14 Маусым, 2016

Тарихымен түлеген өңір

530 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
 ЮНЕСКО 2016 жылды Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жариялағаны белгілі. Бүкіл әлем халқы осылайша құрметтеп жатқан кезде қазақтың дәстүрлі мұсылман дінінің негізін қалаған ұлы бабамыздың басына барып, мұндағы жағдаймен танысу мақсатында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістан жеріне арнайы сапар­лап қайттық. Түркістан ХІV-ХVІІІ ға­сыр­ларда Қазақ хандығының астанасы болған, тарихы тым тереңге кеткен әйгілі қала. Оның үстіне мұнда Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы Бө­ген­бай батыр секілді атақты ба­ба­ларымыздың сүйегі жатыр. Пойыздан түсіп, қонақүйді бетке алып келе жатқанымызда машина рөлінде отырған жүргізуші жігіт елі­міз тәуелсіздікке ие болғаннан бері қаланың қарқынды түрде дамып келе жатқандығын айтып өтті. Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын бұл қалада 80 мыңнан астам адам өмір сүрсе, қазір олардың саны 250 мыңнан асып жығылған екен. Қаланың дамуына 1991 жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұ­ра­­жайының ашылуы, мұнан кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы ха­лықаралық университеттің бой көтеруі жағымды ықпал еткен секілді. Өйткені, сол кез­дер­ден бастап қалаға туристер ерек­­­ше ағылып келе бастаған. Түркістан туристер мен студенттер қаласына айналған. Сон­да ойлап қарасаңыз, осыдан мың жылдай уақыт бұрын өмір сүрген бабамыздың қасиетті есімі мен оның басына тұрғызылған тарихи ескерткіштердің өзі бү­гінгі ұрпақтарының тұрмыс-тір­шілігіне айтарлықтай әсер етіп отырғандығын байқауға болады. Түркістан қаласына келген адам Қожа Ахмет Ясауи ке­се­несіне бармас бұрын бірінші кезекте оның ұстазы Арыстан баб басына барып тәу етуі қажет екен. Мұны Қожа Ахметтің өзі ұр­пақтарына өсиеттеп айтып кетіпті. Сондықтан қонақүйге келіп орналасқаннан кейін ер­теңін­де таң атысымен қаладан 60-70 шақырым жерде орналасқан Арыстан баб кесенесіне қарай аттанып кеттік. Тарихи деректерге қарағанда, Арыстан баб ХІІ ғасырда өмір сүрген көрінеді. Аңыз бойынша, Арыстан баб Мұхаммед пай­ғамбардың елшісі болған десе-ді. Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған кезде бір құрма ыдыс­тан қайта-қайта құлай береді. Сол кезде пайғамбар «Бұл құрма Сізден 400 жыл кейін туылатын мұсылман бала Ахметке тиесілі», деген ішкі дауысты ес­тиді. Пайғам­бар шәкірттерінен құрманы иесіне кім жеткізе ала­тындығын сұрайды. Ешкім жауап бермейді. Пайғамбар сұрағын екінші рет қойғанда, Арыстан баб «Егер Сіз Алла тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз, мен бұл құрманы иесіне жеткізер едім», дейді. Халық аңыздарына және жазба деректерге қарағанда, Арыстан баб Ахмет Ясауиге құр­маны жеткізеді және оның ұстазы болады. Қожа Ахмет Ясауидің Арыстан бабты ерекше құрмет тұтуының бір сыры осында жатса керек. Арыстан баб кесенесінде бол­ғанымызда, мұнда келушілер қарасының мол екендігін бай­қадық. Бұл кесене Арыстан баб қабірінің басына салынған. Ол дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Деректерге қарағанда, қабір ба­сындағы алғашқы белгілер ХІІ ғасырларда салынса, ХІV ға­сырда қайта жөндеуден өткізіліп кеңейтіледі. Дәліз қақпа маң­дай­шасына мәрмәр тақта қаланып, оның бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілуі осы тарихи деректі білдірсе керек. Дегенмен, ХХ ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күй­діріл­ген кірпішті пайдалана отырып, кесене қайтадан көтеріледі. Жалпы, деректерге қарағанда, кесене әр ғасырларда жөндеуден өткізіліп отырған секілді. Ел тә­уелсіздігі жылдарында Арыс­тан бабтың басына тәу етіп ке­лушілердің көбеюіне байланысты оның айналасы гүлдене түскен. Маңайынан көптеген шағын қо­нақ­үйлер, дәмхана­лар мен дүкендер ашылыпты. Ке­сененің басы да ретке келтірілген. Сондай-ақ, кесенеден әудем жерден Асқар Құлыбаевтың демеу­шілігімен үлкен жаңа мешіт бой көтеріпті. Мешіттің айналасы толған жаңа қонақүйлер. Олардың барлығы бұл маңайға ерекше көрік беріп тұр. Қонақ­үйлер қарасының көптігіне қа­рап, мұнда күн сайын еліміздің әр түкпірінен, шетелдерден туристердің ағылып келетінін байқауға болады. Баба басына барып Құран оқытып, садақамызды бергеннен кейін жаңа мешітке де кіріп шықтық. Мешіттің бас имамы Ергөбей Мақсат қажы бұл Құдайға құлшылық ету орнының үш жыл салынып, 2011 жылы 20 мамырда ашылғандығын, қасынан шәкірттер оқытатын медресенің, қонақүйдің қоса салынғандығын айтып берді. Мешіт күмбезінің биіктігі – 24 метр, мұнарасының биіктігі – 33 метр. Көлемі едәуір жерді алып жатыр. Медреседе бұл күндері 16 шәкірт білім алуда екен. Арыстан баб кесенесінен қа­лаға қайта оралып кіре бер­генімізде, тағы да халық көп шоғырланған қасиетті мекенге тап болдық. Бұл жерде де бірнеше автобустармен келген туристерді көрдік. Аңызда Қожа Ахмет Ясауидің қызы деп айтылатын Гауһар ана зираты осы екен. Басына жақсы мазар тұрғызылыпты. Мазарға кіргенімізде ақсақал адам амандасып, келген себебімізді білген соң, Гауһар ана рухына бағыштап Құран оқып берді. Ақсақалдың бізге айтқан әңгімесі қызық. Ертеректе еңбекпен түзету коло­ниясындағы мектепте директор болып жұмыс істеген. Мұнан кейін қатты ауруға шалдыққан. Бауыр ісігі. Бұл аурудан жазылып кету көп пенденің пешенесіне жазылмаған. Ақсақал осы аурудан жазылыпты. Өйткені, түнде ұйықтап жатқанда түсінде аян беріледі. Оянғаннан кейін есінен бір сөз шықпай қояды. «Салу керек» деген сөз. Нені салу керек? Өзі де білмейді. Сөйтіп жүргенде Гауһар ана зиратының басын мал таптап жатқандығын көреді. Маған берілген аян осы шығар деп баласының үйін сатып, осы қаржымен зираттың айналасын қоршап, басына шағын мазар тұрғызады. Бұл әрекетін Алла қабыл қылса керек, ауруынан құлан-таза айығып кетеді. Содан бастап Нұрғали Алдабергенұлы ақсақал осы кесене басында келушілерді қабылдап, шама-шарқынша келу­шілерге қолғабысын тигізеді, қа­ра­уылдық қызмет жасайды. Қазір жасы 80-ге таяса да тың екен. Ол кісі бізге тәуелсіздік жыл­­­да­ры бұл мазардың Мәдениет ми­нистрлігінің қаржысымен қайта тұрғызылғандығын айтып берді. Ертеңінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бардық. Ол ЮНЕСКО-ның әлемдік мұрасының тізіміне енгізілген екен. ХІІ ғасырда өмір сүрген, бүкіл Шығыс халықтарына аты әйгілі көне түркі ақыны, дәс­­түрлі дініміздің негізін қа­лаушы Қожа Ахмет Ясауи­дің басындағы бұл кесене атақ­ты қол­басшы Әмір Темірдің жар­­­лы­ғымен тұрғызылған. Ғи­мараттың кіреберіс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынандай сөздерді оқуға болады: «Бұл әулие мекен Алла тағаланың рақымы жауған падиша Әмір Темір көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды... Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!». Осы жазуларды оқығанда падишаның әмірі емес, артында қалдырған осындай игілікті мұрасының ғасырлар бойы жасап келе жатқандығына тәнті болады екенсің. Мұнда қорық-мұражайдың алып жатқан жер көлемі 90 гектар мөлшерінде. Қорық-мұражай Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жерасты мешіті, ХІІ ғ.), сегіз қырлы кесене (ХІV-ХVІ ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (ХV ғ.), Шығыс моншасы (ХVІ-ХVІІ ғ.ғ.), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті, тағы басқа да археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. Осының ішінде Ахмет Ясауи ескерткіші – Орта Азия мен Қазақстандағы біздің зама­нымызға дейін сақталған ең зәу­лім күмбезді, қыштан соғылған ғимарат болып табылады. Оның көлденеңі – 46,5 метр, ұзындығы – 62,5 метр, кесене ішінде үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлме бар. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әртүрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатыр. Солардың үлкендері Қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, Мешіт деп аталады. Кезінде атауларына сай келушілерге түрлі қызметтер көрсеткендігі байқалып тұр. Мұражай кешенін асықпай бір күн араладық. Кесененің ішін­де жоғарыда айтып кеткен қазақтың атақты хандары мен батырлары, билерінің басында болып тәу еттік. Келуші халықтың барлығы Қожа Ахмет Ясауи баба­мызға, басқа да осында жерленген аруақты ерлерімізге арнап Құран оқытып жатты. Солардың сапына қосылдық. Орталық Қазандық залында орналасқан Тайқазанды көрдік. Пайғамбар жасына келгеннен кейін Қожа Ахметтің жер астына түсіп өмір сүрген, еңбектерін жазған орынды тамашаладық. Мұражай қа­­раушысы Ардақ Бейсенова қарындасымыз біздің арнайы келген журналист екенімізді білген соң ықылас танытып, кезінде, яғни осыдан қаншама ғасырлар бұрын бабамыздың өзі су ішкен құдықтан су әперді. Су сондай таза әрі дәмді екен. Оны рахаттанып тұрып іштік. Қарындасымызға рахметімізді жаудырдық. Келесі күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық университетте болдық. Елбасы шешімімен қазақ пен түрік халықтарының бауырлас­тық ынтымағының нәтижесінде ашылған университет 300 гектар аумаққа орналасқан екен. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, Алматыдағы Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті 80 гектар аумаққа ор­наласқан. Сонда халықаралық университеттің қаншама жерді алып жатқандығын өзіңіз шамалай беріңіз. Мұның 100 гектарына ботаникалық бақ өсіріліпті. Мұндай бақ әзірге Астанадағы Назарбаев Университетте ғана бар. Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің ұйымдастыру және әлеуметтік-мәдени істер жөніндегі вице-президенті Бақыт­жан Мұхамеджанов бізге бұл халықаралық орынның жедел салынуына екі ел ынты­мақтастығының жағымды әсер етіп отырғандығын айтып берді. Түрік ағайындардың құрылыс саласын жақсы мең­гергендігі белгілі. Универ­ситеттің әсем болып салынуына осы жағдайдың пайдасы көп тиген секілді. Түрік жағы бастапқы кезде университет құрылысына 200 миллион доллар қайтарымсыз инвестиция салыпты. Бүгінгі күні бұл университетте 5 мыңдай студент квота бо­йынша оқытылады екен. Жалпы, университеттегі студенттердің саны 25 мыңға жуықтаған. Соның 8 мыңы осы Түркістан қаласында оқытылады екен. Университет бүгінгі күндері түркітілдес халықтардың ба­уыр­­­ластығы негізінде дамып келеді. Мұнда Қазақстан мен Түркияның ғана емес, соны­­­мен қатар, Ресейдегі түркітіл­дес халықтардың жастары да оқы­тылуда. Қазақстан тарабы жы­лына 200 орынға квота беріп отырады. Университетте болып, оның оқу корпустарын, медициналық факультеті мен жеке емханасын, мәдениет сарайын аралап, осында өтіп жатқан түрлі жиындарға қатысқанымызда студенттердің белсенділігін байқап, жағымды әсер алдық. Зікірия Жандарбек, Сапарбек Ергөбеков, Мырзахмет Балаубеков секілді оқытушы ғалымдармен кездесіп, ел мен жер тарихы туралы әңгіме-дүкен құрдық. Осындай әңгімелесу нәтижесінде ясауитанушы ғалым Зікірия Жандарбекпен жаса­ған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз және оның тарихи мұралары ту­ралы «Түркі руханиятының темірқазығы» деген сұхбатымыз осыдан біраз бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып, оқырмандардың лайықты бағасына ие болды. Ол сұхбатты бірқатар облыстық газеттердің орыс тіліне аударып, жариялап жатқандығын естіп жатырмыз. Сонымен, қасиетті Түркістан жерінде өткен үш-төрт күндік сапарымыз мәнділігімен есте қалды. Имандылыққа бет бұрған, базарларында темекі тартылмайтын, арақ-шараптан арылу үстіндегі түркістандықтар бойы­нан ізеттілікті, сыпайылық пен қонақжайлықты аңғарып, риза болып қайттық.  Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА – ТҮРКІСТАН – АСТАНА
Соңғы жаңалықтар