10 Маусым, 2016

Жаңа технология – жарқын болашақ негізі

598 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақмола облысының Арнасай ауылында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында «Арнасай – жасыл қырат: Қазақстанның жасыл желек ауылы» атты экологиялық фестиваль өтті. Фестивальда «Жасыл техно­логия­лардың халық академиясы» Білім тарату орталығы, Вячес­лав орта мектебі, «Органика­­лық көкөніс өнімдерін өсіру ЖҚШ» мен «Экоқонақ үйі» ин­новациялық жылыжайының жұ­мыстары көрсетілді.  Сонымен бірге, фестивальда «Арнасай жасыл алқабы» жобасы таныстырылды. Олар туралы «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту» ЗТБ басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекова мен «Ақ­бота» қоғамдық қорының директоры Татьяна Немцан әңгі­мелеп берді. Осыдан кейін жасыл технологиялардың көмегімен ағаш отырғызу рәсімі өтті. – Бұл шара елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Оның мақсаты – қор­шаған ортаға және табиғи ресурстарға қамқорлық таныту, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында «жасыл» технологияларды қолданудың тиімділігін насихаттау, «Жа­сыл технология» халық ака­де­мия­­сының» қызметін көрсетіп, Вячеслав орта мектебінің жұ­­мы­сын таныстыру, – деді Татьяна Немцан. Сонымен бірге, қор ди­ректоры «Арнасай жасыл алқабы» жо­басының елімізде алғаш рет жасалып отырғанын,  оның «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық ретінде жасалғанын айтты.  Қазіргі кезде осы жоба бойынша көп жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, бүгінде суды, жарықты, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану маңызды мәселеге айналып отыр. «Осыған байланысты біз Арнасай ауылында су мен жарықты үнемдеу үшін жаңа технологиялар жасап шығардық. Бұл технология «жасыл» технология деп аталады. Яғни, ол экологиялық тазалықты сақтау үшін жасалған өнім», деді Т.Немцан. Оның айтуынша, осы технология бойынша Арнасай ауылында әлеуметтік нысандарда суға, жарыққа, жы­луға шығындар азайған. Осын­­дай құрал-жабдықтар орналасқан «Жасыл технология» халық ака­демиясының мекеме­лерін­де жарыққа кететін шығын 75 пайызға, жылу мен суға жұм­салатын қаржы тиісінше 30 және 50 пайызға аз төленіп жатыр. – «Жасыл технология» халық академиясы» білімді тарату орталығында 20 «жасыл» технология орнатылған. Бұл жердегі орта мектепте суға, жарыққа, жылуға шығындарды азайту үшін пайдаланып жатқан құрал-жабдықтардың арқасында 1,5 млн. теңге үнемделіп отыр. Ака­демияның мекемелерінде түтінсіз жанатын пиролиз пеші жұмыс істейді. Ол көмірдің жануын 30 пайызға үнемдейді. Қазір біз «Богатырь» разрезінен әкелінетін көмірдің жануын 56 пайызға, Майқұдық көмірін 25 пайызға үнемдеп отырмыз. Бұл пеш өте тиімді. Соны көру үшін еліміздің жер-жерінен қызығушылар келіп жатыр. Сосын жарықдиодты шамдарымыз бар. Олар жарықты 75 пайызға үнемдейді. Мысалы, бізде 4 үлкен шам бар делік, солар қаншама энергияны үнемдеп отыр?! Басқа жерлерде кәдімгі 12 үлкен шам болса, олар сағатына 1 200 Вт пайдаланады екен. Ал біз 4 жарықдиодты шаммен 120 Вт-ты пайдаланып келеміз. Сонда бір сағатта 520 Вт-қа аз төлейді екенбіз, – деді Т.Немцан. Фестивальға Парламент депутаттары, министрліктер мен жекелеген компаниялардың, ха­­лықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қа­тысты. Аталған шара G-Global халықаралық хатшылығы, «Жа­сыл экономика коалициясы және G-Global-ды дамыту» ЗТБ және «Ақбота» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Арнасай ауылы