Кеше мұхиттың арғы бетінде тұтас бір дәуірдің толымды тұлғасы болып саналатын даңқты боксшы Мохаммед Әлиді фәни-жалғаннан бақилық мекеніне жөнелту рәсімі болды. Маусымның 3-і күні оның 74 жасында өмірден өтуімен бірге сол дәуірдің ғаламат оқиғаларға толы тағы бір парағы да қоса жабылып кетіп бара жатыр. Шаршы алаңда да, күнделікті тіршілікте де өзіндік орны мен бет-бейнесі болған ұлы боксшы жаһан жұртының айтарлықтай ауқымды бөлігінің құрметі мен ықыласына бөленді. Сондықтан да, оның ақырғы сапарға шығарып салуға арналған жаназасы да бүкіләлемдік оқиғаға айналды.
Аты аңызға айналған атақты спортшымен қоштасуға әлемге әйгілі көптеген көрнекті қайраткерлер – АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон, Иордания королі Абдалла, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, актер Уилл Смит, боксшылар Шугар Рэй Леонард пен Леннокс Льюс және басқалар қатысты. Бұл шара боксшының туған жері – Кентукки штатындағы Луисвилл қаласында екі күн бойына, 9 және 10 маусым күндері жүргізілді. Оның бірінші бөлігі 1960 жылы Мохаммед Әли кәсіпқойлар рингіндегі бірінші шайқасына шыққан 18 мың орындық «Фридом-Холл» аренасында өтті. Екінші күнгі азалы шара туған қаласында 1961 жылы соңғы ұрысын өткізген 15 мың адамдық KFC Yum сарайында ұйымдастырылды. Осы жерде Билл Клинтон сөз сөйледі. Соңғы қоштасу ишарасы керуен керген сол сарайдан тікелей эфир хабары да жүргізіліп тұрды.
Қоштасу рәсімі Ислам дінінің шариғаты бойынша қолға алынды. Оның барлық жай-жапсары, өту бағдарламасы қайтыс боларынан бір апта бұрын өзімен келісіліп алынған екен. Ол өзі Ислам дінін ұстанатын болғандықтан, жерлеу салт-дәстүрінің де таза мұсылманша болғанын қалайтынын айтып кетіпті. Мұны Мохаммедпен кездескен имам Заид Шакир растап берді. Осы тәртіппен өткен екінші қаралы жиында 14 мың адам бас қосты. Олардың бәрі де аренаға алдын ала таратылған билет бойынша кіргізілді. Бірақ ислам қағидаты бойынша билеттердің бәрі тегін берілді. Даңқты спортшының денесі салынған табытты сегіз адам көтеріп шықты. Олардың арасында «Әли» фильмінде басты рөлде ойнаған актер Уилл Смит те болды. Осы үшін артист «Оскар» сыйлығын алды, соңынан Мохаммед Әлимен және оның отбасымен керемет достасып кетті. Ал боксшы Леннокс Льюс тек Әлимен және Эвандер Холлифилдпен жекпе-жектері қорытындысында аса ауыр салмақта үш рет чемпион болған еді. Қоштасу мезіреті 20 минуттай ғана уақытқа созылды. Осы мезгіл бойы беті құбылаға қаратып қойылған Мохаммед Әли табытының жанында Құран аяттары оқылды. Жаназадан кейін марқұмның денесі қала көшелерін бойлап алып өтілді.
Мохаммед Әли өмірге 1942 жылғы 17 қаңтарда Кассиус Марселлис Клей атымен келді. Ол 12 жасынан бокспен шұғылдана бастайды. Ал 1960 жылы 18 жасында Рим Олимпиадасына қатысып, жартылай ауыр салмақта чемпион атанды. Содан кейін кәсіпқой боксшылар қатарына қарай өтті. 1960 жылғы 29 қазан күні осы саптағы бірінші сынағында Танни Хансекерді айқын басымдықпен ұтқан ол жеңісті жолдардың даңғылына беттеген еді. Ал 1959 жылдан ислам дініне қызыға түскен Кассиус 1962 жылы мұсылман дінін қабылдап, өзі жастайынан лақап ат ретінде алып келген «Мохаммад Әли» есімін заңдастырып алды. Оған еліктеген екі жас кіші інісі сол сәттен Рахман Әли блып шыға келеді.
Мохаммед Әлидің бұдан кейінгі жолдарында талай табысты тұғырлар мен кесірлі кедергілер кездесті. Ол 1967 жылы АҚШ-тың Вьетнамда жүргізіп жатқан агрессорлық соғысқа наразылық ретінде әскерге барудан бас тартқаны үшін түрмеге де түсіп қалды. Соның арқасында бірнеше жыл бокстан қол үзді. Кейін спорттық мансабын қайта жалғастырған Әли тағы да біраз биік тұғырдан көрінді. Ол осы жылдарда 61 рет шаршы алаңға шығып, 56 рет жеңіске жетті, солардың 37-сін нокаутпен аяқтады, тағы 5 айқаста жеңіліп қалды. Боксшының спорттық жолдарынан кейінгі өмірінде де қиындықтар аз болған жоқ. Ол 1984 жылы жазылмайтын дауасыз дерт – Паркинсон ауруына шалдықты. Соған қарамастан, қоғамдық өмірден шет қалмаған ұлы спортшы көптеген қайырымдылық шараларының басы-қасында жүрді.
Әлем сүйген, адам сүйген Мохаммед Әлиді құрметтеу мен атын мәңгіге қалдыру мақсатындағы шаралар қазірден бастап жасалып жатыр. Айталық, Нью-Йорктің 33-ші көше мен 7-даңғыл бойында орналасқан «Мэдисон Гарден» аренасы бұдан былай «Мохаммед Әли» атанатын болды. Сол сияқты, Манхеттендегі бір көше ұлы боксшының атына берілді. Дәл осы аралықта шешен ағайындар Грозныйдағы бір даңғылды Әлидің атымен атауға ұйғарым жасады.
Ұлы адамдардың жүрегі де өмірден өтерде оңайлықпен тыншу таба қоймайды-ау! Боксшының қызы Хана Әли әкесі қайтыс болғаннан кейін де жарты сағат бойына жүрегінің соғып жатқанын айтады. Шын мәнінде де, ұлы деуге толық сыятын бұл адам дүние антогонистік екі лагерьге бөлініп тұрған заманда сол екі жақтың арасын жалғап тұрған алтын көпірлердің бірі сияқты болып сезілуші еді. Сондықтан, бір-бірімен бітіспес екі тараптың өкілдері де оны өзінің төл ұлындай, жақын адамындай көрді. Ұлы Мохаммед Әли сол сенімге қылаудай кіршік түсірмеген күйде өмірден өтті.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»