14 Маусым, 2016

ҰБТ-ны ұтқыр ұйымдастырған ұтылмайды

232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ERA_7456Он бір жыл мектепте білім алған талапкердің тағдырын шешетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі шықты. Оған зейін салып қарасақ, өткен жылдардағыдай емес, биыл ұтымды ұйымдастырылғанына көз жеткізесің. Әсіресе, ҰБТ нәтижесіне наразылардың өзіне өзі қол жұмсауы кездеспепті. Бұл жүйелі жұмыстың жемісі десек жарасар. Әйтсе де, ҰБТ туралы әр­алуан пікірлер айтылды, айтылып та келеді. Жұрттың тілегі ес­керіліп, алдағы жылы бұл білім бә­секесін анықтайтын сынақ өз­геретін секілді. Соған орай, түрлі байлам пайымдарды бір тақырыпқа топтастырып, оқыр­мандарымызға ұсынып отырмыз. Күнгей мен көлеңке Біз облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Шолпан Кариноваға жолығып, тәуелсіз сырт­тай бақылау жүйесін жүзеге асыру­дың артықшылықтары мен шешімін табуы тиіс мәселелер жөнінде сұрағанымызда, 2004 жылдан бері қолданылып келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ)оқушылардың білім алу деңгейі мен ұстаздардың сапалық құрамын анықтауда әзірге бірден-бір бас­ты көрсеткіш екенін жеткізді. Оның айтуынша, биыл ҰБТ-ға 2352 түлек қатысып, орташа балл 79,01-ді құ­ра­ған. «Алтын белгі» мен «Үздік аттес­тат» алушылардың саны біршама артқан. Бір атап өтерлігі, сынақ барынша тыныш өтіп, тосын оқиғалар да, ата-аналар тарапынан арыз-шағымдар да орын алмаған. Мұғалімдерден, оқу бөлімдерінен әр оқушының жеке тұлғалық қасиетіне назар аудару, қабілет-қарымын жете ескеру талап етілген. Қазақ-түрік лицейі, Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты, «БЭСТ» гимназиясы 104-101 аралығында ұпай жинап, үздіктер қатарынан көрінген. Ауылдықтар арасында Уәлиханов ауданы (86, 67 балл) топ жарған. Көп жылғы тәжірибе ҰБТ білім сапасының басты айқындаушы өлшемі екенін көрсетіп отыр. Десек те, бұл үрдіс кей пәндер бойынша оқушының шығармашылық қарым-қабілетін тежейді, ашып көрсете алмайды деген пікірлер айтылып жүр. Мұндай көзқараспен келіспеуге болмайды. Әсіресе, ҰБТ-ның 5 пән бойынша тапсырылуы, оның ішінде мамандық таңдауда бір пәнге ерекше басымдық берілуі төңірегінде ойланатын тұстар жоқ емес. Сондықтан, қазіргі білім беру жүйесі, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін енгізу жағдайында ұсыныс-тілектердің талқыға түсіп, жете ескерілгені жөн, – дейді Шолпан Таңатқызы. Біз бірқатар ата-аналармен, мұға­лімдермен, түлектермен сұх­бат­тасқанымызда олар да ҰБТ-ға қатысты өз ұстанымдарын ашық біл­дірді. Аты-жөнін атамау­ды сұра­ған Б. есімді азаматша мек­теп­тер­дегі толыққанды білім сапасы әлі де сырттай сан қуалаушылық көрсеткіштермен өлшенетініне, осы себепті 9-сыныптан кейін «нашар оқитындардан» «тазару» жүргізілетініне қынжылыс білдірді. Биыл облыста 11 сыныпты 3684 оқушы тәмамдаса, олардың 27 пайы­зы ҰБТ-ға қатыстырылмаған. Сон­да қалай, жылдар бойы алған білімдеріне сенімсіз болғаны ма? Есіл ауданында бір оқушының үлгерімінің төмендігі желеу етіліп, ҰБТ-ға қатыстырмаудың барлық айла-шарғылары қолданылған. Мұн­дай келеңсіз көріністер қала­лық жерлерде де аз кездеспейді. Менің­ше, ҰБТ нәтижелі болу үшін, бірін­шіден, шағын жинақты мектептерге қамқорлық күшейтілуі керек. Өңірде мұндай үлгідегі білім ошақтары 88 пайыз төңірегінде екенін, оның үсті­не ақпараттық-коммуникация­лық тех­нологиялардан жұтаңды­ғын, біріктірілген сыныптарда оқы­латы­нын, мұғалімдердің толық оқу жүк­те­месімен қамтамасыз етіл­ме­ге­нін ескерсек, түйінді мәселелер жетіп-ар­т­ылады. Меніңше, ҰБТ керек пе, жоқ па дегеннен гөрі білім беру са­ласындағы реформалардың нәти­жел­ілігіне көңіл аударған дұрыс деген сұхбаттасымыздың сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Өйткені, өңір­де ҰБТ тапсырғандардың бестен бірі 50 балл жинай алмағаны, 52 тү­лек «екілік» алғаны, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» үміт­кер­лер­­дің жар­тысына жуығы өз білім­дерін дә­лел­демегені ойландырмай қоймайды. 30 жыл жұмыс өтілі бар Т. есімді ұстаз бүгінгі күні ҰБТ-да білім­сіздердің де аты озып, бәйге алдын бермей жүргенін жасырмады. Оның пайымдауынша, үлгерімі төмендердің «бағын» жандырып тұрғаны – қазіргі заманның озық технологиялары. Өз сөзіне ұялы телефонды фольга қағазына орап, ішке алып өткен оқушының іс-әрекетін мысалға келтірді. Тест сауалдарын мектептің информатика кабинетінде күтіп отырған ұстаздарына жолдаған. Әрі қарай оқиғаның қалай өрбитіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан, білім сапасын арттырудың кешенді жүйесін түбірімен өзгертіп, басқа түрін енгізген қажет деп есептейді. Билет сұрақтарына жауап беру секілді сынақ түрлерін неге енгізбеске? ҰБТ-ға иек артқан оқушылардың өздігінен білім алуға құмарлығы, жан-жақты ізденісі, кәсіби даярлығы жыл өткен сайын төмендеп барады. Көбіне-көп жаттанды жауаптармен, тар мағыналы ойлаумен шектеледі. Таратып, талдап айтуға шорқақ. ҰБТ бүгінде білім сапасын бағалаудың көрсеткіші болудан қалды, дейді тәжірибелі педагог. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы