Мәжілістің алтыншы шақырылымында сайланған жаңа депутаттардың бірі – Тарас Хитуов. Есіміне қарап-ақ оның украин кобзары атанған Тарас Шевченко айдауда болған Маңғыстау өңірінде дүниеге келгенін сезуге болады. Қазақ жақсы адамның есімін ұлтына, дініне қарамай-ақ ежелден қабылдай берген ғой... Біз оқырмандарымызды жаңа депутатпен таныстыра отыру мақсатында оны әңгімеге тартқан едік.
– Мен қазыналы түбектегі шежірелі Форт-Шевченко қаласында мұнайшының отбасында 1964 жылы өмірге келдім, – деп бастады әңгімесін депутат. – Мұнайшы болған соң әкемнің қызмет орны жиі ауысып тұрды. Мен мектеп жасына жеткенде ол кісінің қызметі бұрын Ералиев, қазір Құрық аталатын кентке ауысқан еді. Сондықтан, сол жерде мектеп есігін аштым. Алайда, бастауыш сыныптарды Жаңаөзен қаласында бітірдім. Ал жалпы орта білім беретін мектепті Ақтау қаласында аяқтап, 1981 жылы Қазақ политехникалық институты филиалының осындағы мұнайшылар дайындайтын факультетіне оқуға түстім. Мұндағы тәртіп бойынша екі жыл оқыған соң студенттерді Алматыдағы институттың негізгі бөліміне ауыстыратын. Сөйтіп, үшінші курстан бастап оқуымды Алматыда жалғастырдым.
– Сіздің бокстан Қазақстан құрамасының сапында жақсы өнер көрсеткеніңізді білеміз. Онымен қай жылдары, қайда айналыса бастаған едіңіз?
– Бокс қолғабын алғаш рет Ақтау қаласындағы спорт мектебінде кидім. Жастар арасындағы КСРО чемпионы, КСРО Кубогының жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Асылбек Қилымовпен бала кезден доспын. Екеуміз алтыншы сыныптан бастап бокспен айналысуды бір залда бастадық. Достығымыз әлі күнге жалғасып келеді.
– Асылбек Қилымовтың есімін қазақстандықтар жақсы біледі. Оның 75 кг салмақта Еуропаның ең үздік боксшысы атанғаны да ұмытыла қойған жоқ. Гүрзі жұдырықты нокауттер болып, ол талай қазақ баласының намысын жаныған еді. Ал өзіңіздің спорттағы жетістіктеріңіз қандай?
– Мен де «спорт шебері» нормативін орындадым. Студенттердің бүкілодақтық «Буревестник» спорт қоғамының екі дүркін чемпионы болдым. Қазақстаннан қазіргі Қарағанды университетінің доценті болып жүрген досым, спорт шебері Боранқұл Нұрпейісовпен бірге «Буревестниктің» барлық жарыстарынан, универсиадаларынан қалмайтын едік. Ол «Буревестниктің» үш дүркін чемпионы атанды. Қазір сол достарымызбен жақын араласпасақ та, телефон арқылы хабарласып тұрамыз.
– Қызмет жолыңыз жайында айта отырсаңыз.
– Институтты бітірген соң еңбек жолымды 1986 жылы Ақтау қаласындағы пластмасса зауытының аппаратура жөндеу цехында бастадым. Бұл бүкіл Еуразия бойынша санаулылардың қатарына жататын бірегей зауыттардың бірі еді. 1988 жылдан осы зауыттың ауысым шебері, техникалық қадағалау бөлімінің жетекші инженері секілді қызметтер атқардым. 1990-жылдардың басынан енген экономикалық дағдарыстың салдарынан зауыттың жағдайы қиынға айналып, өндірісі төмендеп кетті. Жұмыс орындары да қысқарып, еңбекақы төлеу тұрақсыздық халіне жетті. Көптеген мамандар басқа жұмыстарға ауысып жатты. Соның бірі болып мен де қаладағы «Ақ жол» ЖШС-іне технолог болып ауыстым. Одан жекеменшік салаға кетіп, 1991-1993 жылдары «Маңғыстау» бизнес-орталығында менеджер болып істедім. 2000 жылы мен өз мамандығым бойынша Павлодардағы мұнай-химия зауытына қызметке шақырылдым. Алайда, мұнда көп істемей, қайтадан Ақтауға ауысып, қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым.
Еліміз тәуелсіздігін алған соң бұрынғы Шевченко ауданы Түпқараған болып қайта құрылған еді. Аудан орталығы – өзім өмірге келген Форт-Шевченко қаласы. 2003 жылы осы ауданның әкімі қызметіне шақырылып, сонда ауыстым. Одан облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы қызметінде бірнеше жыл істедім. 2008 жылы Маңғыстау облысы әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалдым.
Ал депутаттыққа сайланғанға дейінгі қызметтерім мұнай саласымен тығыз байланысты болды. Алдымен «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру» АҚ, одан «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражамбасмұнай» АҚ әлеуметтік мәселелер, кадр жөніндегі вице-президенті қызметтерін атқардым. «Нұр Отан» партиясынан депутаттыққа кандидаттардың тізіміне енгізілгенде «Қаражамбасмұнай» АҚ аппаратының басшысы қызметін атқарып жүрген едім. Сөйтіп, Маңғыстау өңірінен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ ұзақ жылдар басқарушылық қызметтер атқарған Сәкен Өтебаев екеуміз депутаттыққа сайландық. Қазір Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесімін. Заң шығару жұмыстарына ептеп үйреніп келе жатырмыз.
– Отбасылық жағдайыңыз қалай? Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Отбасымда үш балам бар. Үлкен ұлымнан әзірге бір немере көрдім. Олар Ақтауда тұрады. Шынымды айтсам, немеремді қатты сағынып жүрмін. Бұрын бос уақытымда кітап оқитын едім, қазір бос уақыт деген көп бола да бермейді. Депутаттарды түрлі қоғамдық жұмыстарға да тартады екен. Мен де сондай қоғамдардың бір-екеуіне мүше болып ендім. Олардың жұмыстары да жеткілікті. Өзіміздің өңірдегі проблемаларды да жақсы білемін, олармен хабарласып, төтенше мәселелердің шешілуіне атсалысамын.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»