15 Маусым, 2016

Қазақстан бастамаларының қашанда маңызы зор

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
004-113-14 маусымда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қатысушы елдердің мерейтойлы министрлік кездесуіне қатысу үшін Австрияға жұмыс сапарын жасады. Министрлік кездесуінің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы бұл шараның ЯСЖТШ-ға қол қойылуының 20 жылдығы мен Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығы өткізіліп отырғанын атап өте келіп, осы екі маңызды жайттың бір-біріне тығыз қатысы бар екенін атады. Әлемдегі ең ірі сынақ полигонын жаба отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде ядролық сынақтарға тыйым салған алғашқы мемлекет қайраткері болғанын атап көрсетті. Қазақстан Президентінің 1991 жылдың 29 тамызындағы тарихи Жарлығы ЯСЖТШ-ны үйлестіруге іс жүзінде жол ашты. Қазақстан бастамасымен бұл дата БҰҰ-да Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтіледі. Осыған орай Е.Ыдырысов кездесуге қатысушыларды үстіміздегі жылғы 29 тамызда Астанада «Ядролық қарусыз әлем құрайық» атты халықаралық конференция өтетінінен хабардар етті. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшысының пайымынша, бұл шара әлемдік саясаткерлердің, парламентшілердің, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің күш-жігерін осы бағытта үйлестіре түсуге мүмкіндік бермек. Өзінің сөзінде Е.Ыдырысов халықаралық қоғамдастықты Қазақстан басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты жаһандық манифесін қолдауға шақырды. Бұл құжат дүниежүзі елдерін 2045 жылға қарай, яғни БҰҰ құрылуының 100 жылдығы ядролық қарудан азат және соғыстан тыс әлем құруға үндейді. Министрлік кездесуі шеңберінде Е.Ыдыры­сов Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіп­сіздік саясаты мәселелері жөніндегі Жоғар­ғы өкілі Федерико Могеринимен бірге ЯСЖТШ-ның же­дел күшіне енуі бойынша күш-жігерге ар­нал­ған дөңгелек үстелдің модераторлары болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі ЕО-ның Жоғарғы өкілімен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде 2015 жылдың желтоқсанында қол қойылған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Ілгерілетілген әріптестік туралы келісімді жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сол күні Е.Ыдырысов антиядролық тақы­рып­тағы суреттер көрмесіне қатысты. Көрме БҰҰ-ның Вена қаласындағы бөлімшесі ғимара­тында ашылған еді. Шараға қатысушылар қата­рын­да белгілі қазақстандық суретші, АТОМ Жо­ба­сының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков те болды. Е.Ыдырысовтың Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Юкия Аманомен кездесуінде тараптар ынтымақтастықтың практикалық қырларын, оның ішінде Қазақстанда Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Аталған банкті Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының алаңында құру туралы келісімге 2015 жылғы 27 тамызда Астанада қол қойылғаны белгілі. Бұдан бөлек, сұхбаттастар Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен кең ауқымды іс-қимыл жоспарының іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ, Е.Ыдырысовтың Австрия Сыртқы істер министрі Себастьян Курцпен екіжақты ынтымақтастықтың көкейкесті мәселелері мен халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимылы жайына арналған келіссөзі болып өтті. Бұл жерде ресми Венаның 2017 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына алдағы төрағалығына қатысты жайттар да сөз болды. ЯСЖТШ алаңдарындағы министрлік конференциясында Е.Ыдырысов швециялық, бельгиялық, украиналық, чехиялық, слова­кия­лық және жапониялық әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулерде Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасы мәселесі талқыланды. Сөз ретінде айта кетсек, ЯСЖТШ 1996 жылғы 10 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-ші сессиясында қабылданған еді. Күні бүгінге дейін оған әлемнің 183 мемлекеті, оның ішінде Қазақстанда бар, қол қойды. Шарттың күшіне енуі үшін оны тағы сегіз мемлекет қол қойып бекітіп, ратификациялауы тиіс. Бұл мемлекеттердің арасында Солтүстік Корея, Үндістан, Пәкістан, Иран, Израиль, Мысыр, Қытай, АҚШ сияқты ядролық қаруға ие және соған ұмтылып отырған елдер де бар. Қазақстанның ЯСЖТШ-ға қатысты министрлік кездесуіне Жапониямен бірге аталған мәселеге арналған ЯСЖТШ XIV бабы бойынша конференциясының тең төрағасы болып табылатынына байланысты қатысуының маңызы арта түседі. Сәулебек БІРЖАН