Облыстық білім беру басқармасының хабарына қарағанда, маусым-тамыз айлары аралығында өтетін «Жазғы селфидің» мақсаты – балалардың шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын дамыту. Ұсынылатын суреттердің сапасы мен ерекшелігіне назар аударылады. Үздік суреттер қорытындысы жарияланады. Әрбір қатысушыдан «Үй жануарларымен бірге», «Отбасымен», «Достарымен» және «Жұлдызбен» тақырыбында түскен GPS пішіміндегі жұмыстар қабылданады.
Бұдан басқа, мысалы, оқушылардың жазғы уақытта еңбек етіп, табыс табуға да мүмкіндіктері бар. Өйткені, өңірдегі аудан, ауылдардағы көгалдандыру және көріктендіру жұмыстарына қатысады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 56 миллион теңге бөлінеді. Бастысы, балаларға қазіргі қат болып тұрған тақырып – экологиялық тәрбие беріледі. Облыстағы Шарбақты, Лебяжі аудандарында мемлекеттік «Ертіс орманы» резерваты, «Баянауыл» ұлттық табиғи паркі 300-ден астам оқушының орманшылықтарда көшет отырғызып, арамшөп жұлу жұмыстарына қаржы бөліп отыр. Балалардың жазғы демалысын, сауықтыруын және бос уақыттарын қамтуды ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттерден 266,0 миллион теңге қарастырылыпты. Жазғы каникул кезінде 75,7 мың оқушының демалысы мен сауықтырылуы ұйымдастырылса, 12,4 мың оқушы жұмысқа орналастырылады. Яғни, облыстағы мектеп оқушыларының 98,9 пайызы қамтылады.
Үшіншіден, жазғы демалыс – балалардың тіл үйрену, кітап оқитын уақыттары. Сондықтан, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен үш тілді үйрету, тілдік даярлығын реттеуге арналған лингвистикалық білім беру үшін мектеп жанындағы лагерьлер, аула клубтары, оқушылар сарайында 200-ден аса қазақ, ағылшын тілдер мектебі жұмыс жасайды. Алғаш рет облыс орталығындағы «Қазақ-түрік лицейінде», Екібастұздағы көпсалалы көптілді лицейде 5,6-сынып оқушылары үшін 1050 оқушыны қамтитын ағылшын тілі курстары жаз бойы өткізіледі.
Ал, Баянауылда балаларды ағылшын тілі және компьютерлік бағдарламаларға үйрететін «WARWICK» Ұлыбритания университетінің волонтерлері келеді.
Облыстық әкімдікте облыс орталығы, Ақсу, Екібастұз қалалары маңайында жазғы демалыс лагерьлерінің жоқтығы айтылды. Бірақ, бұл қалалардың балалардың жазғы демалысын өткізуде бұрыннан қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар екенін ұмытпайық. Мысалы, Екібастұздың балалар үйінде өсіп келе жатқан жетім балаларына «Богатырь Көмір» ЖШС жыл сайын Баянауылдағы «Қарлығаш» лагеріне 200, Қарасор тау-кен комбинаты ЖШС және «Екібастұз ГРЭС 2 стансасы» АҚ-та «Орленок» балалар лагеріне 120, Ақсудағы «Ферроқорытпа зауыты» АҚ-та жазғы сауықтыру лагеріне қала балаларына 100-ден тегін жолдамалар бөледі. Қашыр ауданындағы «Сәулелер» жазғы демалыс лагері ауыл оқушыларына жыл сайын қуаныш сыйлайды. Өкінішке орай, Шарбақты ауданындағы қалың орман шетіндегі «Шағала» жазғы лагері қазір бос тұр, күрделі жөндеу жасалып, санитарлық нормалар тәртібі реттелсе, ауыл балаларының жазғы демалысы көңілді өтер еді. Облыстық білім басқармасының мәліметіне жүгінсек, жазғы демалыс күндері өңірде 741 лагерь жұмыс жасайды. Бұлардың 345-і мектептер жанынан ашылса, 376-сы – профильді, 6-ы – киіз үй, 4-уі – көшпелі лагерь және 10-ы – қала сыртындағы лагерь. Мектеп жанындағы, қала сыртындағы демалыс орындарында жетім қалған және көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 10 мың бала тегін демалады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы