде мультфильмдер осыншалық аз уақытта жасалмайды. Сондықтан, уақытты тиімді пайдаланып, мамандар күні-түні дем алмай жұмыс істеді. Фильмнің аяғына дейін қиындықпен күрестік. Канн фестивалінде фильмнің қысқаша трейлері көрсетілген екен. Біз үшін қандай мерей, әлгі жылт еткен қысқаша үзіндіні қалт жібермеген шетелдік киногерлер сол жерде тарпа бас салып, қызығушылық танытқан көрінеді. Соған орай идеямыз ары қарай ұласып, алдағы уақытта бірнеше тілге аударсақ па деп отырмыз. Қазақ деген халықты әлем балалары біліп жатса артық па?
– Бұл орайда фильмнің қай жағына көбірек назар аударған жөн?
– Қазақтар ежелден көшпелі ел ретінде танымал. Шетелдіктер халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, хандардың өмірін тек киіз үймен байланыстырады. Мысалы, олар «Ұлы Жібек жолы» бойында небір керемет қалаларымыз болғанын білмейді. Тарихи қазба жұмыстары кезінде табылған артефакттер мұнда үлкен өркениет дәуірлегенін айғақтауда. Тіпті, бүгінгі дамыған, озық технологияның құдіреті жетпейтін небір құрылыс құндылықтарының сырын ашуға ғалымдардың әлі күнге дейін басы қатулы. Бір ғана мысал, әлемдегі ең ірі Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орында Отырар кітапханасының тұруын тегін деп кім айтады. Біз осыларды кино тілімен балаларымызға мінсіз баяндап беруге тиіспіз... Оларға мына өмірде жақсылық пен жамандық қатар жүретінін АҚ пен ҚАРА күресі арқылы суреттейтін алғашқы анимациямыз осы мақсаттарға бастар баспалдақ деп есептейміз. Фильмнің қазіргі заман балалары арқылы тарих қойнауына өтуінің өзі ұрпақтар сабақтастығының үндестігі деп білеміз. Барша көрерменнің киноға назар аударуы, баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде бұл тақырыптың кеңінен сөз етілуі, жастардың киноға түсуге құлшынысының артуы, мұның бәрі, сайып келгенде, кинематография саласындағы үлкен қозғалыстың нәтижесі! Фильмнің ләйім ғұмыры ұзақ болғай!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»