14 Маусым, 2016

«Жаңартылған» бағдарламаның жаңалығы қандай?

3546 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
ERA_6722Елбасы қазіргі кезде еліміздегі білім беру саласында қандайда бір өзгерістер жасауды көпші­лік қауыммен, мұғалімдермен келісіп шешу керек деп өте бір дұрыс ке­ңес берген болатын. Біз бүгін бі­лім беру ісіндегі жасалып жат­­қан шаралардың ішіндегі тек жаңар­тылған бағдарламаға көшу жайын ғана сөз еткелі отырмыз. Әрбір заманның ғылымы мен техникасының, экономикасы­ның даму қарқынына лайықты оқу жүйесі мен білім мазмұнына өзгерістер енгізіліп жататыны бел­гілі. Мектептегі қоғамдық-гума­нитарлық пәндердің маз­мұны елдегі болып жатқан саяси, мә­дени, экономикалық жағ­дай­ларға байланысты жиірек өзге­ріске ұшырап жатса, жара­ты­лыс­тану, математика пәндерінің  мазмұны ондай жиі өзгеріске ұшы­рай қоймайды. Қазіргі күннің өзін­де еліміздің мектептеріндегі жара­тылыстану-математикалық пәндер мазмұны әлем елдеріндегі оқу бағдарламаларына негізінен сәйкес келеді. Әрине, кейбір ел­дердің оқу бағдарламаларынан аздап ауытқулар болуы мүм­кін. Демек, ол пәндердің маз­мұнын әлемдік стандартқа сәйкес­тен­діруіміз керек деудің өзі артықтау. Біздегі білім беру ұйым­дары­ның беделді тұлғалары екі сөзі­нің бірінде заман талабына сай «орта білімнің мазмұнын жа­ңарту қажет» дейтін болды. Бірақ, қазіргі кездегі мектептің оқу маз­мұнын жаңартудың қажеттігін дәлелдейтін ешбір нақтылы дерек келтіре алмайды. Ешқандай жап-жаңа мазмұнды да ұсынып жатқан жоқ. Әйтеуір жаңа бағдарламаға көшу науқаны деген қарқынды жүруде. Осы науқанды жүзеге асырамыз деп, білім беру саласының жоғары лауазым иелері мектепте жылдар бойы қалыптасқан барлық жетістіктерді «бір-ақ сілтеумен» сызып тастап, шетел асып, «шала піскен» нұсқаулар мен нұсқау­лықтарды көзсіз төтелеп, бізге насихаттап жатқанына да біраз уақыт болды. Міне, қараңыз, алғашқы кезде «оқу және жазу арқылы дамыта оқыту мен сыни тұрғыдан ойлау технологиялары» бағдар­ла­маларын іске асыру деген дүр­мек-науқанмен жүріп, бастауыш­та оқушыларды дұрыс жазу мен оқи алудан алшақтатып ала жаз­дадық. Ендігі жерде, мұғалім оқу­шының қолынан ұстап тұрып жазу үлгісін көрсетуі, керек десе­ңіз, ежелеп түсіндіруі мен ыжда­ғаттылықпен жаттықтыруы «жаңа оқыту технологиясына» жат, «мұғалімнің авторитарлық ұстанымының нәти­жесінде оқу­шы белсенділік таныта бер­мейді» дейтін де болдық. Әлі еркін оқып-жаза алмайтын балаларды деңгейлер және бағыттар бойынша оқытамыз деп баста­уыш мектеп мұғалімінің қалыпты жұмыс істеуін барынша тежеп-ақ бақтық. Бастауыш мектептің сауаты да толық ашылмаған оқушысына бағыт-бағдар беріп, топтарға бөліп қойсаң, олардың өздері бір-бірімен пікір алмасып білімдерді шығармашылықпен игереді деп үйрететін болдық. Енді, міне, 15 жылдан бері дайындалған, «Жаңартылған» бағ­дарламаға биылдан бастап көшу қолға алынады екен. Бағдарлама 6 жыл (2008-13) 20 Назарбаев зият­керлік мектебінде, (НЗМ) ал кейінгі үш жылында (2013-16) 100 қа­тар­дағы мектептерде тексеруден өтіп­ті (http://edu.gov.kz/kk/news/bilim-zhne-gylym-ministri-erlan-sagadievtin-zhurtshylyk-okilderimen-esepti-kezdesudegi). Осы қандай жап-жаңа бағ­дарла­ма болды екен, бас­тауышта­ғы ең маңызды пән­дер­дің бірі – «Математика» бағдарлама­сына қысқаша талдау жасап көрелік. Оны Білім және ғылым ми­нистрі бекіткен (30.03.2015) («Математика. Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында бас­тауыш мектепке (1-4 сыныптар) арналған оқу бағдарламасы (30 қанатқақты мектептерде сынақтан өткізу үшін байқау нұсқасы). Астана, 2015. 36 б.). Бағдарламаға бұрынғы вице-министр Е.Н.Иманғалиевтен бас­тап, біраз лауазымды тұлғалар қол қойып мақұлдаған. Бағдарлама авторлары да, оны мақұлдап қол қоюшылар да, мұғалімдерге арналған жалпы педагогикалық, әдістемелік бағдарлама жасау мен мектепте оқытылатын пәннің мазмұнын анықтайтын бағыт арасындағы айырмашылықтың бар екенін ескермегендігі көрініп тұр. Бұл «жаңартылған» бағдар­лама оқу жүйесін ұйым­да­с­тыру­дың жалпы педагоги­ка­лық мә­селелері болып шыққан. Бағ­дарлама мәтінінде, қазіргі кезде мек­теп мұғалімдеріне жаппай насихатталып жатқан, мәсе­лен, топпен жұмыс істеу, сыни тұрғыдан ойлау, ақпарат көздерінен деректерді іздестіру, жетекшілік қасиеттерін көр­сету, коммуникативтік дағдылар­ды дамыту, шығармашылық және жобалық жұмыстарын ұйым­дастыру, т.б. негіз етіп көрсетілген. Олар туралы бағ­дарламаның әрбір бөлімінде айтылады және кейбіреулері бір бөлімнің ішінде бірнеше реттен қайталанып та жатады. Яғни, бағдарламада оқу­шы «Не білу керек?» дегенге қарағанда «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтың жауабына көбірек маңыз беруге тырысқан. Жаңа бағдарламамен танысу барысында белгілі болғаны, авторлар бастауыш мектепте математиканы оқытуға байланыс­ты ғасырлар бойы жинақталған тәжірибе атымен болмаған етіп көрсетуге барынша тырысқан. Бәрі нөлден басталып жатқан сияқты сыңай танытқан. Бағдарламада бастауышта мате­матика пәнін оқытудағы мате­­матикалық түсініктер­ді қалып­тастыру, ережелер мен заң­ды­лық­тарды игерудің әдіс-тәсілдері, есеп шығаруға үй­рету, жаттығулар және тапсырмаларды орындау, т.б. негізгі әдістемелік мәселелер туралы ештеңе аталмаған. Оқу бағдарламаларының мазмұнын­да мектепте міндетті түрде өтілу­ге (оқушылар білуге) тиісті ма­те­риалдардың қажетті және жеткілікті тізімі көрсетілуі керек еді. Ал бұл бағдарламада бас­тауыш мектептегі «Математика» пәнінің мазмұны тіптен ашыл­маған. Барлық бастауыш мектеп математика пәнінің маз­­мұ­ны ширек беттік кесте түрінде көрсетіледі. Ол кестені ашып жаза­тын болсақ, онда оған бүкіл мек­­теп математика курсының оқу маз­мұнын сыйдыруға да болады. Осы жаңартылған бағдар­ламаның «Оқу мазмұнынан» бас­тауыш мектепте қандай материал­дар оқытылуы керек екендігі туралы толық мәлімет ала алмасақ, «Оқу мақсаттары жүйесімен» танысқанда, бұрынғымен са­лыстыр­ғанда ешқандай өзгеріс жоқ екен­дігіне көз жеткіздік. Өзгеріс, тек бастауышқа «жай бөлшек» пен «пайыз» ұғымдарын енгізу және бұрын 5-6 сынып­тарда өтілетін кейбір геометрия және алгебра материалдарын ешбір негіздемесіз төменгі сыныпта оқыту үшін көші­ріле салған сияқты. Демек, «Жаңартылған» оқу бағдар­ламасы қазіргі қолданыста жүр­ген бағдарламадан түпкі­лікті айырмашылығы болмаса, еш­қандай жаңа мазмұн ұсы­нылмаса, «Жаңа мазмұнға» көшіп жатырмыз деп айтуға негіз бар ма? Бағ­дарламаны жасаушылардың үл­кен жетістік ретінде көрсеткісі келетіні «Оқу мақсаттары жүйесі» болса керек. «Оқу мазмұнына» сай мақсаттарды анықтау – бұл әдістемелік мәселе. Ондай мақ­сат­тарды мұғалімдер әр сабақ сайын өздері-ақ жоспарлап жүр. Ал бағдарламаның сол «Оқу мақсаттар жүйесінің» ішінде «сөз саптауы» келіспей тұрған­да­ры да, оқыту мақсат па, әлде әдістемелік ұсыныс па, жат­ты­ғулар мен тапсырмалар ма – мұны ажырата алмайтындары да баршылық. Бірізділік пен са­бақтастық та сақталмаған. Мына төмендегі мақсаттар жүйесі­нің тұжырымдалуынан қандай нә­ти­жеге жетуге болатынын ойланып көріңізші: «1.4.1. 9 Қосынды мен қалдықты табуға берілген есеп­тер­ді талдау және шығару, санды деректер бойынша және оған кері есеп құрастыру», «2.3.2.1 Гео­метриялық фигуралардың тізбегін құру», «2.4.1.1 100-ге дейінгі сан­дардың графикалық моделін құру және жазу», «3.3.10.10 Үшбұ­рыш­тың периметрі (Р = a+b+c), есептер шешу үшін шамалар арасындағы қатынасты формулалар көмегімен (S=a×b), (P=(a+b) )×2) көрсету», «4.4.1.3 Тиісті терминдерді пайдаланып есептерді шығару әдісін түсіндіру», «4.1.2.9 Санды қосындының мәніне бөлуді білу», – осылай соза беруге болады. Бағдарлама бойынша «Оқу мақсаттар жүйесі» негізінде «Ұзақ­ мерзімді жоспар» түзіледі (бұл­ да әдістемелік мәселе). Біз мұны­ «ұзақ мерзімді жоспар» деп ата­май-ақ, жылдық немесе жар­тыжыл­дық жос­­пар деп жүр­міз. Мұн­дай жоспарды да әр­бір мұғалім «Оқу мазмұнына» сай өздері-ақ жасап алады. «Жа­ңар­тылған» бағдар­ла­ма­ның «Ұзақ мерзімді жоспары» оқу мақ­сат­тарын басқаша ретпен қайта орналастыру ғана болып шыққан да, әрбір тақырып бірінен кейін бірі туындайтын бірізділік пен өзара сабақтастық сақталмаған. Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің 2012 жылғы 25 маусымдағы №832 қаулысына сәйкес «Мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарындағы» №10 «Шетелдік әріптестермен бір­лесіп, кіріктірілген білім беру бағдарламаларын (оқу бағдар­ла­малары, ұзақ мерзімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді оқу жос­парлары, мұғалім­дерге арналған нұсқаулықтар, сынақтан өткізу, мұғалімдерді әдістемелік қолдау) әзірлеу. НЗМ тәжірибелерін елі­міздегі 35 жалпы білім бере­тін мектепке енгізу» туралы іс-шараға 7 548,1 млн. теңге жұмсал­ға­нын ескеретін болсақ, бұл «Жаңартылған» бағдарламаның шын мәнінде құнды екеніне көз жеткізу­ге болады. Министрлік алда атал­ған бағдарламаның қалай орындалғаны, оған бөлінген қаржының игерілу барысындағы нәтижесі туралы ләм-мим демей-ақ, жаңа бағдарламаны қабылдап жіберді. Бұл оларға түсінікті болғанымен, бізге түсініксіз болып тұр. Бағдарламаны бекітуге келі­сім берген лауазым иелері, білімді оқушыға жеткізудің, үйретудің әдіс-тәсілдерін, дағды мен құзырет беру компоненттерін күшейтуді де «оқу мазмұнын жаңарту» деп түсінетін болса керек. Ал бұл педагогикалық және әдістемелік мәселелер мұғалімнің біліктілігі мен шеберлігіне байланысты шешіледі. Мектеп мұғалімдері үшін қазіргі кезде оқытудың бүкіл әдістемесі – сындарлы оқыту немесе Кембридж тәсілі болып қалған сияқты. Кембридж тәсілі бізге таңсық емес екендігі туралы өз пікірімізді білдіргенбіз («Егемен Қазақстан» (19.03.14), «Айқын» (24.09.14)). Бірақ бір кереметі сол, пікірлерімізге құзырлы ұжымдар не айтып тұрсың демеді-ау. Керісінше, «идея» тереңдей түсуде. Міне, қараңыз, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орта­лығының Əдістемелік кеңесі ұсынған бағдарлама жарияланды. Бір кереметі, мұнда да, бастауыш мектепте оқыту тәжірибесі бізде бұрын тіптен болмағандай етіп көрсетуге барынша тырысып-ақ баққан. Бағдарламада пайдалануға ұсынылған әдебиеттер тек қана ағылшын тілінде. НЗМ ғалым­дары бағдарлама мәтінін қазақ­шаға аударып жазуға шамалары келмегені былай тұрсын, баста­уыш мектепте оқытуға байланыс­ты өзіміздегі бар әдебиеттерді қосып қоя салуды да ойламапты. Керек десеңіз, 30 қанатқақты мектеп­­ке арналған оқулықтар да тізімде жоқ! Мұғалімдер оқулықсыз қалайша даярлықтан өтті екен деп таңғаласың. Мектепке ұсынылып жатқан осы оқу бағдарламалары Қазақ­стан Республикасы Үкі­метінің 2015 жылғы 25 сәуірін­дегі №327 қаулысымен енгі­зілген «Бастауыш білім беру­дің мемлекеттік жалпы­ға мін­детті стандарты» негі­зінде жасалған. Стандарттағы басқа пәндер туралы пікір айта алмаймын, ал математика пәніне байланысты «санның бөлшегі», «бірдей дәрежелі бөлшектерді қосу және азайту қағидаларын» біледі, «заттарды олардың белгілері мен кеңістіктегі орналасуына қарай сыныптауышын жинақтайды» (14-бап), «есептер шығарудың жалпы амалдарын, өлшем және есептеу дағдылары негізінде логикалық пайымдаулар түзе білу машықтарын дамытуға»; (37-бап) деген сияқты түсінік­сіз сөздер мен сөз тіркестерін мемлекет тарапынан бекітілген құжаттан көргенде ұялады екенсің. Бекітілген бұл құжат бастауыш мектеп білім беру стандарты бола тұра, бастауышта оқыту ерекшеліктеріне лайық­талған жалпы мақсаттар да тұжы­рымдалмаған. Стандартта бастауыш мектеп білім мазмұнына қойылатын талаптар да ай­қын көрсетілмеген. Мәселен, бағдар­ламаның 37-бабында жазылғандарды басшылыққа ала отырып бастауышта оқы­тылатын математика пәнінің білім мазмұнын анықтау тіптен мүмкін емес. Стандартта оқу­шыларды тәрбиелеу де көмескі көрініс тапқан. Мектепте және мектептен тыс жұмыстарда жүргізілетін тәрбие туралы стандартта ешқандай мағлұмат жоқ. 6-баптың 3-тармағында «сабақтан тыс іс-әрекет» деген түсініксіз ұғымға «түсініктеме» беруге тырысқанымен, оның мазмұны стандарттың ешбір бабында нақтыланбаған. Жалпы, осы 6-баптағы «анықтамалар» ешқандай логикалық талаптарға жауап бермейді. Стандарттағы формативті және ішкі жиынтық бағалаудың анықтамаларын оқып, мына айтып тұрғандары өзіміздің күн­делікті бағалау мен тақы­рып­тық бағалау екен ғой деп көңілің көн­шіп қалады. Бірақ өзіміздегі күн­делікті жұмыс тәжірибемізде барды басқа сөзбен атағаннан стандарт жап-жаңа болып қалмақ па? Қазіргі кезде осы сарынмен негізгі және орта жалпы білім стандарттары дайындалыпты. Олардың мазмұнында кейбір баптарды бір бөлімнен екіншісіне ауыс­ты­рып қойғаны болмаса, негізгі мәтін бастауыш мектеп стандарты­мен пара-пар сияқты. Жаңалығы «Бастауыш» дегенді «негізгі» немесе «орта» деп алмастырғаны ғана. Міне, осы айтылған мәселе­лерді құзырлы ұйымдар назарға алып, түзету шараларын жүргіз­бесе, онда келешекте сапалы білім беру туралы мәселе көтеру қиын болайын деп тұр. Досымхан РАХЫМБЕК, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Оңтүстік Қазақстан облыстық математика мұғалімдері мен оқытушылары қауымдастығының төрағасы ШЫМКЕНТ