* Замана зиялылар зердесінде
Егемендік алған алғашқы жылдарда еліміздің бірқатар қиындықтарды бастан кешіргені белгілі. Экономикалық дағдарысты жағдайлармен қатар, білім беру, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау салалары елеулі кедергілерге ұшырады. Сонымен қатар, халықтың еркін қоғамдық қатынасқа көшуімен дін саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алды. Аталған салаларда қазіргі жағдай қалай? Нендей өзгерістер бар? Осы және тақырыпқа қатысты өзге де сауалдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, қоғам қайраткері Мұрат ЖҰРЫНОВ жауап береді.
Егемендік алған алғашқы жылдарда еліміздің бірқатар қиындықтарды бастан кешіргені белгілі. Экономикалық дағдарысты жағдайлармен қатар, білім беру, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау салалары елеулі кедергілерге ұшырады. Сонымен қатар, халықтың еркін қоғамдық қатынасқа көшуімен дін саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алды. Аталған салаларда қазіргі жағдай қалай? Нендей өзгерістер бар? Осы және тақырыпқа қатысты өзге де сауалдарға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, қоғам қайраткері Мұрат ЖҰРЫНОВ жауап береді.
– Мұрат Жұрынұлы, тәуелсіздік жылдары елімізде отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі басталғандығы белгілі. Осы жылдары өзіңіздің де ғалым ретінде ғылым саласында үлкен қызметтер атқарғаныңызды білеміз. Жалпы, қазіргі жағдайда ғылым мен білім ел дамуына қаншалықты үлес қоса алып отыр деп ойлайсыз?
– Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде ғылым саласында елеулі өзгерістер орын алып, жаңа кезең басталды. Елдің меншігіне көптеген ғылыми-техникалық мекемелер өтіп, ғылымды қолдаудың маңыздылығы арта түсті. Бұл жылдары, өзіміз де ғылым саласында жүргендіктен, оның дамуына атсалысып, өз үлесімізді қосуға тырыстық.
Ғылым – білімнің жоғары сатысы. Бұлар – бір-бірімен астасып, тұтасып жатқан салалар. Ғылымсыз мемлекет те, қоғам да дамымайды. Бұл - аксиома. Яғни, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Жұрт осылай қабылдау керек. Біздің елімізге білімнің, ғылымның берері не? Ең алдымен, білімі мен ғылымы дамыған елде тұрақтылық болады. Білімсіз халықты адастыру оңай. Білімсіз адам көрінгеннің айтқанына көніп, айдауына еруге бейім тұрады. Ал білімді адамның санасы сарабдал келеді, істің мән-жайын біліп, байыбына бара алады. Білім - өркениет көшіне ілесудің сара жолы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның жас азаматтары! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір – техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады, тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», деу арқылы білім беру мен мамандықты меңгеруге басымдық берді.
–
Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде елімізде дінтану біліміне шектен тыс мән беріліп, дінтану мамандарын даярлау ісі оңды-солды жүргізіле бастағаны өзіңізге мәлім. Бұл жайттың кейінгі салдары туралы әңгіме қозғамас бұрын, осы қадамға негіз болған алғышарттар туралы айта кетсеңіз.
– Кеңестік империяның ыдырауы нәтижесінде атеистік идеологияның ықпалынан босаған, тәуелсіздіктің табалдырығын енді ғана басқан қазақ халқы өзінің дәстүрлі дінімен қайта қауышты. Алайда, сол тұста ашық ақпарат кеңістігі мен ашық шекара саясатын өз мақсаттарына пайдаланған теріс пиғылды діни ағымдар легі көбейді. Сондай-ақ, қоғамымыздың дінге бет бұруымен сол кездері қазақстандық жастар діни білім алу мақсатында алыс шетелдерге (Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр және т.б.) кете бастады. Өкінішке қарай, аталған елдердің ішінде біздің дәстүрлі исламдық ұстанымдарымызбен үйлеспейтін, жерімізде атам заманнан берік қалыптасқан ханафиттік мазһабымызға сай келмейтін бағытты бағдар еткен елдер де болды. Оларда білім алған жастарымыз сол елдің фундаменталистік идеологияға негізделген көзқарастарын сіңіріп, экстремистік және лаңкестік ұйымдардың ықпалына түсу ықтималдығы зор екендігі, елге оралғаннан кейін сол шетін көзқарастарын жергілікті халыққа насихаттауы мүмкін екендігі ол кезде ескерілген жоқ.
Жоғарыда айтып өткенімдей, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде азаматтарымыз діни сауаттылық жағынан ақсап тұрды. Сондықтан да бұл кезеңде білімі таяз адамдардың дін атын жамылған деструктивті және экстремистік ағымдардың қатарына қосылып кету қаупі күшейе түсті. Осы сындарлы кезеңде зайырлылық қағидаттарын дамыта отырып, дәстүрлі руханиятты сақтап қалу, халықтың діни және дінтанулық сауатын көтеру мақсатында діни ахуалды бақылап, талдау жасай алатын мамандарға қажеттілік туындады...
– Сөзіңіз аузыңызда, қажеттілік, қажеттілік деп жастарымызды шетелдерге қойдай өргізіп, оның соңы жақсылыққа апармайтынын сезген кезде бұл үдеріске тоқтау салуға ұмтылдық. Өкінішке қарай, қолымызды кеш сермеп қалған секілдіміз. Бұған соңғы жылдардағы, соның ішінде, әсіресе, күні кеше Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғалар дәлел десек, асыра айтпайтынымыз ақиқат. Бұған не дейсіз?
– Рас, жоғарыда да атап көрсеткенімдей, дін саласындағы маманға қажеттілік деген желеумен ой-санасы, өмірлік ұстанымы, өзіндік көзқарасы қалыптаспаған жастарымызды шетелдерде оқыту үрдістері белең алды. Шынында да, сырттағының бәрі алтын мен күміс болмай шықты. Мұның тым асығыс шешім болғанын енді бағамдап жатырмыз. Зардаптары да аса ауыр соғуда.
– Ұмытпасам, егемендіктің елең-алаңында өзіңіз басқарған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде елімізде ең алғаш рет дінтану мамандарын даярлау ісі қолға алынған болатын. Жалпы, аталған мамандық бойынша елімізде кадрлар даярлаудың бүгінгі жай-күйіне, оның өзекті тұстарына тоқтала кетсеңіз. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды және тағы не істеу керек деп ойлайсыз?
– Иә, дінтанулық білімнің еліміз үшін ерекше өзектілігін ескеріп, 1992 жылы Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дін және еркін ойлау» мамандығын ашқан едік. Отандық дінтану білімінің іргесі осылай қаланды. Бұл оқу ордасының қалай құрылғаны, қандай қиындықтарды еңсере отырып дамығаны - өз алдына бір хикая. Түркістаннан университет ашу Елбасының идеясы болатын. Сол идеяны жүзеге асыруға, Қожа Ахмет Ясауи университетін мәдениет пен білім ордасына айналдыруға септігімді тигізгенімді ғұмырымда жасаған үлкен игі ісім деп бағалаймын.
2009 жылдан бастап аталған университетте дінтанушы мамандар дайындайтын «Дінтану және теология» кафедрасы ашылып, мамандық аясы кеңейе түсті. Одан бөлек, оқу орнында дінтану мамандығы бойынша магистратура іске қосылып, қазіргі күнде кафедра түлектері осы салада табысты еңбек етуде.
Қазіргі кезде бұл оқу орнымен қатар, еліміздің тағы бес жоғары оқу орнында – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде, «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде дінтану мамандары даярлануда. Бұл дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге талпынған қазіргі жастар үшін өз елімізде кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалғанын көрсетеді.
– Мектеп бағдарламасында «Дінтану негіздері» пәнін оқыту қолға алынғанын қалай бағалайсыз?
– Мұны мен айрықша маңызды қадам дер едім. Қазақстан қоғамының көпконфессиялы сипатын ескере отырып, қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандарды дайындау аса өзекті мәселе болып табылады.
Еліміздің білім жүйесіндегі жаңалықтардың бірі - «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «дінтану», «теология» және «шығыстану» мамандықтарына гранттың бөлінуі. Бұл қадам отандық мамандардың діни және дінтанулық білім саласындағы біліктілігін арттырып, әлемдік тәжірибемен жете танысуға септігін тигізері анық. Жалпы алғанда, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім өзіндік базасы, қалыптасқан тәжірибесі бар, халықаралық ғылыми байланыстарға түсіп отырған маңызы жоғары білім беру саласы саналады.
– Діни сауатсыздықтың қоғамға тигізер зардабы үлкен екеніне дәл бүгін мысалды алыстан іздеудің қажеті болмай қалды. Жастарымыздың ішінара теріс пиғылды ағымдардың ықпалына түсіп қалуы да осы діни сауатсыздықтың салдары екені күмәнсіз. Әсіресе, соңғы оқиғалардан кейін халықтың діни сауатын арттыру бағытында нендей шаралар атқарылғаны жөн деп ойлайсыз?
– Әрине, халықтың, әсіресе, жастардың бойында түрлі теріс пиғылды ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру, еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі діни ахуалға талдау жасай білу үшін діни білім аса қажет. Қазіргі күнде жастар санасын жат ағымдардан арашалау және сақтандыру жолында мемлекет тарапынан іргелі қадамдар қолға алынып жатыр. Бірақ, меніңше, енді осы бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейте түсу керек. Бұл жерде Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетіне ерекше жауапкершілік жүктеледі дер едім. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына да жұмысын ширата түскен жөн.
Дегенмен, бұл салада жасалған жақсы жұмыстар бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, соңғы жылдары жүзеге асырылған дін саласын заңнамалық реттеу жұмыстары елеулі нәтиже бергенін көпшіліктің көзі көріп отыр. Бұрынғыдай көше кезіп, кітап таратушылар қазір тыйылды, кез келген жерде насихат айтып, есік қағып, тұрғындарды мазалап жататын уағызшылардың әрекетіне де тоқтау салынды. Дінтану сараптамасының белсенді жүргізіліп жатқанын әрбір діни кітаптың алғашқы бетіндегі сараптамадан өткені туралы мәліметтен біліп отырмыз.
Әсіресе, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының орасан зор жұмыстар атқарып, барлық аудиторияларда үздіксіз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырғанын БАҚ-тардан біліп, өңірлерге барған кездерде естіп жатамыз. Осының бәрі дін саласындағы жүйелі де орнықты саясаттың жемісі екені айқын. Өйткені, жастарға тура жолды нұсқап, оларды заман ағымына қарай бейімдейтін және оларға діни-рухани тәрбие беретін имамдардың сауатты, білімді болғаны өте маңызды. Осы ретте ҚМДБ-ның дін ғалымдарының, имамдардың беделін, мәртебесін көтеру мақсатында олардың діни біліммен қатар, зайырлы білімді меңгеруі қажеттігі туралы бастама көтеріп, «Қазіргі заманның үздік 500 зиялы имамы» жобасын жүзеге асыруды қолға алуы - көңіл қуантарлық жағдай.
Халқымыздың дәстүрлі құндылықтарымен үндесіп жатқан ислам дінінің жаршылары болып табылатын имамдардың сыртқы келбеті, болмысы, мінез-құлқы, білімі - барлығы да өз аттарына сай болуы керек. Зайырлы елдің рухани көсемдері имамдар болғандықтан, олар тек діни емес, зайырлы білімді де меңгергені жөн деп санаймын. Сонда олар діннің талаптары мен зайырлылық қағидаттарын үйлестіре отырып, халық арасында туындаған мәселелер бойынша оңтайлы шешімдер қабылдай алады.
– 2016 жыл ЮНЕСКО көлемінде Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жарияланды. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшылдың дүниеден өткеніне биыл 850 жыл толды. Осы орайда, Ясауи ілімінің мән-маңызы туралы қысқаша айта кетсеңіз.
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қашан да ұлттық тарихымыздың әр кезеңіне тоқталып, ұлы тұлғаларымыз туралы лайықты бағасын беріп келеді, олардан қалған асыл аманатты сақтап, дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Солардың ішінде ислам дінін жетік меңгеріп, қазақы дүниетанымымен астастырып, қазақ мұсылмандығына негіз боларлық бірегей ілімдер қалыптастырған ұлы тұлғаларымыздың бірі Қожа Ахмет Ясауи дер едім.
Қ.А.Ясауидің жалпы түркі халқының дүниетанымының, рухани құндылықтарының қалыптасуында алар орны ерекше. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Ясауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі рөлін атқарған Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз.
Биылғы 2016 жылды ЮНЕСКО ұйымы «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияласа, бұл халқымыздың рухани мәдениетінде өшпес із қалдырған ұлы бабамыздың осындай құрметке әбден лайықты екендігінің айғағы.
–
Тобықтай түйініңіз.
– Түркі елінің тұтастығына ерекше мән беретін Елбасымыздың мемлекетімізді «Ұлы Дала елі» деп бейнелі түрде атау жөніндегі ұсынысы мені қатты қуантты. Енді біз «Ұлы Дала перзенттері» деген атқа лайық болуды ойлауымыз керек. Осы жолда нәтижелі жұмыс жасау әрбір қазақстандыққа үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, еліміздің азаматтарын ауызбіршілік пен түсіністікті қадірлеуге және мемлекетімізді көркейту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын.
–
Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»