Елордада қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың XXIV жалпы отырысы өтті.
Еліміз ЕАТ келісіміне қол қойғалы, яғни 2011 жылдан бері аталған топтың пленарлық отырысы біздің республика аумағында бірінші рет өткізілді. Шараға Еуразиялық топқа мүше мемлекеттер мен бақылаушы мәртебесіне ие 15 ел мен 18 халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты. Еуразия кеңістігінде терроризмді қаржыландыру және ақшаны жылыстатудың типологиялық схемалары, сонымен қатар, қылмыстық кірістерді жылыстатумен байланысты қаржылық ағындарды сараптау және ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған) террористік ұйымын қаржыландырумен күресудегі ФАТФ ғаламдық жүйесінің өкілдері қолданатын жалпы шаралар жиынтығы талқы болған отырысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ашты. Ол өз сөзінде лаңкестіктің жаңа сын-тегеуріндерінің пайда болуы жаһандық қоғамға өзара іс-қимылдың жаңа тиімді жолдарын іздеуді талап ететінін жеткізді. Сондай-ақ, кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі ЕАТ мүшелері мен бақылаушыларының әр жаңа кездесуі ұйымның тарихына жаңа парақ қосатынын қадап айтты. Бұл бізді ФАТФ жаһандық желісінің маңызды және ажырамас бөлігі етеді, ЕАТ-тың басты міндеті – сенімділік пен қаржы ұйымдарының қауіпсіздігіне жауап беру, мемлекеттер арасында интеграциялық ынтымақтастық орнату, қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды бірге жүргізу болып табылады, деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, атқарылып жатқан жұмыстардың трансшекаралық қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретініне тоқталып, әлемдегі соңғы оқиғалар өзгеше шаралар қарастыруға мәжбүрлейтінін назарға алды. Оның айтуынша, Қазақстан тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамзат пен әлемге төнген қауіп-қатерге қарсы әрекет ету барысында барлық қажетті шараларды қолдануда. Осы ретте бірінші вице-премьер ұлттық заңнамалардың жаңартылған халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың екінші раунды ЕАТ-ға мүше елдерінің алдына жаңа міндеттер қоятынын баса айтты. Және де ЕАТ-тың XXIV жалпы отырысы ақшаның жылыстауымен және терроризмді әлемдік деңгейде қаржыландырумен күресте бірыңғай тәсіл әзірлеу үдерісінде салмақты үлес қосатынына сенім білдірді.
Қазіргі таңда ЕАТ-қа мүше мемлекеттер үшін Ирак пен Ливанның Ислам мемлекеті (Қазақстанда тыйым салынған) деп аталатын террористік ұйымының іс-әрекетімен күреске бағытталған біріккен шараларды күшейту мәселесі негізгі басымдыққа ие болып отыр. Есірткі саудасын, қылмыс пен терроризмді қаржыландыру және құқықтық мәселелердің қорытындылары жасалған отырыс аясында ЕАТ төрағасы, Ресей Федерациясының қаржылық мониторингі бойынша Федералдық қызметінің директоры Юрий Чиханчин сөз алды. Осыдан бірнеше күн бұрын орын алған қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан тұрғындарына көңіл айта келе, Ю.Чиханчин бүгінгі күннің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі де осы террорлық іс-қимылға қарсы күрес пен лаңкестік әрекеттерді қаржыландыруға қарсы бағытта екендігін айтты. Бұл ретте ол Қазақстанның халықаралық алаңға өте белсенді қатысып, лаңкестікпен күресуде басым бағыттарды қолға алып отырғанын жеткізді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»