Катонқарағай ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин жақында ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, аудандағы туризм және спорттың дамуы жайлы айтып берді.
– Облыста туризмді дамыту жөнінен біздің аудан көш басында келеді, – деді аудан басшысы. – «Рахман қайнары», «Нұр-бұлақ» шипажайларының атағы алысқа кеткен. Бұл жерде жазда орын табу оңай шаруа емес. Себебі, адам ағзасына өте пайдалы пантымен емделуге сұраныс үлкен. Сондай-ақ, бұрынғы аудан орталығында «Баян» шипажайы қысы-жазы келушілерге сапалы қызмет көрсетеді. Оған қоса, пантымен емдейтін 11 сауықтыру орындары, бірнеше қонақүйлер шет жақтан келгендерге қызмет көрсетеді. Биыл Белқарағай ауылының тұсында 30 орындық оннан астам қонақүй салу басталмақ. Бұл жерде 200 орындық мейрамхана, 30 орындық дәмхана салу ойда бар. Жеке кәсіпкер Асқар Уәлханов бұл мақсатқа 500 миллион теңге жұмсамақ. Өрел ауылында бес қонақүй пайдалануға беріледі. Бұдан бірнеше жыл бұрын елімізде бірінші болып пайдалануға берілген «Жас турист бекеті» мектеп оқушыларының туған өлкенің табиғатын қорғап, туризмді насихаттауда бағытты да бағдарлы жұмыстарды атқаруда.
Аудан әкімінің айтуынша, табиғаты көрікті Бұқтырма су қоймасының жағалауында 40 орындық демалыс кешені бой көтермек. Туризмді дамыту мақсатында шетелдік инвесторлармен келісімшарт жасалуда. Атап айтқанда, Катонқарағай бұғы шаруашылығының басшысы Нұрлан Тоқтаров Қытайдың Шыңжан-ұйғыр автономиялы ауданының іскер азаматтарымен бірлесіп Катонқарағай ауылында панты өнімдерін өңдейтін және ет өнімдерін әзірлейтін цех салуды ұйғарды. Олардың әрқайсысының құны тиісінше 210-280 миллион теңге. Демек, қосымша ондаған жұмыс орындары ашылмақ. Сонымен бірге, көрші ел мен аудандық әкімдік арасында туризмді өркендетуге арналған меморандумға қол қойылды.
Ауданда марал және омарта шаруашылығы өркендеп келеді. Қазіргі кезде марал шаруашылығымен 11 қожалық айналысады, марал мен теңбіл бұғының саны 6 мыңды құрайды. Дәмі тіл үйіретін, шипалы Катонның қымызын сонау Алматы мен Астанадан алғызып пайдаланатындар саны күрт өскен. Тауарлы сүт фермасын құруда да алға басу бар. Ауданда балабақшалармен қамтамасыз ету 100 пайыз шешімін тапқан.
Мұнда спортпен шұғылданамыз деушілерге барлық жағдай жасалған. 150 спорт нысаны, оның екеуі ірі спорт кешені, 37 спорт залы, 19 хоккей қораптары, 49 спорт алаңдары, 38 футбол алаңы, екі бассейн, шаңғы базалары аудан тұрғындарының жиі жиналатын мекені. Ақсу ауылында құны 85 миллион теңге тұратын спорт кешенін салу жоспарда тұр. Мектептердегі 2700 оқушы спорттық киімдермен қамтамасыз етілген. Аманшылық болса, биыл Қ.Дамитов атындағы орта мектепте спорт сыныбы ашылып, онда 20 бала шаңғы спортымен мықтап шұғылданбақ. Шынында да, жеті-сегіз ай бойы аппақ көрпеге оранып алатын аймақта қызығы көп қысқы спортты өркендетуге барлық жағдай бар.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы